Ассалаумағалейкүм, айналайын іні-досым Сауытбек!
Сізге арналған хұсни хатымды Хатжазған жартасының астындағы аршаның ығынан жазып отырмын. Өзіңіз білетін Таупістелі ауылының Қаратау жақ биігіндегі Бозторғай асуының оң қапталы ғой. Хатжазған жартасындағы таңбалар бертінгі ғасырларда өшіп, көрінбей кеткен. Әлдекімдер ерігіп те, еліріп те қиратқан деседі. Анда-санда осынау Хатжазғанның астындағы аршаның түбінде хат жазып отырып, шыбын жанына шипа тілейді мына жаман ағаңыз.
Сәуке, сізге деген ілтипаттың айрықшалығы айқын ғой. Алпыс жылдығыңызда ше, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Көрнекті қаламгер, зияткер ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде сіздің есіміңіз баршаға танымал. Руханият саласында биік лауазымды қызметтер атқарып, «Егемен Қазақстан» газетінің басында ұлт болмысын әйгілеуге ерекше күш-жігер жұмсаудасыз. Баспасөзді дамытуға, мәдени-тарихи мұралық қазынамызды байытуға қосып жүрген қыруар еңбегіңіз үшін сізге алғысымды білдіріп, жаңа табыстар, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Әрқашан ел құрметіне бөлене беріңіз», – деп құттықтаған болатын. Арада сегіз жылдай уақыт өткенде «Абыз Әбіш» атты айтулы кітабыңызға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақеділ ықыласпен алғысөз жазды. «Сауытбек Абдрахмановтың кітабы – Әбіш Кекілбаевтың ұланғайыр ойшылдығын кешенді түрде талдаған күрделі еңбек. Яғни кекілбаевтануды кеңейтетін кітап. Мұнда аса қомақты фактологиялық материалдың негізінде Ә.Кекілбаевтың мәдениеттанушылық, өнертанушылық, әдебиеттанушылық, тарихшылық, саясаткерлік қырлары, нағыз энциклопедиялық білімі, терең танымы, академиялық универсализмі жан-жақты ашылған. Белгілі қаламгердің жаңа кітабы әбіштануды жоғары деңгейге көтеретін, Кекілбаев кемеңгерлігінің көкжиегін көрсететін еңбек деп бағалауға лайықты», дейді Мемлекет басшысы.
«Қазақ әдебиеті» газетінің кейбір сандарын сары майдай, сүр қазыдай сақтайтын әдетіміз бар. Осы басылымыңыздың 2001 жылғы 16 қарашадағы нөмірінде Әбіш Кекілбайұлының «Ілгері бастырар ізгілік» деген дүниесі жарияланған. Ініге ізет-ілтипаттың үздік үлгісіндей бұл бөлекше мақаланы әлсін де әлсін оқитынымыз рас. Кекілбаев кемеңгерлігінің, көрегенділігінің қайсыбірін, қай қырын айтып тауыса алармыз. Сол мақаласы арқылы-ақ бар-барша бағалары мен бағамдауларын беріп үлгерген. «Ибалы да зерделі Сауытбек». «Мол білік пен зор кісілік иесі». «Өзіңдей көріп, сеніп тапсыруға болатын, жолда тастап кетпейтін жорық тұлпарындай жолдастыққа адал». «Білікті маман, шебер ұйымдастырушы». «Ұлт пен мемлекет мүддесін бірінші орынға қойып еңбек етті». «Мансап қумады, мақсат қуды». «Пысықтық пен пасықтыққа ырық бермей, бүтіндік пен түгелдікке қызмет етуде табандылық таныта алды». «Мен оның қабілетіне, талантына, еңбекқорлығына дән риза бола жүре, әсіресе кез келген оқыған-тоқығанның бойында кездесе бермейтін, бесіктен жұғып, сүтпен сіңгендей ерекше дегдарлығына таңғаламын». «Оның бойында өзгелерді жөнді-жөнсіз жоққа шығарып, өзіне өзі тамсанатын таяздық пен тантықтық байқалған емес». «Тәуелсіздікті тәуелді кезеңдегілеріміздің бәрін бірыңғай тәрк ету деп түсінуден аулақ тұра білді». «Оған да тек рухани ізденісте жүретін адамдар ғана жете алса керек». «Бұл оның жеке шығармашылығына ғана емес, әлеуметтік қызметінің бәріне тән».
