• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Президент 22 Қазан, 2021

Президент ҚХА мен мемлекеттік органдар алдында тұрған басым міндеттерді атады

461 рет
көрсетілді

Елордада Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс форматында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

 

Тәуелсіздік мерейтойы – маңызды тарихи белес

Жиынға Парламент депу­тат­тары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этно­мә­дени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Президент отырыстың ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы қар­саңында өтіп жатқанын баса айтып, Қазақстан үшін бұл меженің аса маңызды екеніне тоқталды.

– Бүгін бәріміз Тәуел­сіз­ді­гі­міздің 30 жылдығы қарсаңында жи­налып отырмыз. Тәуелсіздік ме­рейтойы – Қазақстан үшін аса ма­ңызды тарихи белес. Біз осы жыл­дарда тұғыры мығым, қуатты мемлекет құрдық. Эконо­ми­камызды өркендеттік, халықтың әл-ауқатын арттырдық. Мұның бәріне берекелі бірлігіміз арқылы қол жеткіздік, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­­­тың сындарлы сая­саты­­ның ар­қасында еліміз­де эт­нос­­ара­лық және конфес­сия­ара­лық келісімнің бірегей үлгісі қа­лып­­­тас­қанын және оның тиім­ділігін әлем қоғамдастығы мо­йын­­дағанын айтты.

– Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ын­ты­мақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау ала­ды. Қас­терлі Отанымызда түр­лі мәде­ниет­тің үйлесім тап­қаны – со­ның айқын көрінісі. Бұл – бір­тұтас ұлт болып ұйы­суы­мыз­дың бас­ты қағидаты әрі ай­нымас стра­тегиялық бағ­дары­­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі күрделі кезеңде елдік бірлік пен ынты­мақ­ты одан әрі нығайтудың ма­ңызды қадам екеніне тоқталды.

– Қазіргі заманда сын-қа­тер­­лер аз емес. Мұндай жағ­дай­­да біз жал­пыұлттық бірлі­гі­мізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз. Сонда ғана мем­лекет­тілі­гімізді нығайтып, жаңа белес­терді бағындыра ала­мыз. Ассам­блеяның жиырма то­ғызын­шы сессиясында Елба­сы осы біре­гей құрылымға бас­шы­лық жасау құқығын маған сеніп тап­сыр­ғанын білесіздер. Бұл ше­шімді қолдаған баршаңызға шынайы алғысымды айтамын, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 

Этносаралық келісім – тұрақтылық кепілі

Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.

– Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұ­мы­сы әртүрлі этностық топты қорғауға және олардың мүд­де­лерін ілгерілетуге бағыттаған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі маңызы зор ұйымның жұмысына беріл­ген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін ны­ғай­тудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттік идеяның төңірегіне жұмылдыра алды. Ассам­блеяны құрудың арқасында өте күр- делі проблеманың – этностық мә­се­лені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Ассам­блеяның халық тұтас­тығын нығайтуға, қазақстан­дықтарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәр­тебесін ілгерілетуге және аза­маттық белсенділіктің жаңа фор­масының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.

Президент этностық сала­дағы проблемалар деструктивті мақсатта пайдаланылып кетуі мүмкін екенін айтты.

– Өкінішке қарай, этностық факторлар, ұлтаралық қатынастар, әсіресе дағдарыс кезінде түрлі қақтығыстың ошағы болуы мүмкін екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Оның деструктивті әлеуеті ақпараттық және гибридтік соғыстардың, жиі жасалатын по­пулистік мәлімдемелердің, ашық арандатушылықтың қазіргі дә­уірінде айтарлықтай күшейе түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент этносаралық келі­сім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді.

– Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңы­зы зор. Біз бұл бағыттағы мем­лекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдадық. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды. Дегенмен этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқа­рады. Әсіресе, әлеуметтік сала­дағы саясаттың орны бөлек. Шын мәнінде, этносаясатқа құзырлы ор­ган­дар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табыс­ты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді ны­ғайта аламыз. Тұрақты даму­дың және өсіп-өркендеудің бір­ден-бір жолы – осы, – деді Мем­лекет басшысы.

Этносаралық қатынас саяса­тын одан әрі жетілдіру үшін нақ­ты шаралар қабылдау керек екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясына бірқатар басым міндет жүктеді.

