Кейінгі апталарда жастар арасында қызу талқыланып жүрген тақырып – оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» (Squid Game) дорамасы. Әлеуметтік желілерде жүйені, сыбайлас жемқорлықты осы хикаяның кадрлары арқылы келемеждеп, түрлі жағдайды сипаттайтын «мемдер» тарап та үлгерді.
Сериалдың жарық көргеніне бір ай енді толса да, қаралым бойынша Netflix стримингтік платформасында бұрын-соңды жарияланған фильмдер мен көпбөлімді сериалдарды басып озды. «Кальмар ойыны» сюжетінен бөлек, танымал болу феномені көпті көбірек алаңдататын сыңайлы.
Дорама Netflix стримингтік платформасында 17 қыркүйекте жарияланып, екі апта ішінде әлемнің бірқатар елінде танымалдылыққа ие болды. Режиссер Хван Дон Хектің туындысы нағыз антиутопия. Өйткені оқиға қарызынан құтылу үшін өміріне қауіп төндіретін ойынға келіскендер туралы. Қаражаттан таршылық көріп жүрген 456 адам ойынға қатысып, тапсырманы мүдірмей орындауы керек. Тірі қалатын жалғыз жеңімпаз 46,5 млрд вонға (15 млрд теңге) ие болады. Туындыны көрген көпшілік жан түршігерлік кадрлардың көптігін алға тартады. Адам қиялына сыймайтын оқиғалар, жағдайлар кейбір көрермен үшін тіпті жиіркенішті көрінген.
Жалпы, «кальмар» деп аталатын ойын корей балаларының арасында әуелден танымал. Балалар ойынының ережесі бойынша, екі топқа бөлініп, бос тұрған жерге таласады. Ойын алаңы- нан бірін-бірі итергенге төзіп, сызылған аймақтан шықпаған бала – жеңімпаз.
«Кальмар ойынының» танымал болуына өмірде жиі кездесетін оқиғалардың негізге алынуы себеп дейді. Әсіресе қарызға белшесінен батқандар мәселесі көпті алаңдатпай қоймас. Дегенмен «Кальмар ойынының» феномені неде?
Жоғарыда айтқанымыздай, дораманың бас кейіперлерінің бірі – зейнеткер анасының ақшасын жұмсап, құмар ойынның шырмауына маталған жігіт. Ажырасқан әйелімен де, туған қызымен де дұрыс қарым-қатынас құра алмаған. Бір күні үлкен ойынға келіссе, қомақты қаржыға ие болатыны туралы ұсыныс түседі. Жоғалтып аламын деп қорқатын ештеңесі болмағандықтан ұсынысқа жігіт қуана келіседі. Ойында жеңіске жетіп, қызымен қатынасын реттеуді жоспарлайды. Сон Ки Хун ойынның соңғы қатысушысы, яғни №456 ойыншы болады.
Корея кинематографиясы үшін соңғы жылдар жемісті. Былтыр режиссер Хван Дон Хёктің «Паразиттер» фильмі Оскар жүлдесін жеңіп алды. «Кальмар ойыны» көп қаралған фильм болып қана қоймай, басқа салаларға да әсер етіп жатыр. Мәселен, АҚШ-тың Variety апталық басылымы сериал кейіпкерлері ойын кезінде киіп жүретін ақ аяқкиімдердің сатылымы соңғы екі апта ішінде 7800%-ға артқанын жазады. Мұндай тенденцияны байқаған психолог мамандар фильмнің көп қаралуына да маркетингтің әсері бар деген ой айтады. Сериал туралы әлеуметтік желілерде көп жазылып, жастар арасында жиі талқылануы тобыр эффектісін туғызады. Яғни біріне бірі еріп, туындыны «қызық үшін» қарауы мүмкін.
