Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында Үкіметке көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсыра отырып, ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажеттігін атап көрсеткендігі мәлім.
Бұл тапсырма ішкі көші-қонды реттеу арқылы жұмыс күші тапшы, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы студенттер саны аз өңірлер мен артық жұмыс күші бар, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында орын жетіспейтін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті болдырмау мақсатында 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасына да қатысты екені анық. Өйткені оның тиімділігін арттыру мәселесі қоғамда кейінгі кезде жиі талқыланып жүр.
1989 жылы жүргізілген халық санағы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының небәрі 18 пайызын қазақтар құраған екен. Ал қазір бұл көрсеткіш 35 пайыздан асыпты. Еліміз тәуелсіздігі жылдарында пайда болған осы оң үрдіс көңілге жұбаныш болғанымен, Қызылжар өңірінен өзге жақтарға көшіп кетушілер легі толастамай, облыс тұрғындарының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды.
Үкімет тарапынан атажұртқа оралған қандастар көшін солтүстікке бұру, еліміздегі жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын ерікті қоныс аудару, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстік жастарын оқуға жіберу сынды игі істер атқарылып жатқанымен, олардың нәтижелері көңіл көншітерліктей емес. Бұлардың ешқайсысы өңірдегі көші-қонның теріс сальдосын түзете алмай, облыс халқының саны былтыр тағы 5 мың адамға кеміп, биылғы жыл басында небәрі 543,6 мың адамды құрады. Жалпы, соңғы жиырма жыл ішінде солтүстікқазақстандықтардың қатары 169,9 мың адамға кеміген. Осылайша, еліміздің «солтүстік қақпасы» саналатын облыс еліміздің тұрғындары ең аз өңіріне айналып отыр.
«Серпін» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан өзге солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлердегі демографиялық ахуал да әлі оңалып кете қойған жоқ. Атап айтқанда, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары санының жылдан-жылға кему үрдісі жалғасу үстінде. Бұл өңірлерде де көшіп келушілерден гөрі көшіп кетушілер қарасы әлдеқайда көп. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысына былтыр 38051 адам көшіп келсе, көшіп кеткендер саны – 49880 адам, ал осы жөніндегі көрсеткіштер Павлодар облысы бойынша тиісінше 26103 және 30331 адам, Қостанай облысы бойынша 28260 және 33334 адам болған.
2014 жылы Петропавлға алғаш рет ат басын тіреген серпіндіктердің алғашқы легін ойсырап тұрған ортамызды толтырып, теріскей өңірге күнгейдің жылылығын ала келетін «оңтүстік қарлығаштарына» балаған едік. Олардың ортақ өтінішіне құлақ асқан Парламент Мәжілісінің депутаттары кейін Қызылорда– Петропавл бағытында жолаушылар пойызының қатынауына ұйытқы болып, жұрт оны жақсы ырыммен «Құдалар пойызы» деп атап кеткен...
Алайда арада уақыт өте келе «Серпін» бағдарламасының нәтижелілігі күмән тудыра бастады. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 17 мамырда өткізген еңбек және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жиында назар аударып, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Себебі осы әлеуметтік жоба бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тәмамдаған серпіндіктердің өздері білім алған өңірлерде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай болмай шықты. 2018 жылы жоғары оқу орындарын бітірген алғашқы түлектердің 23 пайызығана оқыған өңірлерінде жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ колледждерді тәмамдаған серпіндіктердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған.
Соның ішінде, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2018 жылы бітірген145 түлектің 24-і ғана облыс аумағындағы білім беру ұйымдарында жұмысқа орналасқан, яғни 16,5 пайызы ғана. Сол жылы колледж бітірген 113 түлектің ішінде 6 түлек қана Жайық өңірінде қалған, яғни 5 пайызы ғана.
Бұған қоса, Мәжіліс депутаттары «Серпін» әлеуметтік жобасы мен жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының мақсаты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік барлығын анықтаған. Атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары мектептерінің түлектерін басқа 9 өңірде(Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында) оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы мәз емес 4 облыс қана айқындалған.
Сол кезде Serpin.KZ сайтында: «Бүгінгі күні бұл жобаның дамуына кейбір аймақтардан қатысуға қарсылық білдірулері кедергі жасап жатқанын да айта кету керек», деп ашық жазылғандығы да бекерден-бекер емес-тін. Өйткені жұмыс күші жеткілікті, демографиялық жағдайы тәуір өңірлердің «Серпін» әлеуметтік жобасына онша ықылас танытпауын түсінуге болады. Олардың басшылары, ең алдымен, жергілікті мектептер түлектерінің алысқа кетпей, өңірдегі университеттер мен колледждерге түсіп, мамандық алуларына және кейін өздері туып-өскенөңірде жұмысқа орналасуына мүдделі екендігі кәміл.
Осыған орай, Үкімет Мәжіліс депутаттарының ұсынысына құлақ асып, «Серпін» бағдарламасына қатысатын облыстардың санын 9-дан 6-ға дейін қысқартып, жұмыс күші тапшы 4 өңірді – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын және олардың қатарына елдегі ішкі көші-қон ерекшеліктерін ескере отырып, жаңадан қосылған Ақмола және Қарағанды облыстарын қалдырды.
Әйткенмен, «Серпіннің» тиімділігін арттыру үшін бұл іс-шара да жеткіліксіз болып шықты. Есеп комитетінің мәліметіне қарағанда, 2020 жылы жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуға жоспарланған 5132 гранттың 1004-і немесе 20 пайызы ғана иесін тапқан. Ал осы әлеуметтік жоба жүзеге асырылған 6 жылдың ішінде 8 325 грант керексізтболып қалған. 6 жыл ішінде ел қазынасынан бөлінген 5 миллиард теңгеге жуық қаржы игерілмеген. Бұған қоса, «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу бітірген университеттер мен колледждердің барлық 11 мың түлегінің 2 мыңнан астамы ғана (19,5 пайызы) оқуды аяқтаған соң, солтүстік өңірлерде жұмыс істеуге қалған. Бұл – жобаның тиімділігі төмен екенінің айғағы.
Біздіңше, «Серпін» бағдарламасын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасымен барынша сәйкестендіру қажет. Нақты айтқанда, «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша бөлінетін мемлекеттік білім гранттарын атажұртқа оралған қандастар мен оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың отбасыларындағытмектеп бітіруші түлектерге ғана берілетін болса, мұның өзі аталған екі мемлекеттік бағдарламаның да тиімділігін арттыруға септігін тигізер еді. Бұл, әсіресе, «Серпінге» жұмсалған қаржының дені желге ұшуын тыяры сөзсіз.