• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қазан, 2021

Оқу үдерісін сапалы ұйымдастырған ұтады

121 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігінде ІІМ оқу орындарын дамыту перспективалары қарастырылған жедел кеңес өтті. Кеңес барысында Президенттің тапсырмаларын және ведомстволық білім беруді жаңғырту жөніндегі жол картасын орындау бойынша есептер тыңдалды.

Полицияның «сервистік моделіне», қыл­мыстық процестің үш буынды моделіне көшіруді қамтитын оқу бағдарламалары мен жоспарлары талқыланды.

Министр Ерлан Тұрғымбаев басым назар аударуды талап ететін бірқатар бағыты белгіледі, болашақ ІІО қызметкерлерінің оқу процесін сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті, проблемалық мәселелерді қарады, оларды шешу жолдарын анықтады. Осылайша, профессорлық-оқытушылық құрамды жасақтау, оның біліктілігін, сондай-ақ оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру, ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2022-2024 жылдарға арналған екінші кезеңін дайындау шеңберінде нор­мативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде нақты нұсқаулар берілді.

Министр сондай-ақ киберқылмыскерлерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағыт­талған және кибер­қауіп­тер тәуекелдерін бас­қару, ақпараттық қауіп­сіздік пен кибер шабуыл­дарға төзімділікті қамта­масыз ету тәсіл­дері, жоғары технологиялар сала­сындағы қыл­мыс­тарға қарсы іс-қимылдың өзекті проблема­ларын зерделеу және т. б. тақы­рыптарды қам­титын ки­бер­қауіп­сіздік бойынша бағыттарды кү­шейтудің маңыз­дылығын атап өтті.

Жоғары оқу орындарына криминалистика саласында жоғары білікті кадрларды сапалы даяр­­лауды қамтамасыз ету және полицияның «сервистік моделінде» орталық тұлғаға айналатын учаскелік инспекторлардың неғұрлым мұқият академиялық дайындығын қамтамасыз ету қажеттілігі бойынша міндеттер қойылды. ІІМ бейіндік жоғары оқу орындарының терең теориялық және практикалық дайындықтан өткен мамандарды қалыптастыру бойынша өзінің көпжылдық тарихы бар екенін атап өткен жөн.

Жоғары оқу орындарының дәстүрі бойын­ша ардагерлер адалдық, өз ісіне берілгендік және қызметтік борышын жанқиярлықпен орын­дау сияқты асыл қасиеттерді ІІО-ның жас қызметкерлеріне беріп отырады. Бүгінгі таңда оқу орындарын оңтайландыру жүргізілді, ІІО үшін мамандар даярлау ІІМ-нің бес оқу орнында жүргізілуде. Жедел-іздестіру, жедел-криминалистикалық, әкімшілік-құқықтық және қылмыстық-атқару қызметі, сотқа дейінгі тергеу, ақпараттық жүйелер, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бойынша кәсіби даярлау факультеттері жұмыс істейді.

Дайындық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультеттерінде магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бұдан басқа, жыл сайын кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан 5000-нан астам қызметкер өтсе, қазіргі уақытта, тұтастай алғанда, жоғары оқу орындарында 1,6 мың курсант оқиды.