The Guardian газетінің шолушылары туындының танымал болуына оқиғаға мұрындық болған әлеуметтік теңсіздік мәселесі себеп дейді. Real Good Economic Research Institute орталығының сарапшылары Оңтүстік Корея тұрғындарының жалпы қарызы елдің ІЖӨ-ден 5 пайызға көп деген мәлімдеме жасады. «Бұл дегеніміз әр азамат бір жыл бойы табысын жинаса да, қарызынан құтыла алмайтынын білдіреді. Оның үстіне қарызға батқандар саны күн санап өсуде. Демек бұл өзекті мәселе. Сондықтан қарызы барлар туралы сериалдың көпті қызықтыруы заңды», дейді экономистер.
Маркетинг саласының мамандары сериалдың танымал болуына әлеуметтік желінің әсері көп деген пікірмен келіседі. TikTok пен Instagram желілеріндегі жазбалар, видеолар мен суреттер туындыға деген қызығушылықты арттырып, көптің назарын бұрды. Бір ғана TikTok платформасында #SquidGame хештегінің қаралымы 37 млн-ға жеткен.
Жақында әлеуметтік желілерде Алматы қаласында осы сериал атмосферасын қайталайтын дәмхана ашылғаны туралы хабар тарады. Кіру үшін 4 000 теңге төлеп, сериал әлеміне еніп кетуге болады дейді. Жастар осы концептте туған күн ұйымдастырып үлгерді. Кешке шақырылғандар дорама кейіпкерлері киген киімді қайталап келуі тиіс. Әдетте 31 қазанда атап өтілетін Halloween мерекесі дәл осы тақырыпта өтуі мүмкін деген болжамдар аз емес.
Түркиядағы Шанлыурфа қаласының әкімдігі де трендті ұтымды пайдаланып үлгерген. Әкімдік «Қиын жағдайға тап болсаң, басқаларды іздемей, бізге хабарлас» деген хабарламасы бар хаттар таратқан. Онда әкімдіктің байланыс нөмірлері көрсетілген. Әкімдіктің Әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлері азаматтарға кез келген көмек беруге әзір екенін білдірудің жақсы жолы болды дейді.
Осы ретте сериалдың түсіріліміне 21,4 млн доллары жұмсалғанын айта кеткен жөн. Bloomberg агенттігі туындыдан түскен табыс 891,1 млн долларға жетеді деген болжам айтады.
Сериалға жастардан бөлек, балалардың да қызығушылығы артып тұр. Балалар психологы Әсем Сабыржанқызының айтуынша, туынды авторларының нұсқаулығын ескеру маңызды. Яғни сериалды 18 жасқа толған азаматтар көре алады. «Балалар ойынды жақсы көреді. Сондықтан бұл сериалға қызығушылықтың жоғары екені анық. Дегенмен сериалдың идеясы да, сюжеті де балалар үшін қауіпті. Жиіркенішті сахналардан бөлек, қарыз, адам өлтіру сияқты мәселелер көтерілген. Балалар өздері байқамаса да ол оқиға түпсанасына жазылып, кейін өз өмірінде осыған ұқсас жағдайларға қалай тап болғанын білмей қалуы ғажап емес. Өйткені адам оқыған кітабы, көрген фильмі, араласқан ортасы арқылы дамиды. Кейіпкерлердің не таныстарының іс-әрекетін қайталайды. Сондықтан шындық пен қиялды, жақсы мен жаманды ажыратып үлгермеген балаға мұндай туындыны көрсету дұрыс емес деп санаймын», дейді психолог.
Жиіркенішті, аурасы ауыр көріністерге толы сериал. Астарында үлкен мәселе болғанымен, адам қиялына сыймайтын сценарий. Мұны біреу өзі арнайы іздеп көрсе, енді бірі әлеуметтік желіде көп талқыланғаннан кейін қарайды. Қалай болғанда да мәселе – өзімізде. Өйткені жаңарған рекордтағы сандарды өзіміз жасаймыз. Өмір сүріп жатқан ортамыздың жақсы болуы үшін нені көріп, не үшін оқығанымызды саралағанымыз жөн шығар.