Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық жобаларды енгізу керектігін айтқан болатын. Содан бері Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылып, мемлекеттік органдар өз саласы бойынша тиісті Ұлттық жобаларды дайындады. 2021 жылдың 13 қазанында Мемлекет басшысы ұлттық жобалар тізімін бекітті. Жаңадан дайындалған Ұлттық жобалармен толығырақ танысу үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы Қайрат Келімбетовты сөзге тартқан едік.
– Қайрат Нематұлы, Ұлттық жобалар қабылдау керектігі туралы тапсырма 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауда берілгені белгілі. Ал қазанның 13-і күні Мемлекет басшысы барлық 10 Ұлттық жобаны бекітті. Ұлттық жобалар дайын болғанға дейінгі жұмыстар туралы айтып берсеңіз...
– Ұлттық жобалар – адамдардың өмір сапасын артыруға бағытталған жекелеген салалардағы мемлекеттің стратегиялық құжаты. Аты дардай мемлекеттік бағдарламалардан нақты ұлттық жобаларға көшудің не қажеттілігі бар еді дегенге келер болсақ, мемлекеттік бағдарламаларды талдау мен бақылау нәтижесі көрсеткендей, кейбір мемлекеттік органдардағы мемлекеттік бағдарламалар жалпылама болды да, ал кемшіліктері нақты көзге көрініп тұрды. Өкінішке қарай, көпшілігіне жеткілікті деңгейде қаражат бөлінбеді. Ал қаражат жетпесе нәтижені талап ету қиын. Мемлекет және Үкімет басшысының талқылауынан кейін басқаша әдіс пайдалану туралы шешім қабылданды.
Жалпы, қазіргі таңда әлем бойынша мемлекеттік бағдарламалар жобалық басқаруға өтіп жатыр. Біз бұл мәселеде Ұлыбритания, Малайзия секілді елдердің тәжірибесін зерттедік. Ресейдің де ұлттық жобаларын қарадық. Аз уақытта мемлекеттік бағдарламалардың орнына ұлттық жобаларды енгізе алуымыздың себебі сонда.
Жалпы, Үкімет айтарлықтай жұмыс атқарды. Алдымен мемлекеттік органдар, министрліктер тізе қосып бірге жұмыс істейтін негізгі басым бағыттар айқындалды. Сарапшылармен, Парламент депутаттарымен, қоғам өкілдерімен кеңінен талқылау болды. Соның арқасында кері байланыс орнатылып, қай жерде басымдықтар мен негізгі міндеттемелерді дұрыстауға, нақты әрекет тетіктерін дұрыс бекітуге көмектесті. Барлық сұрақтар қаралып, бір жыл бойы тексерілді. Нәтижесінде Ұлттық жобалар дайындалды, алдағы уақытта нақты сандар мен көрсеткіштер жарияланады.
– Ұлттық жобалар - мемлекеттік жоспарлаудың жаңа моделі. Жаңа модельдің бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардан қандай артықшылықтары бар?
– Ұлттық жобаларда алға қойылған міндеттемелердегі көрсеткіштерді орындауда нақтылық бар. Сонымен қатар қазіргі қоғамның тағы бір талабы – адамдарға бағытталуы. Яғни, экономикадағы әйтеуір бір ұлттық жобалар емес, бұл адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұлттық жобалар. Бұл Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымымен тікелей байланысады. Мемлекет мәселені естиді, көреді және шешеді.
Басымдықтарға келер болсақ, бұрындары барлық мәселемен аз аздан айналысып келдік. 20 басымдық, 25 басымдық дегендей. Егер басым бағыттар 25 болса, демек бұл басымдық емес. Президенттің арнайы Жарлығы дайындалды. Бұл жалпыұлттық басымдықтарды бекітетін құжат. Жалпыұлттық басымдықтар ортамерзімді екі құжаттан туындап отыр. Олар бұрынғы 2025 жылға дейінгі стартегиялық жоспар, қазіргі 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және Нұр-Отан партиясының жол картасындағы ұсыныстар. Нұр-Отан партиясы сайлауда жеңді, енді оның тиісті бағдарламасы ұлттық жобалар арқылы іске асырылады.
