Алматыда коронавирус жұқтырған 1205 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
24 қазан күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 231 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 219, симптомсыз – 12 науқас тіркелді. Барлық емделіп шыққандар – 18, келіп түскені – 63.
«Инфекциялық стационарларда 1 205 адам бар, оның ішінде 33 бала емделуде», деп нақтылады Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 119 адам жатыр. Ал 24 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 66 адам ем қабылдауды жалғастыруда.
High flow-да 19 аппарат жұмыс істейді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 2 653 пациент бар. Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда – 2562 науқас. 91 адамда коронавирус белгілері жоқ.