Қалай да қалай айтады, ә?! Әбішіңіз. Иә-иә, айтып та айтпай не керек-ай, іні-досымыз, ілтипат жасап, хұсни хат арнап отырған Сауытбегіміз туралы шынайы ықыласпен айтатындар мен жазатындардың бәрі дерлік сіздің ізеттілігіңіз бен ізденімпаздығыңызды, ізгілігіңізді айрықшалайды. Алға шығарады. Ерекшелеп екшейді.
Студент кезіңізде зияткер Зейнолла Серікқалиев, батылдығын бұлдамайтын Болат Бодаубаев, көркемдіктің кербұғысы Оралхан Бөкеев, зердесі зерлі зиялы Сағат Әшімбаев сынды саңлақтардың ықыласына бөленіп, ілтипатына іліндіңіз. Кино сыны жөніндегі мәністі мақала-рецензияларыңыз алғашқы курстан-ақ ауызға ілікті. «Төтенше комиссар», «Кабулдағы елшілік», «Қашу», «Жетінші оқ», «Қайта оралмас», «Ұрысқа тек қарттар шығады», «Есіміңді ұмытпа», «Король Лир», «Қызыл бүрген», «Таңғажайып», «Шоқ пен Шер», «Ватерлоо», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Көксерек», «Орман балладасы», «Көкжиектер», «Отқа оранған Орал», сияқты сан алуан фильмдер хақындағы мақалаларыңыз талайларды таңырқататын. Студент кезіңізде-ақ, 1974 жылы Қазақстан Кинематографистер одағының кино сыны саласындағы жүлдесін алдыңыз-ау. Дипломдық жұмысыңыздың тақырыбы «Қазіргі қазақ киносы. 1970-1975 жылдардағы көркем және телевизиялық фильмдер» еді. Адамзаттың Айтматовымен әдеби шығармалардың экрандалуы тақырыбында сұхбат жасағаныңыз да диплом қорғаған жылыңызда еді. Студенттің шоң Шыңғыспен соншама біліктілікпен сөйлескеніне мына жақта жүріп әрі таңданып, әрі марқайып едік сонда. 2019 жылы шыққан «Өнер өлкесі» деген кітабыңыздың «Студент дәптерінен» аталатын бөлімінде жарияланған сол сұхбатқа кезінде сөз танитын, ең бастысы – қуана алатын қаламгерлердің бәрі сүйсінген. Солардың бірі, бірегейі – өзіңізбен бір бөлімде бес жыл бірге істеген Ақселеу Сейдімбек «Күңгір-күңгір күмбездер» деген кітабына бүй деп жазыпты: «Сауытбек! Егер менде іні болса, ол сендей болса, соған қанағат етер едім. Құрметпен, С.Ақселеу. 23.09.81». Мінекиіңіз, ағаның ініге ілтипаты.
Бауыржан Омаровтай бітімі бөлек бауырымыз «N 1 ойыншы» деген эссесінде әдемілеп әзілдейтіндей, «СҚ»-дан «ЦК»-ға жауапты қызметке шақырылдыңыз. Тағы да Әбішіңіз әдіптегендей, «ұстаздарға да салымды екенсіз». Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Сейіт Қасқабасов, Төлен Әбдіков... Осынау орасан ойлы, мемлекетшіл, елжанды ерендеріңіздің қай-қайсысы да іні-досымыздың, яғни сіздің сана сапаңызға, жоғары жауапкершілігіңізге, іскер де ізденімпаз ұйымдастырушылық қасиетіңізге, талантыңызға тәнтілік танытты. Мәселен, Мырзатай Жолдасбеков бүй дейді: «Көлбеңдеп көзге түсе бермейтін, кісіні көлденең кесіп өте бермейтін, ақылмандарша кеңес те бере алатын, көсіліп сөйлей де алатын, қиналғанда ақыл да бере алатын адамдар болады. Бірақ олар көп емес. Сауытбек – сондай азғантай асылдың бірі, бірегейі. Ондай кісіні қасыңнан жібергің келмейді, қимайсың... Тәуелсіздік орнаған кезде елдің есі шықты. Не істеп, не қоярын білмеді. Ел іші де бүлініп жатты. Неше түрлі арандатушылар шықты, әбіржітті, іріткі салды. Елбасы осының бәріне шыдады. «Тілі байланған, қол-аяғы кісенделген ел едік, еркін сөйлеуді де үйренсін», – деді. Кеңшілік жасады. Бізді де сабырлылыққа, төзімділікке шақырды. Осы тұста Сауытбек Абдрахманов менің қамшылар жағымда болды. Оның әрі ойлы, әрі сабырлы көсемсөзі жүріп жатқан реформалардың бүге-шігесін ашып, түсіндірумен елдің назарын өзіне аударды. Мемлекеттің қай қызметіне де жас кезінен-ақ әзір еді. Басқа қызметке жіберсек, қиналып қаламыз ба деп, оны жанымнан шығармай да жүрдім. Бір жағынан мұным Сауытбекке қиянат сияқты. Десе де, қимадым. Сауытбектің басшылық қызметке кештеу келуінің бір себебі де сол. Ол мемлекеттің ішкі саясат жұмыстарында орасан сүбелі істер атқарды. Мұндайды тарих ұмытпайды».
