Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жобалармен танысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде алдымен Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Өркен» мектеп-интернатына барды.
Президент заманауи құралдармен жабдықталған «Өркен-медиа», өлкетану, домбыра және арт-студия кабинеттерін аралап көріп, педагогтермен және оқушылармен әңгімелесті.
– Ғылым, білім деген өте маңызды. «Білімді мыңды жығады» деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді болсаң, барлық қиындықты еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болыңдар. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда, – деді Мемлекет басшысы.
«Өркен» мектеп-интернатының оқушылары өлкетану кабинетінде Ұлытау өңірі мен Сарыарқаның тарихы, қасиетті орындары туралы оқиды. Қасым-Жомарт Тоқаев туған өлкенің және қазақ халқының тарихын білудің маңызды екенін атап өтті.
900 орындық қазақ тілінде оқытатын оқу ордасы 2020 жылы салынған. Мектеп-интернатта жаратылыстану және математикалық бағыт бойынша кәсіби бағдарға негізделген салалық білім беру бағдарламалары оқытылады.
Білім беру модельдерін жүзеге асыру үшін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетімен және Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музеймен ынтымақтастық орнатылған.
Оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін 4 спорт секциясы мен 6 үйірме ашылған.
Мектепті аралап көру барысында Мемлекет басшысына Қарағанды облысында сапалы білім беруді қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндалды.
Өңірдегі 499 мектепте 206 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 21318 бала бірінші сынып оқушылары. Мектептердегі орын тапшылығына қатысты мәселені шешу үшін 2022-2025 жылдары 16 мектеп, оның ішінде үшеуі мемлекет-жекеменшік әріптестігі есебінен, сондай-ақ бір жеке мектеп салу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары туралы мәлімет берілді. Биыл өңірде 166 мектеп жөндеуден өткен және 2025 жылға дейін 299 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланған.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысының барлық білім беру нысандарында дабыл түймешелері мен хабар беру жүйелері орнатылған. 300-ден астам бала оқитын мектептерде арнайы күзет қызметі жұмыс істейді және турникеттер қойылған.
Сапар барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режімінде Қарағанды облысының Жәйрем кентінде жаңадан ашылған кен байыту кешенінің жұмысын ресми түрде іске қосты.
Кен байыту фабрикасының құрылысында 2500-ге жуық адам жұмыс істейді. Жәйрем кенті үшін жаңа жобаның іске қосылуы жаңа өмір мен дамудың зор келешегіне жол ашады. Кен байыту кешені Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіпорын болады. Өндірісте 400 адам жұмыспен қамтылады.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жобаның маңызы зор екенін айтты. Жаңа фабрика шығарылатын өнім түрлері көбейеді және өндіріс көлемі 2,5 есе артып, 5 млн тоннаға дейін жетеді. Сондай-ақ өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 млрд теңгеге көбейеді. Жоба басталғалы бері инвесторға барынша қолдау көрсетілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде коронавирус індетіне қарамастан, жоба белгіленген мерзім ішінде аяқталды.
Президентке қазіргі таңда Қарағанды облысында 2 трлн теңгеден асатын қаражатқа 50 ірі инвестициялық жоба іске асырылып отырғаны жөнінде баяндалды. Биыл 14 жоба іске қосылып, аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының инфрақұрылымына тартылатын инвестиция көлемі 230 млрд теңгені құрайды.
«Қазмырыш» ЖШС бас директоры Александр Хмелев Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабриканың құрылысы 3 жылда аяқталғанын және коронавирус індеті жүктелген міндетті іске асыруға кедергі болмағанын айтты. Оның пікірінше, байыту фабрикасының іске қосылуы Жәйремді ғана емес, тұтастай Қарағанды облысын дамытудың жаңа кезеңі болмақ. Мұнда жылына 5 млн тонна кен өңделеді. Бұл кәсіпорынның кемінде 15 жыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Қазмырыш» компаниясы кенттің дамуына 5 млрд теңгеге жуық қаражат құйды. Жергілікті ауруханаға заманауи жабдықтар сатып алынып, құзыреттерді дамыту орталығы құрылды және коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға жыл сайын қаржы бөлінеді.
