Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқыраудан қалған «ескерткіштің» бірі – қаңырап, бос тұрған көпқабатты үйлер. Бұлар әлі күнге дейін моноқалалар мен ірі елді мекендерде жиі ұшырасады. Мамандардың айтуынша, иесіз қалған бұл үйлерді сырып тастаудың өзіне қыруар қаржы кетеді екен.
Ал енді осылардың іші-сыртын жөндеп, іске жаратса, қазіргі таңда өткір тұрған баспана мәселесін тиімді шешудің бір жолы болады да шығады. Мәселен, Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылында дәл осындай тоғыз көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтіп, қалпына келтірілген. Бұл дегеніңіз – 508 пәтер. Екі жыл бойы жүргізілген жұмыс қазір жемісін бере бастаған.
Ескі де жаңа пәтерге ие болған Мария Сариди есімді жергілікті тұрғын жалғызбасты ана ретінде баспана кезегінде жеті жылға жуық тұрыпты.
– Баспаналы болудан үміт үзген кезде қолыма пәтер кілті тиді. Ұлым екеуміздің бақыттан басымыз айналды. Үй жылы, тіпті кіреберісте де батареялар ыстық болып тұрады. Барлық коммуналдық игіліктер бар. Маған екі бөлмелі пәтер сатып алу құқығымен жалға берілді. Бес жыл ішінде оның иесі бола аламын. Айына 3 мың теңгеге жуық жалдау ақысын төлеймін, – дейді ол бақыттан жүзі бал-бұл жанып.
Жалпы, Бұқар жырау ауданында баспана кезегінде тұрғандардың саны 1 100 адам екен. Мұның 139-ы Доскей ауылдық округінің тұрғындары. Ал бұл ауылда келесі жылы 40 және 60 пәтерлік екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айта кететін бір жайт, қалпына келтірілген көпқабатты үйлерге барлық инженерлік игілік, соның ішінде орталықтандырылған жылу желілері тартылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында модульдік қазандық орнатылған. Екі қазандықтың қуаты бес үйді жылытуға жеткілікті. Барлық көпқабатты үйлер қалпына келтірілгенде, тағы бір қазандық іске қосылмақ.
Бұқар жырау ауданының әкімі Сержан Аймақов келесі жылы пайдалануға берілетін үйлердің де аулалары абаттандырылып, жолына асфальт төселетінін айтады. «Әсіресе біз балалардың саламатты өмір салтын серік етіп, спортпен айналысуына барлық жағдай жасаймыз. Аулаларда ойын және спорт алаңдары орналасып, футбол корты қойылады», дейді аудан әкімі.