• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2021

Текелінің граниті: тас та табыс көзі

471 рет
көрсетілді

Өткен 8 ай ішінде Алматы облысындағы өндірістің табысы едәуір артқан екен.

Яғни өңірдегі қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,4 пайызға жетіп отыр. Ал аймақ экономикасына 370 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 2,3 пайызды құрады. Соның ішінде өңдеу секторына құйылған қаржы көлемі 40,5 млрд теңге шамасында болып, көрсеткіш 124,5 пайыздан асқан. Мұнан бөлек облыс экономикасының қозғаушы күші болып саналатын өнеркәсіп өсімінің көлемі 13,8 пайызға, ауыл шаруашылығындағы өсім 1,1 пайызға, сауда-саттықтан түскен табыс 20 пайызға және құрылыс саласындағы өсім 16,6 пайызға артқан көрінеді.

Әрине, өңір экономикасының бұлайша қарқынды дамуына аймақтағы ірілі-ұсақты өндірістің іркіліссіз жұмыс істеуі мүмкін­дік беріп отырғаны анық. Мәселен, Текелі қала­сының өзінде бұл бағытта елеулі іс атқа­рылуда. Қазір шағын қала 1 411 кәсіпорын жұмыс істеп, өнеркәсіп орындары мен ша­руа қожалықтарында шағын және орта биз­несте 4 мыңдай адам еңбек етеді екен. Сол іргелі кәсіпорындар қатарында «Текелі гранит» компаниясы да бар. Бұл нысанның отандық нарықта жүргеніне 15 жылдан асты. Табиғи тастарды өңдеуге, гранит пен мәрмәрдан бұйымдар жасауға маманданған кәсіпорын құрылыс материалдарын өндіру ісіне де елеулі үлес қосып келеді. «Текелі Гранит» ЖШС заманауи технологиямен экологиялық талаптарға сай жұмыс істейді. Мұнда қолданылатын италиялық құрал-жаб­дықтар мен материалдар өнім сапасының халықаралық стандарттарға сай болуына мүмкіндік береді.

Бүгінде өнеркәсіп алаңында өнімнің 35 түрі шығарылады. Атап айтқанда, модульді және жылтыратылған плиткалар, брусчатканың бірнеше түрі, жол жиектастары, баспалдақтар, түрлі сәулеттік пішіндер, соның ішінде субұрқақтар және басқа да көптеген бұйым бар. Зауыттың қуаты 24 мың шаршы метр гранит бұйымдарын, 20 мың шаршы метр жол жиектасын, 40 мың шаршы метр жиектас өндіруге қауқарлы. Ал «Текелі гранит» өндіретін өнімдер аймақта ғана емес, тұтас елімізде үлкен сұранысқа ие.

– Біз ай сайын 2500 шаршы модульдік плита шығара аламыз. Түрлі түстегі және түрлі көлемдегі өнімдерді өндіруге қажетті шикізатты Қапал-Арасан, Күрті, Қордай, Желтау аймақтарынан жеткіземіз. Біз үшін ең маңыздысы – өнімдеріміздің сапасы. Сон­дықтан бастапқы материалға ерекше мән береміз. Біздің граниттік жылтыратылған бұйымдарымыз облыс орталығындағы орта­­­лық алаңды абаттандыру кезінде, Алма­ты қаласының 2 жол айырығының құ­­ры­­­­­лысында, астанадағы Сулы-жасыл буль­­­­варды абаттандыру барысында қол­да­­ныл­ды. Өндіріс процесінде бірінші кезек­­те тұты­нушылардың сұранысын қанағаттан­дыра­мыз, дайындалатын өнімнің түсі мен фор­масы соған байла­нысты. Заманауи және эко­ло­гиялық талаптарға сәйкес болуы біздің өнім­деріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, одан әрі дамуымызға мүмкіндік береді, – дейді «Текелі гранит» ЖШС Владимир Стрельцов.

Бүгінде кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 150 мың теңге шамасында. Мұндағы қызметкерлер коронавирус инфекциясына қарсы екпені алғашқылардың бірі болып салғызған. Бұл өз қауіпсіздігіміз үшін қажет дейді олар. Алдағы жоспарлары туралы айта келе кәсіпорын басшысы:

– Жаңа технологиялардың көмегімен өндіріс көлемін арттырып, нарықтағы орнымызды нықтай түссек дейміз. Қаланың өндірістік секторын дамыту үшін жас мамандарды тартуға ниеттіміз. Мемлекет жасаған жағдай арқылы кәсіпкерлер өз ісін ашып, қалаған салада бизнесін жүргізуге мүмкіндігі бар. Бұл табысыңды арттыруға ғана емес, кәсіби жағынан өсуге, өз-өзіңді жетілдіруге ықпал етеді. Бұл ел тәуелсіздігінің ең үлкен жетістіктерінің бірі деп есептеймін, – дейді В.Стрельцов.