Мырзатай ағаның мойындауын әдейілеп ұзағырақ келтірдік, іні-дос. Қаншама «қиянаттар» қалыңдағанымен, қызметтік өсу жолыңыз да жаман емес-ау. Орталық Комитеттің Идеология бөлімінің нұсқаушысы. Мәдениет және өнер секторының меңгерушісі. Президент Кеңесінің кеңесшісі. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары. «Қазақстан телевидениесі мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті... Мемлекетімізді мемлекетшілдігіңізбен мығымдандырған мықтылардансыз. Жас мемлекеттің жаңа идеологиясын жасақтаудағы жан аямас еңбектеріңіз ерен. Кешігіңкіреп дегеннен шығады, кейініректе Ақпарат министрі болып тағайындалғаныңызда: «Е, бәрекелді!» дескенбіз.
Ал енді ел газеті «Егемен Қазақстанды», байтағымыздың бас басылымын, 2000-2016 жылдар аралығында, яғни он алты жыл бойы басқарғандағы азаматтық асқақ жауапкершілігіңіз бен кең құлашты қайраткерлігіңіз, кемелдігіңіз бен кенендігіңіз кеңінен танылған, даусыз мойындалған. Парасат-пайым биіктерінен, елдік ендіктерінен, байыптылық бойлықтарынан табылатын, сан түрлі тақырыптардағы публицистикалық тағылымнама танымдық зерлі зияткерлік эсселеріңіз ұлттық ұждан ұнасымына қалтқысыз қызмет етті. Білеміз. Білген соң айтамыз. Қарамағыңызда жұмыс істедік. Қатар жатқан үш облысты қатар шарлатып, қалағанымызды қалағанымызша жаздырғансыз. «Заманында мына көкеңізге Сауытбегіңіздің өзі бірнеше жыл құда түсіп жүріп, жұмысқа қоймай шақырып алған» деп шалқая шіренетін де шамамыз бар.
Сіздің әдебиетттанушылық, мәдениеттанушылық, өнертанушылық еңбектеріңізді әлемдік әдеміліктің, дүниежүзілік көркем ойдың заманауи биіктерінен табылады деп танығандар аз емес. Елбасытанудағы ерендігіңіз ерекше. «Өмір өткелдері» деген тұтас кітабын қағазға түсіріп шыққансыз. Нұрсұлтан Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Эдуард Шеварднадзе, Эмомали Рахмон, Хосни Мубарак сынды мемлекет басшыларымен, әлемдік әдебиет және өнердің өзгеше өкілдерімен, спорт жұлдыздарымен жасап, жариялаған сыр-сұхбаттарыңыз саналарға сәуе дарытып, сәуле құйғанын жұртшылық жақсы біледі.
Пушкиннің «Евгений Онегин» романының аудармалары туралы кандидаттық, өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы тақырыбында докторлық диссертация қорғадыңыз. Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі атандыңыз. Профессорсыз. Өткен жылы осы біздің «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бір шәкіртіңіз Еуразия университетінде оқитын лекцияларыңызға басқа факультеттердің студенттері жасырынып келіп, тыңдап отыратынын жазғанда тағы қайран қалғанбыз. 1999-2020 жылдары жарияланған «Біздің Пушкин», «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода», «Әдебиет әлемі», «Аударма алыбы» сияқты еңбектеріңіз отандық әдебиеттануға қосылған қомақты үлес ретінде қазағыңызды қуантады. Басқалар да бағалайды. Бағалағаны сол ғой, сіздің бірқанша бірегей мақалаларыңыз бен сұхбаттарыңыз ағылшын, араб, түрік, өзбек, тәжік тілдерінде жарияланған. Бір сұхбатыңызды Каирдағы 980 мың дана болып тарайтын «Аль-Хабар» газеті басқан. Өзіңіз алақанда ойнататын орыс тілін айтпай-ақ қояйын. Мәскеудің «Литературная газета», «Художественная литература», «Русский раритет», «Независимая газета», «Аргументы и факты», «Комсомольская правда» сияқты баспалары мен басылымдарында туындыларыңыздың жарық көруі де көп нәрсені аңғартар. Қазақ қаламгерлерінің арасында кітабын (Абайдың 175 жылдығында ақынның тәржімешілік талантын айқара ашқан «Аударма алыбын» айтам) үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша шығарған да қазірше тек сіз ғана.
