Құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және жаңғырту саласындағы түйінді мәселелер «Nur Otan» партиясы Партиялық бақылау комитетінің отырысында қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасында осы жылы 200 жаңа мектеп салу және жұмыс істеп тұрған 1000 мектепті жаңғырту қарастырылған. Алайда, Партиялық бақылау комитеті мүшелерінің пікірінше, республикалық және өңірлік жол карталарының кейбір тараулары орындалмай қалуы мүмкін.
«Бұл жерде бір ғана Білім және ғылым министрлігінің жұмысы жеткіліксіз. Әкімдіктер де белсенділік танытуы тиіс. Қазір жергілікті атқарушы органдар тарапынан биыл бөлінген бюджет қаражатын игерудің қарқыны төмен екені байқалады», деді вице-министр Бибігүл Асылова.
Партияның сайлауалды уәделерінде белгіленген тағы бір маңызды міндет – денсаулық сақтау нысандарын салу және жөндеу.
Партиялық бақылау комитеті жұмыс тобының қорытындысына сәйкес, қазіргі уақытта барлық өңірлерде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салуға, күрделі жөндеуге және жаңғыртуға бөлінетін қаражатты мақсатсыз пайдалану мәселелері бар.
Осы ретте салынып және жөнделіп жатқан білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын сапасыз жоспарлау және жобалау, құрылыс сапасын тиімді бақылаудың болмауы, сметалық құнын негізсіз көтеру, орындалмаған жұмыс көлемі үшін ақы төлеу, балаларды апаттық жағдайдағы ғимараттарда оқыту және т. б. фактілер атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті Білім және Денсаулық сақтау министрліктеріне 1 желтоқсанға дейін әр өңірдегі барлық білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне толық тексеру жүргізуді, құрылысты қаржыландыру әдістемесін қайта қарауды және МЖӘ шеңберінде салынып жатқан нысандар үшін мемлекеттік үлгі стандарттар мен жобаларды бекітуді міндеттеді.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігіне 15 қарашаға дейін анықталған мәселелерді көрсете отырып, интернаттардың мониторинг нәтижелерін талдау және әкімдіктерге жіберу, осы проблемаларды шешудің нақты мерзімдері мен жолдарын қамтитын 2021-2025 жылдарға арналған интернат мекемелерін салу мен жөндеудің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу ұсынылды.
«Партияның өңірлік филалдары әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу бойынша жобалардың іске асырылуына мұқият талдау жүргізуі керек. Түрлі жөнсіздік фактілері анықталған жағдайда, кінәлі жауапты тұлғаларға – партия мүшелеріне партиялық жазалау шараларын қолдану қажет», деп түйіндеді комитет төрағасы Артур Платонов.
Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау фактілеріне жол бергені үшін «сөгіс» түріндегі партиялық жазалау шарасына Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков, Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, ал «ескерту» түріндегі жазаға Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова және Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов тартылады.
Партиялық бақылау комитеті сұратқан ресми ақпаратты уақытында ұсынбағаны үшін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Дүйсембиновке және Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұловқа «ескерту» беріледі.