Президент, ең алдымен, мүм­кін­діктердің тең болу қағида­тына негізделген аймақтық да­му­ды қам­тамасыз етудің маңыз­ды­лы­ғына назар аударды. Соның ішін­де этностық анклавтардың туын­дауына, мәдени және тілдік кедер­гілерге, этносаралық шие­ле­ністер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқ­шаулануға қатысты қатерлерге тоқталды.

Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін елі­міз­дегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этностық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен бірге бірқатар аймақта этностық топтардың қазақ­стан­дық шынайы өмірден алыс­та­уы­на байланысты «ішкі эмиграция» үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.

– Бұл үрдіс этностық топ­тар­дың Қазақстан қоғамына толық интеграциялануына кедергі кел­тіруі мүмкін. Мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деп ойлай­мын. Бұл проблемаларға көз жұ­муға болмайды. Әйтпесе, бұл келең­сіздікке әкеп соқтыруы мүмкін және туын­даған мәселе­лерге шынайы ба­ға бере алмай­мыз. Мемлекет эт­нос­тық топтар­дың әлеуметтік-эко­номика­лық интеграциялану саясатын жүр­гізіп, осы негізде кез келген шие­ле­ністің жанжалға ұласпауы үшін алдын алатынын ерек­ше атап өткім келеді. Мұндай жан­жал­дардың бәрі теріс пиғылды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Ондай арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, этнос­аралық қатынастар саласындағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру маңызды міндет. Осыған байланысты бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін азаматтық қоғам институттарын жан-жақты қолдау қажет. Тиісті лауазымды тұлғалар олардың қызметін үйлестіруге тікелей жауапты болады.

– Біз былтыр әр өңірдің ішкі саясат басқармасынан жеке бө­лім аштық. Осы бөлімдерге қол­дау көрсетіп, жұмысын жандан­дыра түсу керек. Оларға өз құзы­ретіне кір­мейтін тапсырма беріл­меуі қажет. Әркім өзіне жүктелген міндет­ті атқаруға тиіс. «Қоғамдық келі­сім» мекемесінің де қызме­тіне қатысты осы талапты ұста­нуымыз керек. Аталған ұжым­­дарда жұмыс істейтін қыз­мет­кер­лердің жалақысын кө­бейт­кен жөн. Этносаралық қаты­нас саласындағы өңірлік құры­лым­дарды мамандармен қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұл жұмысты, ең алдымен, ұлттық құрамы әртүрлі және белгілі бір этнос өкілдері тығыз қоныстанған аймақтарда қолға алу қажет. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынас саласына жүйелі сараптама жүргізуде. Бұған қоса, министрлік қандай да бір кикілжің туындаған кезде тиімді әрекет жасаудың әдіс-тәсілдерін айқындады. Бар­лық деңгейдегі әкімдіктер ұсы­ным­дарды сапалы орындауға тиіс. Бұл жұмыста Ассамблеяның тәжірибесіне арқа сүйеген жөн. Сондай-ақ бейбітшілік пен келі­сімді нығайту үшін азаматтық қо­ғам институттарын барынша қолдау керек. Тиісті лауазымды тұлғалар олардың қызметі үйлесімді болуына тікелей жауап береді. Бұл салада салғырттық пен қателікке жол беруге болмайды. Осыны әркім есте сақтауы қажет, – деді Президент.

 

Теріс пиғылдылардың жетегіне еріп кетпеу маңызды

Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың тағы бір басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жан­жал­дардың алдын алуды атады. Президенттің пайымдауынша, этностық астамшылықтың бар­лық көрінісі, қандай да бір кем­сі­тушілікке, қоғамдық тәр­тіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұ­рақ­тылықты заңға сәйкес қамтамасыз етуі керек.

– Біздің бірлігімізге зиян кел­ті­руді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауап­сыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кет­пеу маңызды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар. Бір­тұ­тас қоғам ретінде біздің ұстаны­мы­мыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр де­генді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы аран­да­тушылықтың барлық түріне құ­қықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ҚХА қызметін одан әрі дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Аналар кеңесін құрудың маңызды екенін атап өтті. Аталған Кеңес еліміздің бір­лігі мен татулығының өзегі сана­латын құндылықтарды жас­тардың бойына дарытуға септігін тигізеді.

