• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 20 Қазан, 2021

Нұрсұлу Тапалованы тануға жасалған тың қадам

1066 рет
көрсетілді

Өнердің қай саласында болсын өзіндік нақышы мен мәнері қалыптасқан, арғы бас­тауында, өткенінде бүгінгі ізбасар ұрпақ ұстаз ретінде ауыз толтыра айтатын көрнекті тұлғалары бар Маңғыстауда би өнері қалай дамыды? Аталған бекзат өнердің киелі далада негізін қалаған алғашқы қарлығаштары кім? Осы сұрақ ауыл топырағында туып-өсіп, өзін өзі би қанатында жетілдірген, бүгін­де қазақтың би өнерін заманауи деңгейге көтеремін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей ізденіп, өткен мен бүгінді сабақтастыра ертеңге жолдауды мақсат еткен кәсіби биші, талантты шәкірттердің қанатын қатайтып, томағасын сыпырған жаңашыл ұстаз, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының балетмейстері Серік Сариевті мазалағалы аз уақыт болған жоқ.

Қандай қиын іске де тәуекел етуден қорықпайтын, керісінше ұлт руханиятын түгендеу жолында қандай қиындықтарға да белсеніп, білек сыбана кірісіп кететін С.Сариев көп ұзамай ізденісті бастап, Маңғыстаудағы би өнерінің тарихын зерделеп-зерттей келе Нұрсұлу Тапалова есі­міне кезікті. Өзі іздеген сырдың алтын жібінің шетінен осылай ұстаған биші жігіт Тапалованың өнердегі, өмірдегі тұлға­сы мен тағдырын танып-біліп, қызыға зерт­тей түсті, талай архивтердің қағазын ақта­рып, талай телевидениенің қорын қоп­сытты, шәкірттері мен туыстарын іздеп Қазақ­станның бірнеше қалаларына сапар шекті, елден тыс жерлердегі шәкірттерімен байланысқа шықты. Мұраларын іздестірді, Нұрсұлу туралы қандай да бір жылт еткен мұра мен сыбыр еткен үнді қағыс қалдырмай жинау нәтижесінде үш жыл ішінде үлкен іс тындырды.

 Ақтауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Елубайқызы Тапалованың шығармашылығына арналған «Заманмен заңғарланған Нұрсұлу» атты кең көлемді шара ұйымдастырып, Тапалованың өмірін жаңғырта баяндайтын көрікті көрме жасап, би өнерінің саңлақ мамандарын дөңгелек үстел басына жинап ой-пікірлерін, Нұрсұлу туралы естелік-баяндарын тыңдаумен бірге бірегей биші жайлы деректі фильмнің тұса­уын кесіп, жұрт назарына ұсынды.

Қазақ би тарихындағы тұңғыш балет бишісі, қазақтың ұлттық-сахналық биін насихаттаушы, киноактриса, әнші, педагог, балетмейстер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Елубайқызы 1923 жылы 13 қыркүйекте өмірге келіп, 1998 жылы қара­шада қайтыс болған.

Ойыл ауданындағы қазақ орта мектебінде білім алған Нұрсұлу 1936-1939 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры жанындағы би мектебінде оқиды. Осы өнер мектебінде оқып жүріп Қазақ академия­­лық опера және балет театрында балет әртісі ретінде сахнада өнер көрсетеді. Дариға (И.Н.Надировтың «Көктемінде»), Зарема (Б.В.Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында», 1942-1943 жылдары Г.С.Улановамен бірге), испан биі (П.И.Чайковскийдің «Ақ­қу көлінде»), т.б. балеттік партияларды би­­лейді. Сондай-ақ, ұлттық опералардағы (Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», А.Жұ­ба­нов пен Л.Хамидидің «Абайы», М.Тө­ле­баевтың «Біржан Сарасы») жеке би­лер­ді орындауымен бірден көзге түсіп, өзінің табиғи талант екенін мойындатып үлгереді. Одан әрі 1939-1941 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында балет бишісі, 1941-1945 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында биші, жауапты биші қызметтерін атқарған Н.Тапалова 1945-1953 жылдар аралығында Қазақ академиялық опера және балет театрында прима-балерина болып еңбек етіп, 1947 жылы 24 жасында «Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болады, 1947-1949 жылдары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланады. 1953 жылы «Қазақконцерттің» солисі қызметін атқарып, эстрадалық ән-би, миниатюра жанрында еңбек етіп, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады.