Ұлттық жобалардың бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардан ерекшелігіне келер болсақ, ол нақтылық, нәтиже және орындалу мүмкіндігі. Сонымен қатар нақты көрсеткіштерге қол жеткізу, мәселен, Қазақстан азаматтарының өмір сапасын арттыру.
Бір жағынан жоғары көрсеткішке жетуді жоспарлау, екінші жағынан соны орындау мүмкіндігінің болуы. Ең алдымен ойға келетін сауал: "мұны орындауға қаражат жеткілікті ме?" Менің ойымша, алғаш рет мемлекеттік саясат саласында әлеуметтік міндеттемелерді орындау, яғни денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, білім беру, қоршаған ортаны қорғау 100% қарастырылды. Қарастырылып қана қоймай, 3 жылдық бюджетке енгізілді.
– Өзіңіз айтып өткендей, Ұлттық жобалар ең алдымен жекелеген азаматтардың өмір сапасын арттыруды көздейді. Осы орайда Ұлттық жобаларды дайындау барысында халықтың сұранысы қаншалықты ескерілді, Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы қаншалықты қамтылған?
– Ұлттық жобалардың барлығының ортақ ерекшелігі – адамдарға бағытталуы. Яғни әрбір ұлттық жоба өз бағыты бойынша адамдардың өмірін тікелей жақсартуды мақсат етеді. Тиісінше осы мақсатқа жеткен-жетпегенін де халықтың өзі бағалай алады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іске асқанының бір мысалы ретінде «Жасыл Қазақстан» немесе «Қауіпсіз ел» ұлттық жобаларын атар едім. Бұл халықтың экология мен қауіпсіздік саласында мемлекеттің аппаратқа қатысты сыны мен ұсыныстарын ескере отырып жасалған құжат. Яғни, бұл ұлттық жобалар тікелей халықтың сұранысын орындау үшін дайындалған және алдағы уақытта орындалатын жобалар. Сонымен қатар пандемия кезінде денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы кемшіліктер де көрінді. Тиісінше осының барлығы тиісті ұлттық жобаларды дайындағанда толықтай ескерілді. Ұлттық жобалар халыққа түсініксіз том-том мемлекеттік құжат емес. Халықтың нақты сын-ескертпелерін ескере отырып оны нақты шешу жолдарын ұсынатын жоба.
– Өткен жылғы Жолдауда Мемлекет басшысы ұлттық жобаларды азаматтарға түсінікті ету керектігін тапсырған еді. Осы тапсырма орындалды дей аламыз ба? Ұлттық жобалар халыққа түсінікті ме?
– Мемлекет басшысы мемлекеттік жоспарлау жүйесін өзгертуді, қысқа әрі нұсқа қылуды тапсырды. Біз мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі 280 құжатты қысқартып 90 құжат жасадық. Ұлттық жобалар қысқа әрі нұсқа. 100 беттік құжат емес. Бұл құжаттарда нақты көрсетілген. Міне, мемлекет мынаған жетуі керек, ол үшін ақша міне, оған мына адамдар жауап береді, мына уақытқа дейін жасалуы керек. Мысалы, әлеуметтік саясат көрсеткіштері сапалы денсаулық сақтау, білім беруге қол жеткізу саласында ұлттық жоба бар. Бұрындары белгілі бір көрсеткіштерге жету сән болатын. Оның үстіне жету керек деген көрсеткіштер мыңдап саналушы еді. Алдыңызда қаншама көрсеткіштерге жету керек деген тапсырма тұрса, оның орындалуын нақты адамнан, орынбасардан немесе төрағадан оның орындалуын бақылауды талап ету қиын.
Ал қазір әрбір ұлттық жобаның өзінің кураторы бар. Олар соның бәріне жауап береді. Арнайы ведомство бар, онда белгілі бір ұлттық жобаға нақты кімнің жауап беретіні, нақты вице-министрге дейін жазылып тұр. Сонымен қатар белгілі бір бағыттар бойынша Үкімет басшылығы деңгейінде нақты премьер-министрдің орынбасарлары да белгіленген. Осыдан кейін ешкім қаражат бөлінбеді, кедергі болды деп айта алмайды. Тіпті болуы мүмкін кедергілердің өзі ұлттық жобаларда аталып, оны шешу жолдары көрсетілген.