– Ассамблеяның қоғамдық құ­­ры­лымдары ауқымды этнос­ара­лық коммуникацияға жол ашуы керек. Республикалық Ана­­лар кеңесінің құрылуы – осы ба­­ғыттағы маңызды қадам. Бұл Кеңес еліміздегі бірлік пен тату­лық­қа негіз болып отырған құн­ды­лықтарды жастардың санасына сіңіруге атсалысады. Халқы­мызда «Отан отбасынан баста­лады» де­ген аталы сөз бар. Ұр­паққа от­ба­сында дұрыс тәрбие беру – ай­рықша маңызды міндет. Сон­дық­тан Республикалық Аналар кеңе­сіне жан-жақты қолдау көр­се­ту қажет. Ассамблея жастармен жүр­­гізілетін жұмысқа баса назар ау­да­руға тиіс. Әрине, бұл салада тә­­жірибеміз бар, соны одан әрі да­мыта берген жөн, – деді Прези­дент.

Мемлекет басшысы «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблея жанындағы республикалық жас­тар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастыруды ұсы­нып, жастармен жұмыс жүргізудің маңызды екенін айтты.

– «Big 7» деп аталған жоба ая­сында еліміздегі көптеген жас­тар ұйымы «Жаңғыру жолы» рес­публикалық қозғалысының айналасына топтасты. Олар өңір­лердегі жастар ісі жөніндегі кеңес­термен және ресурстық орта­лықтармен байланысын нығай­та түсті. Бұл жұмысқа тың сер­пін беру керек. Осы орайда, «Жаң­ғыру жолы» қозғалысын Ассам­блеяның республикалық жас­тар ұйымы ретінде қайта құру мүм­кіндігін қарастырған жөн, – деп атап өтті Ассамблея Төрағасы.

Бұл ретте, ҚХА жастарының ор­ман алқаптарында 2 миллиард және елді мекендерде 15 мил­лион түп тал отырғызуға бел­сен­ді қатысатынына сенім білдір­ді. Сон­дай-ақ ол әрбір өңірде «Ха­лық­тар достығына» арналған сая­бақ­тар ашуға болатынын атап өтті.

Президент жастар саясатының өзектілігіне мән бере отырып, Ассамблеяның кезекті сессиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынды.

– Бүгінде жастар мәселесі өте өзекті. Ассамблеяның кезекті сес­сиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын. Жалпы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы азаматтар­мен байланыс орнатудың тиім­ді құралына айналуға тиіс. Сон­дықтан жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесе жұмыс істеу керек, – деді ҚХА Төрағасы.

Президент Ассамблеяның әлеу­­меттік және қоғамдық маңы­зы бар жобаларды қолдау тәсіл­де­рін дамыту мәселесіне көңіл бөлді.

– Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мүшелері жыл са­­­йын көптеген маңызды жобаны жүзеге асырады. Бұл ретте, олар мемлекеттен ақпараттық қолдау және ұйымдастыру жағынан ғана көмек алады. Мұндай баста­ма­ларды Ассамблеяның «халық­тық жобасы» деп атауға болады. Олардың авторлары ресми түр­де Ассамблея жобасының жетек­шісі ретінде танылуы керек. Ал жауапты министрліктер мен әкім­діктер Ассамблея мен оның құрылымдарының кең аудиторияны қамтитын республикалық жобаларын қолдауы керек, – деді Президент.

 

Лайықты қызмет көрсетуі қажет

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Достық үйлерін мәжіліс пен салтанатты жиындарды өткізу залдары емес, ҚХА-ның халық бастамаларының ресурстық орта­лықтары мен жобалық кеңселеріне айналдырған жөн. Ал этномәдени бірлестіктер бұл жұмысқа белсене атсалысуы керек.

Пре­зидент халықтық дипло­ма­тияның пәрменді құралына айналған Ассамблея мүшелерінің шетелдерде Қазақстан туралы айтып, шетелдік қонақтарды еліміздің мәдениетімен таныс­тырып жүрген еңбегін ерекше бағалап, алғысын білдірді.

Мемлекет басшысы Ассам­блеяны этностық мәселелер жөнін­де оң пікір қалыптастыратын сапалы әрі креативті және тиімді ақ­па­раттық жұмыс жүргізуге ша­қырды.

– Өңір басшылары жергілікті ассамблеяның жетекшісі ретінде ақпараттық кеңістікте белсенді болуы қажет. Ассамблея мүше­лері медиа салада, соның ішінде әлеуметтік желіде өз ұстанымын қорғай білуге тиіс. Еліміздегі бір­лік пен татулыққа қарсы айтылған бір де бір сөз жауапсыз қалмауы керек, – деді Президент.

