Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүкті және босанған әйелдерге пайдалы кеңес әзірледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі сарапшысы, тәжірибелі дәрігер Бағдагүл ӘБДІРАСЫЛОВА әйелдерге жеңілдігі бар мәртебені қалай алуға болатынын, сақтандырусыз есепке тұру жолдарын түсіндіріп, оларға қандай медициналық көмек көрсетілетінін айтып берді.
Заң бойынша құқылы
Ана мен баланы қорғау медициналық көмек көрсетудің басым бағыты болып саналады. Жүктілік барысын бақылау болашақ ананы қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз етуге және жүктілікті жүргізу хаттамаларын сақтауға дәрігерлердің ғана қатысуын талап етпейді. Жүкті әйел дәрігердің ұсыныстары мен нұсқауларын міндетті түрде орындауы тиіс.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте жүкті әйелдің құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Бұл – ең алдымен, әйелдің өз денсаулығын және әлі туылмаған баласының денсаулығын қорғауға, жүктілік кезінде, босану кезінде және одан кейін медициналық көмек алуға құқығы. Ал жүкті әйелдің міндеті – дәрігер бақылауында болу үшін дер кезінде есепке тұру», деп атап өтті Б.Әбдірасылова.
Жүктіліктің алғашқы белгілерін байқаған сәттен әйел тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінуі қажет.
Емхананың медицина қызметкерлері жүктілік кезінде тек медициналық бақылау жүргізіп қана қоймай, психопрофилактикалық көмек көрсету арқылы болашақ анаға жәрдемдесіп, қолдауы тиіс.
Жүкті әйелді есепке қою
Спикер атап өткендей, әйел жүктіліктің 12 аптасына дейін міндетті түрде емханаға барып тіркелуі керек. Егер әйел ресми түрде жұмысқа орналасқан болса, онда заң бойынша жұмыс беруші өз қызметкеріне тексерілу үшін және жүктілігі бойынша медициналық есепке тұру үшін уақыт беруі керек. Бұл ретте оның жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталады. Бұл норма Кодексте қарастырылғанымен, барлық әйелдер өздерінің құқықтары туралы біле бермейді.
Қандай медициналық көмек көрсетілуі тиіс?
«Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандартында (ҚР ДСМ №92 бұйрығы) жүкті әйелдің міндетті тексерістерден өтуі және гинеколог, терапевт дәрігеріне немесе басқа да бейінді мамандарға баруы қарастырылған. Ең бастысы, жүкті әйел әрдайым байланыста болуы және акушермен немесе гинекологпен хабарласып тұруы шарт. Жүкті әйел акушер-гинекологке бірінші рет жүгінген кезде дәрігер өмір тарихын, яғни оның даму тарихын жинақтайды: балалық шақта қандай да бір сырқаттары, оталар болды ма, оны емдеу әдістері қалай жүргізілді және т.б. Әйел барлық мағлұматты, соның ішінде егер болған жағдайда, алдыңғы жүктілік туралы айтуы керек. Мұның бәрі өте маңызды», дейді Б.Әбдірасылова.
Анамнезді толық жинақтағаннан кейін гинеколог науқастың және оның серіктесінің медициналық деректерін зерттей бастайды. Әйелдің жұмыс жағдайы, сонымен қатар темекі шегу, алкоголь, есірткі немесе басқа да психоактивті заттарды қолдану сияқты зиянды әдеттердің болу-болмауына дейін барлығын анықтап алады.
Жүктілік мерзімі белгіленгеннен кейін бірінші қабылдауда акушер-гинеколог жүкті әйелдің жеке картасын ресімдейді және оның қолына жүктілікті бақылау-қадағалау картасын береді. Сондай-ақ медициналық тексерулер тағайындалады, оған міндетті түрде мыналар кіреді:
1) жүкті әйелді зертханалық тексеру – жалпы сипатта, әртүрлі ауруларды анықтау үшін;
2) хромосомалық патология және құрсақішілік ұрықтың туа біткен даму ауытқулары (даму кемістіктері) бойынша қауіп тобын анықтау үшін пренаталдық скрининг;
3) функционалды тексерулер: электрокардиограмма (ЭКГ), көрсетілімдер бойынша эхокардиография (ЭхоКГ), бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ);
4) стоматологтің консультациясы (жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек МӘМС жүйесінің қатысушылары ретінде тегін көрсетіледі) және көрсетілімдер бойынша – отоларинголог дәрігердің қарауы.
Жүктілік бойынша есепке қойылғаннан кейін келесі қабылдау күні 10 күннен аспайтын мерзімде тағайындалады.
Жүкті әйелді бақылау-қадағалау жоспары
Екінші қабылдауда, жүкті әйелдің тексеру нәтижелерін алғаннан кейін гинеколог қауіп факторларын ескере отырып, оның қай топқа жататынын анықтайды және жүктілік пен босануды бақылаудың жеке жоспарын жасайды, сонымен қатар қосымша тексеру жүргізеді.
Сондай-ақ екінші қабылдауда жүктілікке қарсы көрсетілімдердің болуы немесе болмауы анықталады. Қарсы көрсетілімдер болған жағдайда, онда жүктілікті тоқтату туралы мәселе медициналық кеңес беру комиссиясына жіберіледі. Сонымен қатар әйелге бала көтеруге және оның туылуына байланысты барлық қауіптер түсіндірілгеннен кейін, жүктілікті үзуге қатысты өзі шешім қабылдауға құқылы.