Өзіміздің «Егеменде» елді елең еткізген, жөні бөлекше жобаларыңыз жайында тәнтілікпен тамсана жазғандар жетіп-артылып жатыр. Айрықшалары: «Адамзат күнтізбесі», әлбетте «Әлемге әйгіліңіз», төрт-бес жылдай толғана толғап, кейін екі томдық жауһар жасаған «Жиырмасыншы ғасыр жырлайдыңыз» ғой. Айтпақшы, аудармашылық талантыңызды танытқан «Бейбарыс» романы Елбасының тікелей тапсырмасымен тәржімаланып, үлкен-үлкен үрдісті тірліктерге, бейбарыстанудағы бірегей бетбұрыстарға бастағаны белгілі. Кітапқа Әбіш аға алғы сөз жазғанын, содан кейін барып Атырауда даңқты бабамызға ескерткіш қойылғанын, Каирдағы Бейбарыс мешітін жөндеуді Үкіметіміз қолға алғанын білеміз. Кезінде француз классигі Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романын аударғаныңыз үшін халықаралық «Алаш» сыйлығын алғаныңызды да айта кетейін.
Қызық-ақ қой, іні-дос. «Қызмет – қолдың кірі емес» дегеніңізді «Түркістан» газетінен оқығанбыз. Бұл мақалды әу баста бір қазақ қызметтен түсіп қалған басқа қазақты жұбату үшін ойлап тапқан немесе қызметке қолы жетпеген біреу өзін өзі жұбату үшін шығарған... Деп едіңіз-ау әзіл-шынын араластырып. «Әйтпесе, лауазымды қызмет – елге қызмет етудің тетігін қолға ұстататын мүмкіндік. Ол мүмкіндікті қалай пайдаланатының өзіңе байланысты», деп тәмамдапсыз ойыңызды. Осыған орай, елшіл ерендігі, халықжандылық қызметі үшін жала жабылып, төртжарым жыл тас қапаста жапа шеккен Асанбай Асқаровтың айтқаны ойға оралып отырыпты. «Ай, айналайындар, «Қызмет – қолдың кірі» дегенді ақылынан адасқан, алжасқан адам айтса керек. Олай ұғынатындар оңбай қателеседі. Тереңірек түсінгенге, халқына қызмет ете білгенге «Қызмет – қолдың нұры», – деген еді обком бюросының бір отырысында.
Қайран қаламыз. Шерхан, Әбіш ағаларыңыз да қай қызметте де қаламын қолынан тастамай, қайраткерлік парызын қалтқысыз атқарып еді-ау деп. Әбіш, Шерхан бастаған сардарлар сапындасыз, Сәуке. Ашығын айту керек.
Өзіңіздің алпыс жылдығыңыздың тұсында осы ойға анық ұйыған едім.
Іні-досым менің! Сол бір сары алтындай, саф таза, кіршіксіз күлімсіреген күзіңіз күні кешегідей-ақ көз алдыңызда шығар-ау. Алты асқардан асқаныңыздағы сол алтынсары, айтулы күзді айтам да. Шымкентіңіз шырайланған. Бұрынғысынан бетер. Сарыағашыңыз сағыныштың сабатындай абаттанған. Көркем Келесіңіздің белестеріндегі бетегелер басына мизам ілініп, ақ сәлкеш орамалдай алаураған. Поэзия патшайымы Фариза әпкеміз әуестенгендей, күллі күнгейіңіз күлімдеген. Алпысыңызда, талтүсіңізде қуанып кімдер келді десеңізші сонда?! Әбішіңіз зайыбымен. Фариза әпкеңіз. Сәбит ағаңыз зайыбымен. Сейіт көкеңіз зайыбымен. Әлібегіңіз, Әбдімүтәліңіз, Тілеуқабылыңыз, Заманбегіңіз, Құлбегіңіз, Ағайдарыңыз, Жұмабегіңіз...