Қазақстанда этносаралық диалог дәстүрлерінің тамыры терең екенін айтқан Мемлекет басшысы үйлесімді этносаралық өзара іс-қимылдың жарқын мысалдарын, еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің патриоттық әрекеттері мен жанкешті еңбегін күнделікті өмірде көріп жүргенімізді айтып өтті.

– Алаш қайраткерлері «қа­дірлі әрі ардақты ақсақал» деп сый­лаған көрнекті зерттеуші Гри­горий Николаевич Потанинді мы­салға алайық. Потанин қазақ тілінде сөйлеп, халқымыздың мә­дениеті мен тұрмысын, тарихын зерттегені белгілі. Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәли­хановпен дос болған. Биыл ЮНЕСКО шеңберінде Шоқан Уәлихановтың тағы бір досы – әлемдік әдебиет классигі Федор Михайлович Достоевскийдің 200 жылдығы атап өтіледі. Еліміздің тарихи орталықтарының бірі – Семейде осы күнге арнап іс-шаралар ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Достоевский осы қалада бес жыл бойы же­міс­ті жұмыс істеді. Мұнда жазу­шы­ның әдеби-мемориалдық үй-мұ­ра­жайы орналасқан, ол әлем­нің түкпір-түкпірінен туристер үшін тартымды мәдени-таным­дық орынға айнала алады. Мә­дениеттер арасында шекара жоқ, ол арқылы халықтар рухани кемелдене түседі. Менің терең сенімім осы, – деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы көптеген этнос өкілінің Қазақстан мә­де­ниетінде ғана емес, ғылым, өнеркәсіп секілді басқа да қыз­мет салаларында елеулі із қал­дыр­ғанын атап өтті. Халықтар дос­тығының, белсенді азаматтық патриотизмнің және түрлі этнос ­өкілдерінің Қазақстанға деген сүйіспеншілігінің осындай үлгі­лері еліміздің білім беру, мәде­ни-ағарту, ақпараттық саясатында, сондай-ақ, ең ма­ңыздысы – ономастикада лайықты көрініс табуы тиіс екені айтылды. Пре­зи­дент нағыз патриоттардың өмі­рін оқу орын­дарында оқып-үй­рену керек­тігін, ал олардың Отан игілігі үшін ат­қар­ған еңбегі ес­керт­кіштер мен скверлер арқылы мәңгі сақталуы тиіс екенін алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев этнос­аралық саладағы ғылыми негіз­делген тәсіл – мемлекеттік сая­саттың бастауы болуы керек екенін айтты. Оның пікірінше, бұл аса күрделі бағытта дилетанттық пен популизмге жол бермеу қажет. Ал елімізде және одан тыс жер­лерде туындайтын барлық сұрақ­қа ғылыми дәлелдер мен нақ­ты сандарға сүйене отырып, сал­мақты жауап берілуі қажет. 

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне интеграция, жалпы ұлттық бірлік, этносаралық қатынастарды үйлестірудің өзекті тақырыбы бойынша пайдалы зерттеулер жүргізуді тапсырамын. Үкімет бұл мәселеге қатысты қажетті қолдау көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қоры­тын­дылай келе, жалпыұлттық бірлік қуатты мемлекеттің кепілі екенін айтты.

– Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ мін­деті. Жалпыұлттық бірлік – қуат­ты мемлекет болудың басты ке­пілі. Егемен еліміздің баға жет­пес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жа­уап­ты міндетті абыроймен атқа­ра­сыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Қоғам Ассамблеяның қол­дауын сезінуде

Сондай-ақ отырыста Түр­кістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚХА Аналар кеңесінің этносаралық келісімді нығайту жөніндегі қызметінің өзекті мәселелері қаралды.

Атап айтқанда, Түркістан об­лы­сының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі Қазақстан халқы Ассам­блея­сының үйлесімді этнос­аралық қатынастарды нығайту жө­ніндегі қызметі туралы айтып берді. Облыста 50 түрлі этнос өкілдері тұрады, бұл, облыс хал­қы­ның 25 пайызын құрайды, тұр­ғын­дар үшін мәдениет пен дәс­түр­ді дамытуға барлық қажетті жағ­дайлар мен инфрақұрылым жа­салған.

