Өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа құрылымы қоғамдық өмірге қадам басып, «А» және «Б» корпустары деген атауға ие болды. Сондай-ақ, сол өткен жылдың мамыр айында «А» корпусына үміткерлер арасында тестік тәсілмен іріктеу жүргізіліп, аталмыш конкурстың екінші кезеңінде әңгімелесу түріндегі сынақ өткізілгені мәлім. Содан соң арада көп уақыт өтпей сынақтан сүрінбегендер кадр резервіне қабылданып, олардың дені «А» корпусы лауазымына тағайындалды.
Міне, мемлекеттік басқару жүйесінде осындай өзгерістердің жасалғанына да екінші жылға ауысып барады. Сондықтан да бүгінде олардың алғашқы аяқ алыстары қандай деген сауалға Батыс Қазақстан облысында жаңа міндеттерін атқаруға кіріскен басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің мысалында жауап іздегенді жөн көрдік.
Елбасы «А» корпусы қатып қалған кадрлық құрылым емес екенін, оның ұдайы жаңартылып отыратынын, әрі қажет болған жағдайда оған тиісті талдаулар жасау керектігін айтқан. Президент Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 10 желтоқсандағы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын бекіту туралы» Жарлығы Елбасының осы нақты ой-пікірінің дәлеліндей әсер қалдырады. Осы Жарлыққа сәйкес арнайы біліктілік талаптарының ең бастыларын – мемлекеттік әкімшілік лауазым иелерінің білімі мен жұмыс өтілі бойынша талаптары құрайды. Яғни Жарлыққа сәйкес олардың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда тиісті жұмыс өтілі, сондай-ақ мемлекеттік басқару, қаржы және құқық салалары бойынша жоғары білімдері болуы қажет.
Осы тұрғыдан келгенде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе және Тасқала аудандарына кадрлар резервінен әкім болып тағайындалған Асхат Шахаров пен Санжар Әлиевтер біліктілік талаптарына сәйкес келеді деп ой түюге болады. Рас, өңір тұрғындары арасында кәсіби спортшыны әкім етіп қойғаны қалай деп айран-асыр таңғалып жүргендер де бар. Алайда, олар А.Шахаровтың Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ ұлттық экономика университетін және Ресей Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын аяқтағанын біле бермейтін секілді.
Біз арнайы журналистік іссапармен шалғайдағы Қаратөбе ауданында болғанымызда жаңа басшының адамдармен қарым-қатынасы мен ішкі мәдениетіне тұрғындардың риза екеніне көз жеткізіп оралдық. Сондай-ақ, оның бюджет қаражаттарын үнемді әрі ұқыпты жұмсау жөніндегі бастамалары да жұртшылық тарапынан қолдау тауып отырғанын аңғардық. Ол Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болған кезде экономика және бюджеттік жоспарлау комиссиясына жетекшілік жасапты.
Ал Тасқала ауданы әкімі қызметіне резервтен ұсынылған С.Әлиевтің негізгі мамандығы экономист-бухгалтер. Екінші мамандығы – заңгер. Ол бірнеше жыл қаржы полициясы жүйесінде қызмет атқарған. Соңғы кезде Президент Әкімшілігінде істеген. Елбасының «А» корпусы бойынша қызметке кіріскендердің бастамашыл болуы қажеттігін атап көрсеткені мәлім. Осы орайда бізге Санжар Жұматайұлының жеке бастамашылдық өнегесі жақсы әсер қалдырды. Атап айтқанда, ол өзі басқарып отырған өңірге инвестиция тарту, жүнді алғашқы өңдеуден өткізетін кәсіпорын құру жөнінде бастамашылдық танытуда. Бұған қажетті жер көлемі айқындалып, тек бір аудан үшін ғана емес, тұтастай облыс аумағы тұрғындары үшін қажетті өндірістің жобалау-сметалық құжаттары да жасалыпты. Ендеше іске сәт дейміз де.
Ақжайыққа өзге өңірден кадрлар резерві бойынша тағайындалған А.Шахаров пен С.Әлиев алғашқы қадамдарын аға буын өкілдерімен кездесуден бастапты. Аталған жас аудан басшылары олармен ұдайы пікірлесіп, кеңесіп отыру қажет деп санайды. Бұл, сөз жоқ, қолдауға да, құптауға да болатын қадам. Әйтсе де, олар мұны қандайда бір болмасын ішкі есеппен, өздерінің имиджін көтеру ниетімен емес, шынайы көңілмен, ақ адал жүрекпен жасағанын қалар едік. Әрі солай істейтіндеріне де сеніміміз мол.
«А» басқарушылық корпусы құрамына кіретін мемлекеттік қызметшілердің алдында тұрған басты міндеттердің бірі өткен жылы олармен өткізілген кеңесте Мемлекет басшысы арнайы атап көрсеткен – зор жауапкершілік. Олардың басты парызы ел мен Елбасы сенімін ақтау болып қала бермек. Ал мұндай зор жауапкершілік дегеніміз – ел-жұртпен қоян-қолтық араласып, ұдайы олардың арасында болуға ұмтылу, мұң-мұқтаждарына назар аудару десек, қателесе қоймаймыз.
