Шығыс Қазақстанда мүгедек балаларға арналған паралимпиадалық спорт үйірмесі ашылды. Өскеменде тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар енді паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі – боччамен айналыса алады.
Бочча – Ежелгі Грекияда пайда болған инклюзивті ойын. Оны дене дайындығына қарамастан балалар да, ересектер де ойнайды. Айта кетсек, бұл спорт түрі церебралды сал ауруы және тірек-қимыл аппаратының зақымдануы бар адамдар үшін дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі.
Халықаралық мүгедектер күніне орайластырылған қайырымдылық айлығы аясында Өскемен қаласындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бейімделген спорт секциясы салтанатты түрде ашылды. Үйірме Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының көмегімен жұмысын бастайды. Сонымен қатар жобаға елордалық «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры үлкен үлесін қосты. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің директоры Нұргүл Үлжекованың айтуынша, Өскемен – балалардың бейімделген спортын дамытуды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаны іске асырып жатқан 15-ші қала. Бұдан былай ерекше қажеттіліктері бар балалар жүйелі түрде спортпен айналыса алады.
«Өскемен балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Ольга Батуеваның айтуынша, бочча ойыны балалардың оңалып кетуіне септігін тигізеді. Өйткені ол дене дамуы мен бұлшық етті шынықтыруға арналған.
Бочча үйірмесіне ерекше қажеттіліктері бар 10 балаға дейін тегін қатыса алады. Олардың ата-аналары бұл спорт түрі балалардың жан-жақты дамуына үлкен үлес қосатынына сенімді.
– Менің қызымның сал ауруы бар. Біз Өскемендегі арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығындағы оңалтудан 7 жылдан бері өтіп келеміз. Мұнда балалардың дамуы үшін қажетті емнің бәрін алады. Иппотерапиямен айналысады, бассейнге барады. Ал жаңа үйірмеге қатысқан балалар шынығып қана қоймайды, жарысқа қатысып жүлделі орындарға ілінуі мүмкін, – дейді Индира Секенова.
Салтанатты іс-шара соңында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының директоры Нұргүл Үлжекова мен арнайы қызмет көрсету орталығының директоры Ольга Батуева Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, орталықта жаттығу жұмыстары жөнінде келісім жасасты.
Сондай-ақ қараша айынан бастап «Саламатты болашақ» жобасы аясында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында тағы бір инклюзивті балалар спорт секциясы ашылады.