Жәйремдегі кен байыту кешенінің цех басшысы Еркін Шайхин Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, кенттің жанданғанын және ондағы оң өзгерістер туралы, сондай-ақ жаңа фабриканың іске қосылуынан жергілікті тұрғындар зор үміт күтетінін айтты.
Іс-шара соңында Президент кәсіпорынның еңбек ұжымына және осы ірі жобаны іске асыруға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған өңірінің әлеуметтік дамуы мен минералды-шикізат базасын кеңейту жөніндегі «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоспарымен танысты.
«Қазақмыс» компаниялар тобының президенті Владимир Ким Мемлекет басшысына Жезқазған кен орындарындағы қазба жұмыстарының әсер ету аймағынан 2 815 отбасын көшіру және инфрақұрылым жүргізу жұмыстарының аяқталғаны туралы баяндады.
«Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Президентке Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамытудың ұлттық жоспары негізінде Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесе отырып, Жезқазған мен Балқаш өңірлерін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасының әзірленгені жөнінде айтты. Бағдарламада негізгі үш бағыт қамтылған. Атап айтқанда, әлеуметтік қызметтердің деңгейін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және экономикалық даму.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асырудың перспективалары, білім сапасын арттыру, азық-түлік нарығындағы бағаларды тұрақтандыру жөнінде айтылды. Сондай-ақ корпорацияның әлеуметтік міндеттемелерді орындауы және инвестициялық жобаларды іске асыруы жөнінде мәлімет берілді. Компания аймақ тұрғындары арасында әлеуметтік сауалдама жүргізіп, өмір сүрудің қолайлы жағдайын жасауға ниетті. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін өркендетуде еліміздің дамыған аймағы саналатын Алматы қаласы үлгі болмақ.
Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысына Жезқазған қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің қиындықтары туралы баяндалды. Мәселені шешу үшін Үйтас-Айдос су құбырын қайта жөндеуден өткізіп, Қожамсейіт кен орнында жаңа су құбырын салу қажет. Президент Үкіметке және облыс әкімдігіне аталған жобаны 1,5 жылдың ішінде жүзеге асыруды тапсырды.
– Зерттеу бағыттарыңыз дұрыс деп есептеймін. Сумен қамту – шешуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Мен Жолдауымда осы туралы айтқанмын. Үкімет тиісті тапсырма алды. Менің ойымша, Үкімет әкімдікпен және сіздермен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде, әрі кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Біз азаматтарымызды таза ауыз сумен қамтамасыз етуіміз қажет. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын, – деді Президент.
Президент «Қазақмыс» корпорациясының білім саласындағы жобаларға қолдау көрсетіп отырғанын оң бағалады.
– Шын мәнінде, білім – мемлекетіміздің болашағы. Бұл жерде, ең алдымен, мұғалімдер дайындауға көңіл бөлінуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
– Бұл, әрине, әлем нарығында болып жатқан күрделі мәселе. Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Біздің еліміздегі қордаланған мәселелердің салдарынан азық-түлік қымбаттап отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктедім, – деді Президент.
Іс-шара барысында экологияға және ірі кәсіпорындардың шығаратын қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударылды.
– Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жарияладық. Экономикамыздың ерекшелігін және оның құрылымын ескеруіміз қажет. Энергиялық теңгерімнің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегінен арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегінен арылу бағыты бойынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қалып қоямыз. Бұл – негізгі кәсіпорындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жиынды қорытындылай келе, барлық бекітілген бағыт бойынша мемлекет отандық жетекші кәсіпорындармен бірлесіп, тиісті жұмыстарды белсенді жалғастыруы керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін аралап көрді.
Президентке Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақүйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылды.
Мемлекет басшысы қасиетті тарихи нысанның үнемі ғалымдардың назарында болып, ғылыми айналымға түсуі керек екеніне баса мән берді.
– Келесі жылы шетелдің және еліміздің белгілі ғалымдарын шақырып, Алтын Ордаға байланысты үлкен халықаралық конференция өткізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің туристік әлеуеті туралы баяндама жасап, Президентке курорттық аймақтар мен тарихи-мәдени кешендерді дамыту жоспарын ұсынды. Жоспарға сәйкес Ұлытау, Қарқаралы, Балқаш аудандарының туризм саласындағы әлеуеті артып, сервистік және туристік инфрақұрылымдары дамитын болады.