• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2021

Жел электр стансасы салынуда

451 рет
көрсетілді

Сарқан ауданының аумағында қуаты 50 МВт бола­тын жел электр стансасы салынуда. Бұл Алматы об­лысында «жасыл» энергети­каны одан әрі дамытуға және жергілікті жерде өндірілетін электр энергиясы көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

Сарқан ауданындағы Лепсі ауы­лы маңына салына бастаған жел электр стансасы қазіргі кезде аудан аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі болып отыр. Іс басындағы «Абай-2 ЖЭС» ЖШС өкілдері құрылыс жұмыстарын 2019 жылы бастаған, 2022 жылы аяқталады деп жоспарлап отыр. Маңызды нысанға ең алдымен жол тартылып, қазір мамандар қондырғылардың іргетасын құюда. Құрылыс алаңында жүзге тарта адам жұмыс істейді.

– Бұл – қуаты 50 МВт-тан асатын жаңа станса болайын деп тұр. Жыл соңына дейін алғашқы 6 жел қон­дырғысы орнатылып, іске қосы­лады. Желден қуат жинайтын станса Лепсі ауылынан 80 шақырым жер­дегі жазықта орналасқан. Онда әрқай­сысының қуаты 3,2 МВт болатын 16 жел қондырғысы болады, баға­налардың биіктігі 100 метрге, жел дөңгелектері қалақтарының биіктігі 70 метрге жетеді. Нысанның салынуы арқылы ауданға 19,3 млрд теңге инвестиция тартылды, – дейді аудан әкімі Талғат Қайнарбеков.

Жалпы, бүгінде Жетісу айма­ғын­да жаңартылған энергия көзін өнді­ретін 31 нысан болса, олардың жалпы қуаты 317,67 МВт шамасында екен. Оның ішінде 18 су электр стан­сасы, 7 жел электр стансасы жә­не 6 күн электр стансасы бар.

 

Алматы облысы