• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қазан, 2021

Архив ісін дамыту – күн тәртібіндегі іс

503 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Президент архивінде «Қазіргі кезеңдегі архив ісі: мәселелер, тәжірибелер, инновациялар» тақырыбына арналған үшінші ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әлемдік архив ғылымының жетістіктері жан-жақты сөз болған халықаралық конфе­рен­цияда экономика мен қо­ғам­ның технологиялық жаң­ғы­руының тәжірибелері, цифр­лы технологияларды бел­сенді енгізу мәселелері де күн тәртібіне шығарылды. Жиынға қаты­сушылар сондай-ақ архивтер қызметінің жаңа мазмұнын еске­ре отырып, алдағы уақытта ар­хив ісін дамыту жайлы ой-пікір­лерін ортаға салды. Қоғам­дық сананы жаңғыртудағы ар­хив­тердің рөлі, бүгінгі архив са­ласының жағдайы да назардан тыс қалмады. Кон­ферен­цияда Қа­зақ­стан Респуб­ли­касы Ұлттық ар­хив қорының құжаттарының сақ­талуы және олардың қолже­тім­ділігін қам­та­масыз ету мәсе­лелері кеңінен сөз болды.

Президент Кеңсесінің басшысы Нұрлан Онжанов құттықтау сөзінде конференцияның ал­ғаш рет онлайн форматта ұйым­дас­тырылып отырғанын айта келіп, мұндай алаңның архив ісінің еліміздің түрлі өңір­лері мен Беларусь, Қытай, Қыр­ғыз­стан, Польша, Ресей және Өзбек­станнан келген кәсіби маман­дар­дың басын біріктіруге мүм­кін­дік бергенін де алға тартты. Архив саласын дамытудың өзек­ті мәселелерін талқылауда жиынның маңыздылығы мен қажеттілігін атап көрсеткен Н.Онжанов: «Толық цифрландыру – қазіргі таңда әлемде бәсе­кеге қабілеттіліктің басты фак­тор­ларының бірі. Мұны Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында да ерекше атап өтті. Сондықтан жаһан­дық ақпараттандыру дәуірін­де конференцияның күн тәрті­бінде көтеріліп отырған мәсе­ле­лері ерекше мәнге ие», деді. Ал Қазақстан, Қырғызстан, Поль­ша, Ресей, Өзбекстан және Финлян­дия­ның ғалымдары мен тәжіри­белі мамандары қатысқан конференцияда «ХХI ғасырдағы ар­хив ісі: дәстүр және дамыту ба­ғыттары», «Архивтер және қоғам: тарихи жадыны сақтаудағы әрекеттестік», «Ар­хив­тік білім: кадрларды даярлау мәселелері» тақырыптары қызу талқыланды.