Әйтсе де, басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің арасында осындай зор жауапкершілікті терең сезіне бермейтін, кейбір реттерде өзі басқарып отырған өңір тұрғындарынан сырт, саяқ жүретіндер де кездесіп қалып жүргенімен еріксіз келісуге тура келеді. Мысалы, Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиевтің кезекті еңбек демалысынан тыс кездің өзінде аудан аумағында үнемі бола бермейтіні жөнінде жиірек естуге, сол ауданға бара қалған жағдайда осындай көрініске куә болуға тура келіп қалып жүр. Әрине, оның объективті себептері болуы, ауырып қалуы, ота жасатуы әбден мүмкін. Бұл үшін аудан басшысына кінә тағу да қиын. Өйткені, бұл өмірде кімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды дейсіз. Дегенмен, мұндай көріністердің аракідік қайталанып тұруы ел алдындағы жауапкершілік деуге бола қояр ма екен.
Қысқасы, осы материалдарды жинақтау барысында жүргізілген журналистік талдаулар мен сараптамалар заңды жаттап алғандар мен оны жетік білетіндердің бәрі бірдей халықпен, ел-жұртпен ортақ тіл табысып, өз істерін дөңгелетіп әкете алмағандарын көрсетеді. Жоғарыда айтылғандай, Мемлекет басшысы тарапынан «А» корпусын мемлекеттік басқару жүйесінің буыны ретінде ұдайы жаңартып отыру талабын қойғаны да алдыңғы пікіріміздің мүлдем қисынсыз емес екендігін аңғартатын секілді.
Сондай-ақ, сынақта жолы болмаған әкімдердің бәрі бірдей өз орындарына лайықсыз еді деп тым біржақты тұжырым жасауға болмайтынын да оқырмандар назарына сала кеткенді жөн көреміз. Көш жүре түзеледі. Мен конкурсқа барғанда үміткерлердің кейбірі тек бір-екі балл ала алмай қалғанын білемін. Бұл қол қусырып отыруға себеп емес, деген Елбасымыздың ойлы да орнықты пікірін ұмытпауға, оны ұдайы назарымызда ұстауға тиіспіз.
Ең бастысы, сынақта сүрінген аудан әкімдерінің арасында халықпен жұмыс істеу дағдыларын жетік меңгерген, олардың сый-құрметіне бөленген, бұған дейінгі жұмыс тәжірибесінде іскерлік қабілетімен дараланған, осы арқылы аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына елеулі ықпалын тигізгендердің болуы өкіндірмей қоймайды. Өткен жылғы сынақта жолы болмаған мұндай топтағы талантты әкімдер республиканың әр аймағында кездесетініне күмән келтіру қиын-ақ.
Бүгінгі сараптамаға өзек болып отырған Батыс Қазақстан облысының мысалында осындай сүрініп кеткендердің бірі – Зеленов ауданының бұрынғы әкімі Марат Оңғарбеков еді десек, қателесе қоймаймыз. Солай бұла тұрса да өткен жылғы конкурс талабы бойынша тиісті нәтиже көрсете алмағандар жоғарыда аталған Президент Жарлығына сәйкес биыл оған қайтадан қатысуға құқылы екені де атап айтуға тұрарлық мәселе.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заң бойынша мемлекеттік қызметшілер қызмет этикасын қатаң сақтауға тиіс. Алайда, ылғи былай бола бермейтініне еріксіз қынжылуға тура келеді. Бұл мәселені өткен жылы «А» басқарушылық корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңес кезінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қадап, шегелеп айтқан еді. Соған қарамастан қызмет этикасын сақтамау көріністері кездесіп қалып жүр.
Өзін облыстағы барлық қызмет пен ауыр жүкті тек бір өзі атқарып жүргендей түр көрсетіп, мүлдем уақытының жоқ екендігін айтып, өзіне хабарласқандармен тілдесуден бас тартуға ыңғай танытып тұратын лауазымды тұлғалар да кездесіп қалады. Мемлекеттік қызмет этикасымен сыйыса бермейтін осындай теріс әдеттің көрінісін облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашевтың бойынан көріп қалғанымызды жасырғымыз келмейді.
Түйіп айтқанда, «А» корпусындағылар ешқандай да элита емес, мемлекет, ел, халық қызметшісі екенін ұмытпаса, әрі өздеріне жоғары моральдық және өнегелік қасиеттерді тән етсе олардың ел алдындағы абыройы мен беделі соғұрлым мол болатынына ешқандай күмән жоқ. Елбасымыздың «А» корпусына қатысты тиісті талдаулар мен сараптамалар жүргізу керектігі жөнінде айтқаны БАҚ өкілдеріне де қатысты сияқты көрінеді. Сондықтан да жаңа басқарушылық мемлекеттік корпус қызметі екінші жылға аяқ басқан шақта осындай бір талдаудың қажеттігі айқын көрінді де тұрды. Осы ойдың жетегімен кейбір ұққан-түйген журналистік ой-пікірлерімізді оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.