Елордада көпірден суға секіріп кеткен жасөспірім қызды 2 жігіт құтқарып қалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«24 қазан күні сағат 14:33-те Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару отрядының құтқарушылары «Атырау» көпірінен жасөспірім қыз баланың суға секіріп кеткендігі туралы хабарлама алып, оқиға орнына шықты. Сол жерден өтіп бара жатқан екі адам қыздың суға секіріп кеткенін көріп, суға сүңгіген. Құтқарушылар жеткен кезде екі адам жасөспірімді жағаға жеткізуге тырысып жатты. Құтқарушылар баланы қайыққа салып алып, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін шұғыл жедел құтқару отрядының орталығына аттанды. Жасөспірім аман қалды. Оқиға орнына Полиция департаменті мен жасөспірімнің ата-анасы шақырылды», делінген ведомство ақпаратында.