Түркістанда Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК-ның ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі «Ясауитану-2021» республикалық байқауы өтті. Жиырма төртінші рет шымылдығын түрген сайысқа еліміздің облыс, қалаларынан үздік деп танылған 30 үміткер қатысты.
Түркі халықтарының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін насихаттап, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеруге, зерттеуге ынталандыру, интеллектуалдық пайым-парасатын дамыту, кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатындағы байқауда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Е.Тәжібаев, ғалымдар М.Тұяқбаев, З.Жандарбек, қор сақтаушы Н.Әшірбекова және доцент Ө.Малдыбеков қазылық етті. Екі кезеңнен тұратын байқау барысында бас жүлдеге Түркістан облысының қатысушысы Бердібай Ерболат лайық деп танылып, 150 000 теңге арнайы жүлде және диплом табысталса, 100 мың теңге ақшалай сыйақы тағайындалған бірінші орынды Түркістан облысынан Ақжүніс Атахан, екінші орынды 75 мың теңге жүлдемен Алматы облысынан Еркеш Бердахмет және Қостанай облысынан Мөлдір Айтмұратова иеленді. Үшінші орын мен 50 мың теңге жүлде Шымкент қаласынан Аздар Аманғали және Ақтөбе облысынан Әсем Сейсеноваға, Қызылорда облысынан Гауһар Әзенге тапсырылды. Өзге де қатысушылар мен ұстаздарға арнайы ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді.
Айта кетелік, ең алғаш 1997 жылы қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Ясауитану» байқауы кейіннен облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге жетті.