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов, әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі орынбасары Әли Бектаев, Шымшаһардың басшысы Қайрат Молдасейітов, Сарыағаш ауданының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев – бәрі де бәйек болып, ықылас-ілтипат танытып баққан. Жұмат Шанин драма театрында үлкен кеш өткен. Оны жүргізу бақыты бізге бұйырған. Кекілбаевтай кемеңіз сахнада желкен керген. Сізге, әдебиет пен мәдениетке қарата, қопара айтқан аз ғана сөзі қалың қауымды сілтідей тындырған. Инсульт алып, жады жадаңқырап, жүрегі жүдеңкіреп жүргеннің өзінде, қайран да қайран қаранарыңыздың ұлт ұстазы, рух сардары феномендігі анық аңғарылып тұрған. Әбіш көкем сонда сізді «Нөмірі бірінші журналист» деген. «Мерейтойдағы мадақсөзге жатқыза салмаңыздар мұны» деп қосып қойған. Соның бәрі таспада тұр. Фариза әпкеміз тебіренді. Сәбит пен Сейіт серпіле сөйледі. Әлібек досыңыз ақтарылды.
Сіз, Сәуке, сонда әдемі әзілмен, терең түйсікшілдікпен баршаны баурадыңыз ғой. Іні-досқа қарап, қалжыңмен көмкерілген сөзін тыңдап, марқайдық-ау сол сахнада. «Өмірден өз жолын жақсы тапқан деп жатырсыздар. Рақмет риясыздықтарыңызға. Адалын айтайын, былай ғой. Бәрі – Әбіш ағамның арқасы. КазГУ-дің бесінші курсында Кинокомитетке шақырылдым. Ойыма «Қазақфильмнің» бас редакторы Әбіш Кекілбаев екені түсті. Бардым. Бір жылдан кейін «Социалистік Қазақстанға» шақырылдым. Әбекеңнің «Лениншіл жаста» істегені есіме түсті. Бардым. Он екі жыл жұмыс істедім. Орталық Комитетке шақырылдым. Әбіш ағам да ЦК-да он жыл отырып еді ғой деп ойладым. Бардым. Мәдениет министрінің бірінші орынбасарлығына шақырылдым. Бұл лауазымды да Әбекем атқарып еді ғой дедім. Бардым. Біраз жылдар өткенде «Егемен Қазақстанды» басқаруға ұсыныс жасалды. Бұл басылымды Әбіш ағам басқарып еді ғой дедім. Келдім»... Дедіңіз. Театр толы жұртшылықтың ду-ду еткені елдің есінде.
Қазығұрттың белуарлық баурайындағы туған ауылыңыз Ұя мекенінде болғанымызды ше, Сәуке, өзіңіз «Абыз Әбіште» әдіптегеніңіздей-ақ, өңіміз бе, түсіміз бе дейміз де жүреміз. Осы күнге дейін. Ай, өзі де Ұя десе Ұя-ауыл екен дә-ә-ә. Сол кездегі «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт бізбен бірге еді, джиптен түсіп жатып: «Сауытбек ағам Ұя ауылын жырлаумен келе жатыр. Әрі қарай басқа мәшинеге мінеміз. Табиғатты бүлдіреді деп, ауыл адамдары асфальт жол салғызбаған екен», деп, басын қайта-қайта шайқап, тілшілік таңдайын тақ-тақ қаққан.
Ұя десе, Ұя екен туған ауылыңыз. Ақкөңіл де аңғал, адал да жуас жұрты түгел-тұтас жиналды. Сіз Әбішіңізді сардар, ділмар, елдар деп жазасыз ғой, Сәуке. Сонда, Ұя ауылында Әбекең: «Қазығұрттайын ұлы таудың қиясынан қанаттанған, кіндігін кескен Ұясынан ұшқан ұлан қыран болып оралды орталарыңызға. Дүйім дала жұртының дегдарына айналды», деп толғанды. Сардар суреткер сізді «дегдар» деді. Фаризаңыздың айналайыннан бастаған сөзі де бөлекшетұғын. «Айналайын Сауытбегім менің! Айналайын Ұя ауылы! Осындай оғланды тудырған топыраққа тағзым!» деп бастап, бірталайға барған. Күлгін шашы, кемел басы кенет Қазығұрттың Кемеқалған тұсымен түстес көрінген. Өзгелер де өзгеше сөз мәнерлеп, орасан ой қозғаған.
