Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Тараз қаласында «Туған жерім – дарқан далам» тақырыбында Талас ауданының күндері өтті.
Көне шаһардағы «Баласағұн» орталық концерт залының алдына киіз үй тігіліп, көркемөнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Сонымен қатар Талас ауданының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге ауданнан 2 тонна картоп, 1 тонна көкөніс, 300 кг жылқы еті, 500 кг қой еті, 250 кг сиыр еті, 300 кг сүт өнімдері мен 200 кг балық және «Абдрахманова» жеке кәсіпкерлігінің тәтті өнімдері қойылды.
Аталған шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты. Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек өңір басшысын аудан күндері аясында ұйымдастырылған жұмыстармен таныстырды. Облыс әкімі әуелі аудандық орталық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесін аралап көрді. Одан кейін Б.Сапарбаев аудандық өлкетану мұражайының көрмесіне қойылған тарихи жәдігерлермен танысты. Аудан күндері аясында «Балалар өнер мектебі» ұстаздарының өнерін тамашалаған облыс басшысы оларға жоғары бағасын берді. Сондай-ақ аудан күндеріне келген көпшілік ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарды тамашалап, ұлттық этномәдени орталықтардың және қолөнер шеберлерінің көрмелерін көрді. Бұдан әрі Талас топырағының талантты әншілері әсем әннен шашу шашты. Концертке арнайы шақыртылған елімізге белгілі өнер адамдары Жігер Аупбаев пен Сара Амангелді көпшіліктің ықыласына бөленді. Іс-шара барысында Талас ауданының әкімдігі арнайы тіккен он алты қанат алып киіз үйді Тараз қаласына көне шаһардың керегесі кең болсын деген жақсы ниетпен сыйға тартты. Жалпы, бұған дейін де Талас ауданы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында Қазыбек би көшесінің бойынан балалар ойын алаңшасы мен Street workout салып берген болатын.
Қазақ халқында қолда барын өзгемен бөлісу, көмек қолын созу, жомарттық таныту ізгі қасиет болып саналады. Ғасырлар бойы қазақ даласында жалғасып келе жатқан осынау дәстүрдің желісі үзілмей, бүгінге жетіп отыр. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы да бүгінде өз жемісін беруде. Әулиеата өңірінен шыққан белгілі азаматтар ауылдың гүлденуіне, дамуына өздерінің үлесін қосып келеді.
Талас ауданы Тұрымқұл елді мекенінің азаматтары ұйымдасып, елге, жерге деген перзенттік құрметін істерімен көрсетті. Туған жерге ту тігуді мақсат еткен түлектер өз қаражаттарына ауылдан соғыс ардагерлеріне арнап «Мәңгілік алау» ескерткіші, балалар ойын алаңы, «Ойық баба» мешіті және субұрқақ сияқты бірнеше нысан салып, ел игілігіне берді. Ауылдан осындай нысандардың салынғанына жергілікті тұрғындар да ризашылықтарын білдіруде. Ал ауылдан шыққан атымтай жомарт азаматтар бұл жұмысын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап отыр. Аталған шараға Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі Бейбіт Мырзагелдиев, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ауыл қариясы Әзімбай Бәйтенов жиналған көпшілікке тілектестік білдіріп, осынау игі істің ауылда атқарылуы орынды екенін жеткізді. Ал Талас ауданының әкімі Қ.Мәдібек ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтарға Жамбыл облысы әкімінің және Талас ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхатын табыс етті. Сонымен қатар кәсіпкер Мақұлбек Мырзақұлов «Шыңғысхан» шаруа қожалығының атынан жаңа мешіттің жұмысына атсалысқан азаматтарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Ауылдықтардың ұйымшылдығының нәтижесінде «Ойық баба» мешіті бір жарым жылға жуық уақыт ішінде толығымен аяқталды. Жалпы құны 80 млн теңгеге салынған мешітке қаржылай демеушілік танытқан да М.Мырзақұлов екенін айта кеткен жөн. Жиында Жиембет Бегаділов ауылдық інілерінің атынан М.Мырзақұловқа ат мінгізіп, шапан жапты. Бұдан кейін жиналған көпшілік «Мәңгілік алау» ескерткішінің, балалар ойын алаңының, «Ойық баба» мешітінің және субұрқақтың ашылу сәтін тамашалады.
Ауылдан шыққан соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған «Мәңгілік алау» ескерткішін «Аралбек» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Аралбеков өз қаражаты есебінен салып беріп отыр. Нысанның құрылысына 5,5 млн теңге жұмсалған. Ал «Нұртас» шаруа қожалығының төрағасы Нұрдәулет Сәрсен 3,5 млн теңгеге балалар ойын алаңын салса, «Бастаубай» шаруа қожалығының төрағасы Ғалым Бастаубаев субұрқақтың құрылысына өз есебінен 2,5 млн теңге бөліп, ел игілігіне берді. Туған жерге деген перзенттік парызын сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеп жүрген азаматтар ауылды көркейту шаралары мұнымен шектелмейтінін, алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып отыр. Енді Тұрлыбай ауылынан ауыл жастары үшін спорт алаңы мен қыстық спорт залы салынады. Салтанатты жиыннан соң көпшілік көркемөнерпаздардың ұйымдастыруымен концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара соңы аламан бәйге, тай бәйге сияқты ұлттық ойындарға ұласты. Бәйгеден оза шауып келген жүйріктерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен арнайы жүлделер табысталды.