– Орындалу жағына келер болсақ. Ұлттық жобалардың алдына қойылған міндеттері қандай және оған қалай қол жеткізіледі?
– Ұлттық жоба идеясы, оның орындалуы бір ғана органға байланып қалмайды. Оны орындау үшін бірнеше орган бірлесіп, тіпті қоғам өкілдерімен оның жүзеге асырылу барысы бақыланып отырады. Сондықтан, ұлттық жобаларды дайындағанда да, оны орындауға да бірнеше орган мен министрлік атсалысады. Кейін нәтижесі де тиісінше бағаланады. Керек болса қаржыландыруды бір жерден екінші жерге ауыстыруға немесе нақты мақсатқа жету үшін қаржыландыруды соған қарай бағыттауға мүмкіндік бар. Ең бастысы – халықпен кері байланыс. Барлық ұлттық жобалар Үкімет пен министрліктердің сайттарына қойылады.
Қазір Үкіметтің алдында он басымдық тұр. Осы басымдықтар он Ұлттық жоба ретінде бекітілді. Он ұлттық жобада жалпы саны шамамен 200 нақты көрсеткішке қол жеткізу қажет. Яғни, шамамен әрбір вице-министрден 2-3 көрсеткішке жету талап етіледі. Бұрын мыңдаған көрсеткіш, оның үстіне нақты оған кімнің жауап беруі керектігі түсініксіз болатын. Ал қазір белгілі бір көрсеткіш орындалмай қалса, оған жауапты лауазымды тұлғалар бекітілген.
– Нақтырақ айтқанда, халық Ұлттық жобалардан не күтуі керек?
– Нақты 9 негізгі көрсеткіш бар. Мысалы, халықтың өмір жасын арттыруды 75 жылға дейін жеткізу қажет. Бұл тек Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы емес. Жоғарыда айтылғандай, ұзақ өмір сүру үшін денсаулық керек, денсаулық мықты болу үшін дене шынықтыру мен спорт керек. Ал бұл Мәдениет және спорт министрлігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің де жұмысы.
Нақтырақ айтқанда, көпфункционалды заманауи жаңа сауықтыру орталықтары салынады. Бұл біз үйреніп қалғандай ауруханалар мен емханалар емес. Жаңа заманға сай кешен болады. Сонымен қатар ауылдарда 137 фельдшерлік-окушерлік пункт салынып, барлық медициналық ұйымдар жаңартылады. Дәрі-дәрмектің 50%-ы Қазақстанда жасалған өнім болады. 120-дан астам спорттық секциялар ашылады. Мұның бәрі әр сала бойынша жасалатын жұмыс болғанымен, айналып келгенде жоғарыда аталған халықтың өмір сүру жасын 75-ке дейін жеткізуді мақсат етеді.
Білім беру саласында республика бойынша сапалы білім берумен қамтамасыз ету маңызды. Қалада болсын, ауылда болсын, сапалы білім берілуі керек. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасын бірдей ету керек. Осы мақсатта мың шақты мектеп салынады. 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылады. Ауыл мектептері 100% жаңартылады. Бұл өте үлкен міндет, бірақ үкімет алдағы уақытта мұны орындауға қаражат жеткілікті деп санайды. Үш ауысымды мектептер біржола жойылып, ары кетсе екі ауысым ғана болады. Әрине, мектеп салумен білім сапасы жақсарып кетпейді. Сол үшін білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді дайындауға, бағдарлама жазуға да жұмыс істейді.
Тағы бір бағыт - қоршаған ортаны қорғау. Халықтың қазір бұл мәселеде талабы жоғары. Мәселен, ұлттық жобада ауа сапасын 25% жақсарту туралы мақсат бар. Оған қалай қол жеткіземіз? Кәсіпорындардың зиянды қалдықтармен ластауын азайтамыз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осымен айналысады. Қосымша су ресурстарын басқару бағдарламасы дайындалады. Өйткені су ресурстарын үнемдеу және сақтау керек. 9 су қоймасы салынады. Арналар цифрландырылады. Мұның бәрі қамтылады.
– Әңгімеңізге рахмет!