Өмірін өнерге арнаған ол 1975 жылға дейін сахнадан түспей «Киноконцерт», «Бе­лая роза», «Жамбыл» және т.б. киноға түседі.

Қазақ боксының атасы, атақты бапкер маңғыстаулық Шоқыр Бөлтекұлымен бас қосқан Нұрсұлу Айсұлу, Тоты атты екі қыз­дың анасы.

Н.Тапалова тағдырын зерттеп аңыздай естілетін біраз деректерге қол жеткізген С.Са­риев өз ізденісін халыққа табыстады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен бояуы қанық, мағына мен мәліметке құнарлы көрме өз қонағын Нұрсұлу Елубайқызының әлеміне сүңгіте жөнелеріне дау жоқ. Көрмеде бишіге қатысты архивтік құжаттар, әр жылдары түскен түрлі суреттері, марапаттары мен жаңартылған киім үлгілері, концерттік жарнамалары, газет қиындылары, сондай-ақ түрлі ақпараттық стендтер, бишінің жары Шоқыр Бөлтекұлының суреттері шоғырланған.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбаса­ры Г.Қалмұратова сөз алып, Н.Тапалова­ның би өнеріндегі орны туралы айта келіп, республиканың әр түкпірінен Нұрсұлу ша­расына арнайы келген қонақтарға алғы­сын айтып, шара жұмысына сәттілік тілеген дөңгелек үстелде Халық әртісі Г.Тал­пақова, Ш.Жиенқұлованың Атырау қа­ла­сынан келген шәкірті, Білім беру ісі­нің құрметті қызметкері, Мәдениет сала­сы­ның үздігі Г.Бейсенова, Мәдениет қай­рат­кері П.Омарбекова, Қазақстанның ең­бек сіңір­ген әртісі, ұлттық хореография өне­рін зерттеуші профессор Т.Ізім, Н.Та­па­лова шығармашылығын зерттеу­ші, Ақ­төбе облыстық тарихи-өлкетану музе­­йі­нің ардагері Ш.Мұқашева, Қазақ Ұлт­тық Хорео­графия Академиясының аға оқы­ту­шысы А.Садықова, Мәдениет қайраткері Г.Сағынова, Білім беру ісінің құрметті қыз­меткері А.Орынбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі, балетмейс­тер Қ.Ағымбаева, Ақтөбе облыстық тари­хи-өлкетнау музейінің экскурсиялық-бұқара­лық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі А.Сары­бай, «Заманмен заңғарланған Нұр­сұлу» жобасына үлкен қолдау беріп, бар жиған-терген ақпараттарымен бөліскен жур­налист А.Жоранов, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музе­йінің директоры Б.Рысбаева, сондай-ақ бишінің бауырлары аяулы тұлғаның өмі­рі, өнері, ұстаздық, әртістік қыры, адам­гер­шілік қасиеті туралы әңгімеледі, жадында сақталған естеліктерді жаңғыртты.

Екі жарым сағатқа созылған деректі фильм өз көрерменін көрнекті өнерпаз, саң­лақ биші, жезтаңдай әнші, аяулы ана, ұла­ғатты ұстаз, әдеміліктің символы болған Нұр­сұлу Тапаловамен жүздестіргендей. Иә, ке­йінгі ұрпақ оның мәңгі тірі рухымен жүздесті.

– Нұрсұлу Тапалова – үлкен тарихи тұл­ға, көрнекті өнер майталманы. Сондық­тан Тапалова тақырыбы зерттеген сайын берері мол тың тақырып. Тыңға түрен салған Серік Сариевке алғысымыз зор, ізденістер әлі жалғаса беретін болады, өйткені Тапалова туралы әлі де керемет естеліктер айтылып, деректер мен мәліметтер табылаты­нына сенім зор, сондай-ақ көрме мен фильм­ді еліміздің әр өңіріне танытуды жос­пар­лап отырмыз, дейді Маңғыстау облыс­тық мәдениет басқармасының басшысы П.Сармурзина.

Тапаловатанудың алғашқы шарасы сән-салтанатымен, мағына-маңызымен жоғары деңгейде өткізілді. Мың бұралған бишінің мың қатпарлы тағдыры туралы айтылатын да, жазылатын да жолдар аз емес...