– Облыс Ассамблеясы 34 этно­мә­де­ни бірлестікті біріктіреді, олар­да этнос өкілдерінің дамуы­на жағдай жасалған. Об­лыс дең­гейінде Түркістан об­лыс­тық Ассам­блеясының 5 қоғам­дық құры­лымы – Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журна­лис­тер мен блогерлер клубы, Ғы­лыми-сарапшылық топ, «Жаң­ғыру жолы» жастар қозғалы­сы­ның облыстық штабы жұмыс іс­тей­ді. Барлық аудан мен қала­ларда Қоғамдық келісім, Аналар, Ме­диация кеңестері қызмет ете­ді. Тұрғындардың азаматтық бір­лі­гінің нәтижесінде Арыс, Мақ­таарал аудандарында болған төтенше жағдайлардың ауырт­палығын еңсердік. Ассамблеяның қайырымдылық бастамаларының негізінде жүздеген отбасының мәселесі шешілді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Ша­наи өз сөзінде осы қоғамдық құры­лымның қызметіне тоқталды. Ана­лар кеңестері ажырасулар мен тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы суицидтің алдын алу, интернетке тәуелділік, нашақорлық таралуының алдын алу және өзге де өзекті әлеуметтік проблемалармен айналысады, осы бағыттар бойынша жобаларға 44 мыңнан астам адам қамтылған.

– Пандемия кезеңінде біз тү­сін­дірме жұмысын жүргізіп, маска тігу туралы бастама көтеріп, 60 мыңнан астам қорғаныш құралын тегін тараттық. Ауруханада, блок­пост­­тарда үзіліссіз қызмет етіп жат­қан қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырдық. Биылғы республикалық «Ана әл­диі» байқауы, Семей полигоны жабы­луының 30 жылдығына ар­нал­ған «Ақ орамал» акциясы се­­кіл­ді іс-шараларды онлайн өт­кіз­дік. Аналар кеңесінің жұмыс ба­­ғыты одан әрі кеңейіп, жаңа нә­ти­желерге қол жеткізді. 27 қыр­кү­йек күні республикалық «Әке­лер одағымен» меморандумға қол қойылып, ортақ іс-шаралар жос­­пары бекітілді, – деді Назипа Шанаи.

Қазақстандағы этносаралық толеранттылық туралы айта келе, спикер бүгінде елімізде 800-ден астам отбасы түрлі этностардың балаларын тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Мысал ретінде Қостанай облысы Алтынсарин кентінен Төлегеновтер отбасын келтірді. Олардың 12 баласы бар: алтауы – қазақ, үшеуі – орыс, екеуі – татар, біреуі – башқұрт. 2014 жылы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Асар» акциясы аясында бұл отбасы үшін кең үй салынды.

Түркістан облысы Төлеби ауданы ҚХА жанындағы Қоғам­дық келісім кеңесінің төрағасы Сейіт Бекмұрзаев Қоғамдық келі­сім кеңестерінің қызметі туралы баяндады.

– 10 жыл бұрын құрылған Қо­ғам­дық келісім кеңестері қазір қо­ғамдық бақылау мен кері бай­ланыстың тиімді тетігі, ақпарат­тық-түсіндіру, жергілікті өзін өзі басқарудың маңызды бөлігі ретінде жұмыс істеп келеді. Мы­салы, осы жылдың өзінде Қо­ғамдық келісім кеңестеріне азамат­тардан 6 300 өтініш келіп түсті. Оның екі жарым мыңы оң ше­­шімін тапты. Қалғандары бақы­­лауда тұр. Әлемдік індет жағ­дайында Қоғамдық кеңестер бес мыңға жуық  іс-шара өткізді. Олар­ға 120 мың адам қатысты. Ал Түр­кістан облысында 190 Қоғам­дық келісім кеңесіне – 1200 адам мүше. 2015 жылы Мақ­та­аралдағы оқиғалардан кейін, біз ауылдарды аралап, алпыс мың­нан астам аулаға кіріп, халық­пен тілдесіп, қордаланған мәсе­ле­лерін назарға алдық, – деді Сейіт Бекмұрзаев.

Өзбек және тәжік этносының өкіл­дері оқитын «Жанубий Козо­гистон» Түркістан облыстық қо­ғам­дық-саяси газетінің бас редак­торы Алишер Сатвалдиев өзбек этно­сының қазақстандық қоғамға тере­ңірек интеграциялануы туралы ойын ортаға салды.