Ұя ауылындағы ақшаңқан киіз үйдің алдында аудан әкімі Болат мырза сізге ақбоз ат мінгізген. Сіз абыз Әбішіңізге сыйладыңыз. Қазығұрт кентінде заңғар заңгер Бекет Тұрғараев сізге керемет күрең сыйлаған. Оны поэзия патшайымы Фариза әпкемізге лайық көрдіңіз. Тағы бір торы қасқаны тартулап еді ел азаматтары. Сіз оны Сейіт Қасқабасовқа мінгіздіңіз. Аттың бәрінен айрылып, атақтың бәрін арқалап алған алғырлығыңызға айызымыз қанған.
Сағыныштан жаралғандай Сарыағаштағы, өскен өңіріңіз Келестегі кездесулерді кестелесек, ұзағыраққа кетіңкіреп қалармыз. Құдалықта болдық қой. Абыз Әбіш – бас құда. Фариза әпке – бас құдағи. Сейіт аға – тең төраға құқында. Шіркін-ай, мұндай да ғажайып құдалық болады екен-ау. Деп таңданысқан жұртшылық. Әлдебір жағдаймен қатыса алмаған Сәбит көкеміз өкінген. Кейініректе. Қызыңыз Әселдің тойы мен құдалығы алпыс жасқа толуыңызбен үйлескені қандай ғажап?! Күйеу бала Сержанның екі езуі екі құлағында. Құдаңыз Қоңырат пен құдағиыңыз Мүбәрәктардың қанат байлап ұшып жүргендей қуаныштары қандай... Әбішіңіздің бата-тілегі қандай-ды. Фариза әпкеміз шешілді-ай сол тойда. «Жұмаққа бергісіз Ұя ауылында туып, жәннаттайын Келесте өскен менің Сауытбегім, көркем шығармаға бергісіз жайнаған жазбалар жазатын бауырым! Сүйікті келінім, азамат інімнің асыл жары Мәрия! Сен екеуің Алматы жастарының, Алматы студенттерінің махаббат Меккесіндей Медеуде сүйіскен ғашықсыңдар. Құттықтаймын, айналайындар! Мына Әсел мен Сержанның сүйіспеншіліктері де сендердікіндей болғай. Өмірлік жарын дұрыс таңдаған азаматтарды сыйлаймын, еркектердің қадір-қасиетін әйелдеріне қарап бағалау керектігін жиі жазамын, көп айтамын. Мәрия, Сауытбек, екеуіңнің Асқар, Әлия, Әсел, Әнуардай алтын асықтай ұлдарың, күміс қасықтай қыздарың өсіп-өне берсін. Өркендей беріңдер. Әрбір жанұя сендердей парасат биігінен көріне білсе, еліміз де биіктей береді», деді. «Төлеген, сенде арман жоқ!» дегенді ойымызға алып отырып еді сонда.
Жетпіске де жетіп қалдыңыз-ау, іні-досым. Шүкіршілік. Жемістеріңіз де, жетістіктеріңіз де мол. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерісіз. «Парасат» ордені. Бірінші дәрежелі «Барыс» ордені. Былтыр «Абыз Әбіш» атты жөні бөлек, жосығы ерек еңбегіңіз үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Парламенттің парасатты депутатысыз. Жетпіске толатын жылыңызда Мәжіліске қайта сайланғаныңыздың өзі бәрін айтып тұрған жоқ па?
Хатымды бітіргелі жатқанда, бүгін көксандықтан сұхбатыңызды көріп қалдым. Сол күні түске дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында, Ассамблея жиынында сөз сөйлегенсіз. Тікелей эфирде тыңдағанбыз. Жанарларыңыздан жарқыл байқалады. Алпысыңыздағыдай. Тіпті елуіңіздегідей-ау. Бірақ баяғыдан бағдарланатын уайым да жоқ емес. Кибербуллингтің кесапатын айттыңыз. Мектептегі әлімжеттікті әңгімеледіңіз. Абыз Әбіш: «Қайткенде қабырғалы халық, іргелі ел боламыз деген – оның қаршадайынан естіп келе жатқан уайымы. Шамасы, ол бұл уайымды ешқашан естен шығарып көрмегенге ұқсайды. Ол да елдіктің жолында ештеңесін аямайтын елжандылықтан өрбитін болса керек», деген ғой сіз туралы. «Уайым – ер қорғаны» демейтін бе еді өзіңіз жиі ауызға алатын Абай атаңыз? Елдің жайын ойлаған уайымыңыз өзіңізге қорған болсын.
Ізеттілігіңіз, ізгілігіңіз ілгерілете берсін, іні-досым!
Сізді дәйім
құрмет тұтушы:
Мархабат БАЙҒҰТ