Өзбек халқы Түркістан облы­сын­дағы елді мекендерде қоныс­танған. Халықтың тығыз орна­ла­суынан еңбек нарығында бәсе­ке­лестік тым жоғары болып, жер ресурстары жетіспеуде. Халықтың осылайша шоғырлануының бір себебі – этностың өзіндік дәс­түр­лері мен менталитетіне байла­ныс­ты. Дегенмен, заман мен уақыт талабына сәйкес біз де өз өмірімізге тың өзгерістер енгізіп келеміз. Өзбек жастарының тек оңтүстікте тұ­рақтамай, өзге өңірлерде білім алып, түрлі мамандық иесі ата­нып, өз орнын табуына жағ­дай жасалған. Әсіресе бұл мемле­кеттік «Серпін» және «Еңбек» бағ­дар­ламалары аясында жүзеге асады. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыс­ты табандылықпен жалғас­ты­руымыз қажет, – деді Алишер Сат­валдиев. Ол осы сәтті пайда­ла­нып, аға буыннан жастарды қол астында ұстамай, ақ бата­сын беріп, өзге өңірлерге жібе­руін сұ­рап, ал облыс жаста­рын еш нәр­седен іркілмей, өзге аймақ­тарға батыл қадаммен баруға шақырды.

Отырыста сөз алған Bala­pan телеарнасының бас про­дю­сері Сандуғаш Кенжебаева Ассам­­блея­ның Аналар кеңесімен бір­лесіп әлеуметтік танымдық роликтер түсіріп, халқымыздың тарихын, мәдениетін танытатын анимациялық жобалар жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеп, отандық өнімді қолдауға ша­қырды.

– Бүгінде біздің арна эфирінің 80 пайызын анимациялық өнім толтырып отыр. Оның 30 пайызы ғана төл өнім, қалған 50 пайызын шетелдік мультхикаялармен толтыруға мәжбүрміз. Осы орайда, Balapan-ның анимациялық жобалар өндірісін арттыруға ықпал етуіңізді сұраймыз. Екін­шіден, Қазақстанда 9-дан 18 жасқа дейінгі балалар көретін арна жоқ. Яғни жасөспірімдердің танымын қалыптастыратын сенімді платформа жоқ деуге болады. Сондықтан мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін телеарналардан балаларға арналған контентке кем дегенде екі сағат эфир уақытын бөлуді сұраймыз, – деп атап өтті С.Кенжебаева.

Ал «Файз» тәжік қауым­дас­тығының төрағасы Шокир Бабаев Тәуелсіз 30 жылда ел бо­лып қол жеткізген елеулі табы­сымыз бен жетістігіміз мол екенін жеткізіп, қа­сиетті Тәуелсіздік құн­ды­лығын бағалап, оны сақтау – бар­шамыз­дың азаматтық боры­шы­мыз екенін баса айтты. Шокир Бабаев еліміздегі сындарлы этно­саясаттың негізінде Қазақ­стан­дағы этностардың тарихын, тілін, дінін, салт-дәстүрлерін сақ­­тау, дамыту ешқашан ұмыт қал­­ма­­ғанын айтып, осы үшін тәжік ұлтының алғысын білдірді. Ұстаз­­дар әулетінен шыққан ол осы ұлағатты қызметті жал­ғас­ты­рып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар спикерлердің баяндамаларында азаматтарды бірыңғай қазақстандық қоғамға неғұрлым тығыз интеграция­лау, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және балаларды тәрбиелеу проблемалары, кибербуллиң, көпбалалы аналарды әлеуметтендіру секілді өзекті тақырыптар көтерілді.

 

Оқиғаға орайлас ой 

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты:

– XXIX сессияда Елбасы өз өкілеттілігін Мем­лекет басшысына тапсырған болатын. Сондықтан алғашқы жиын ел өміріндегі ынтымақ, бірлік, ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналды.

Сондай-ақ өңірлерді дамыту мәселесі, ондағы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жұмысын жандандыру мәселелері толық қам­тылды. Мемлекет басшысы біртұтас ұлт ұғы­мы, тұр­мыстық кикілжіңдерді ұлтаралық жан­жал­дар­ға ұлыстырмау секілді өзекті мәселелерге екпін берді.

Сол секілді Қасым-Жомарт Кемелұлы рухани-мәдени тұрғыда дами түсу керектігін айта келе, еліміздің ағарту және мәдениет саласын дамытуда Потанин, Достоевскийдің еңбектеріне ерекше тоқталып өтті. Жалпы, аталған жиын мазмұнды өтті деуге болады. Еліміздің тұтастығы – бірлік пен ынтымақтастықты сақтай білуде.

Кеңейтілген отырыста бір қатысушы жақсы бастама көтерді. Бүгінде елімізде балаларға арналған бір ғана «Балапан» телеарнасы бар. Бірақ арна 9 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ал 9 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған телевизиялық дүниенің, телеарнаның жоқтығы сөз болды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы уақтылы назар аударып, арнайы жиын өткізу керектігі айтылды.

 

Рахима АХМЕТОВА,

Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:

– Меніңше, бұл отырыс еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше оқиға болды. Алқалы жиында салмақты, өзекті мәселелер мемлекет деңгейінде талқыланды. Ертеңгі күнімізге жаңа серпін берілді деп айтуға болады!

Бірінші кезекте, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы бе­делі мен рөлін арттыру басты назарда екені айтылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдарының – этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмыстарын алдағы уақытта жандандыру қолға алынады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ана­лар кеңестерінің атқарылған жұмыстары тура­лы есеп мазмұнды, ал алға қойған мақсаттары нақты болды.

Ана – ұрпақ тәрбиешісі, ұлттың ұяты, қоғам­ның қозғаушы күші. Осы ретте біз, Сыр елінің аналары, Мемлекет басшысының отырыста берген тапсырмаларын іске асыруға күш-жігерімізді аямай атсалысамыз. Отан бәріміз үшін ортақ! Бе­ре­келі бірлікті сақтау әрбір қазақстандықтың парызы екенін ұмытпайық!

 

Ирина САЛАГИНА,

Қарағанды облысы «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің төрайымы:

– Президент, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын тікелей эфирден көріп, мұқият тыңдадым.

Спикерлердің біртұтас мемлекетіміздің келі­сімі мен бірлігін сақтау маңыздылығы, оқушы­лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, ин­тернет және жасөспірімдерді тәрбиелеу мәсе­лелері, балаларға арналған медиа контент қалып­тастыру, кибербуллин, көпбалалы аналарды қолдау сияқты тақырыптары өте мазмұнды болды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың қоғам­дағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету сала­сындағы қызметі мен міндеттерінің басымдық­тарын атап өтті және ұлтаралық кемсіту­шілік пен жанжалдарға жол бермеу, арандату­лар мен этностар арасындағы бейбітшілік пен келі­сімді бұзғысы келетін әлдекімдердің әрекеттерін болдырмау қажеттігіне назар аударды. Әлбетте, оны мемлекеттік саясатты дұрыс насихаттап, іріткі салушылардың соңынан ермей, саналы түрде бір мүддеге жұмылу арқылы жүзеге асырамыз.

Жалпы, бұл – нақты тапсырмалар мен өзекті ұсы­ныстар ортаға салынған алқалы кеңес болды.

 

Динара ХАТАМҚЫЗЫ,

Жамбыл облыстық «Вынхуа»

дүнгендер қауымдастығының мүшесі:

– Жыл сайын екі оқиғаны асыға күтемін – Пре­зи­денттің Жолдауы мен ҚХА-ның кеңей­тілген отырысы. ҚХА-ның кеше өткен алқалы жиы­нында өзекті мәселелер бұрынғыдан өзгеше қарастырылды. Президент Қ.Тоқаев халқымыз өмірінің барлық аспектілерін қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев біздің болашағымыз жастарда екенін, олардың бәсекеге қабілетті болуын баса айтты. Жиында сапалы білімге назар аударылып, жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығы кеңінен сөз болды.

Жастарымызға дұрыс тәрбие бере отырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету арқы­лы біз оларға қауіпті үрдістерден аулақ болуға көмектесе аламыз.

Қоғамдағы проблемалардың бірі – этностық топтасу. Бұл түрлі қақтығыстарға әкеледі. Қазақ­с­тан­ның ауылдық жерлері мен қалаларында жабық этностық аймақтар мен кварталдардың қалыптасуының теріс тенденциясын жеңу үшін жүйелік шаралар әзірлеу қажет.

Отанымыздың болашағы баршамызға бай­ла­нысты. Әр азамат еліміздің жарқын болашағы үшін үлес қосуға міндетті. Әрқайсымыз бала­ларды дұрыс тәрбиелеп, сапалы білім беріп, ха­лықтың игілігі үшін жұмыс істеуіміз керек.