«Жүктілікті емхананың акушер-гинеколог дәрігері тіркейді. Медициналық көрсетілімдерін, сондай-ақ жүкті әйелдің жағдайын ескере отырып, оны жүктілікті жүргізуге арналған мамандандырылған орталыққа ауыстыруы мүмкін. Сондай-ақ әйел дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бойынша неғұрлым жеңілдетілген жұмысқа ауысуға құқылы», деп түсіндіреді Бағдагүл Ысқаққызы.
Содан кейін, 30 аптада болашақ ана міндетті түрде қайта тексеруден өтуі қажет. Ол қайтадан қажетті сараптамалар тапсырады. Үшінші триместрде ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі.
Сарапшы атап өткендей, егер әйелден патология анықталатын болса, онда оның денсаулығы мен жүктіліктің барысын ерекше бақылау үшін әйелдер кеңесінде жиі болуы керек.
Скрининг туралы толығырақ
Үш реттік ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі:
1) жүктіліктің 11 аптасынан 13 апта және 6 күніне дейінгі мерзімде;
2) 19 аптадан 21 аптаға дейін;
3) 30 аптадан 32 аптаға дейін.
Егер ультрадыбыстық скрининг жүргізу кезінде пренатальды скринингтің бірінші кезеңінде:
- хромосомалық патологияның ультрадыбыстық маркерлері (белгілері);
- ұрықтың туа біткен ақаулары;
- бірінші триместрдің біріктірілген тестін өткізгеннен кейін ұрықтың хромосомалық патологиясының жоғары жеке генетикалық қаупі (1:150 және одан төмен) анықталса;
- немесе жүкті әйелдің жасы 37-де, ал оның серіктесі 40 жаста болса, онда (көрсетілген факторлардың бірі болған кезде) жүкті әйел жүктілікті ұзартудың орындылығы туралы мәселені шешу мақсатында ұрыққа УДЗ қайта жүргізу немесе инвазивтік пренаталдық диагностика жүргізу не мультидисциплинарлық перинаталдық консилиум жүргізу үшін көрсетілімдерді анықтау бойынша генетикке пренаталдық скринингтің екінші кезеңіне жіберіледі.
Акушер қандай медициналық көмек көрсете алады?
Акушер дәрігердің қатысуын қажет етпейтін мынадай медициналық көмек көрсетеді:
1) пациенттің денсаулық жағдайын анықтау үшін қабылдау және медициналық тексеру, жүктіліктің аурулары мен асқынуларын анықтау;
2) жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге және фертильді жастағы әйелдерге олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда кезек күттірмейтін және шұғыл медициналық көмек;
3) созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерді учаскелік дәрігерлермен және бейінді мамандармен бірлесіп динамикалық бақылау;
4) акушер-гинеколог дәрігердің тағайындауларын орындау;
5) бағыттар мен ұсынымдар бере отырып, әмбебап-прогрессивтік модель негізінде жүкті әйелдер мен босанған әйелдердің физиологиялық жүктілігін және патронажын өз бетінше жүргізу;
6) жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге, гинекологиялық науқастарға және әлеуметтік қаупі бар ұрпақты болу жасындағы әйелдер тобына үйде медициналық қызмет көрсету, жүктіліктің 12 аптасы мен 32 аптасына дейінгі мерзімде жүкті әйелді әмбебап (міндетті) патронаждық бақылау, жүкті әйелдерді патронаждың әмбебап-прогрессивті моделінің схемасы бойынша олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қатер төндіретін медициналық немесе әлеуметтік сипаттағы тәуекелдер анықталған жүкті әйелдерді прогрессивті қарау немесе патронаждық бақылау;
7) отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелері бойынша консультация беру.
Егер жүкті әйел тағайындалған күннен бастап үш күн ішінде қабылдауға келмесе, онда акушер немесе учаскелік медбике оған патронажға баруы тиіс.
Егер жүкті әйел орташа қауіп-қатерге душар болса (оның ішінде емшек сүтімен байланысты проблемалар, гигиеналық дағдыларға қатысты қиындықтар), акушер/учаскелік медбике өз бетінше немесе учаскелік дәрігермен бірігіп жұмыс істейді.
Бірақ егер де әйел әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін жоғары тәуекел тобына кіретін болса (қатыгездік, зорлық-зомбылық, әйелдің мүгедектігі), мәліметтер әлеуметтік қызметкерге, психологке және қажет болған жағдайда тиісті мекемелерге (білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар) беріледі.
Перзентханаға жолдама
Жүктілік бойынша есепке қойылған сәттен бастап әйел босануға байланысты дайындық мектебіне бара алады. Бұл оған болашақ ана ретінде қажетті дағдыларды игеруге көмектеседі.
Жүкті және босанатын әйелдерді перзентханаға жіберу перинаталдық көмектің аймақтық деңгейін ескере отырып (медициналық көрсетілімдер бойынша), жүктіліктің 37 аптасынан бастап «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының күту парағында тіркеледі. Бұл дегеніміз, егер әйелде жүктілік қалыпты жағдайда болса, онда ол жақын маңдағы перзентханаға босануға жіберіледі. Алайда жүктілік кезінде асқынулар болған жағдайда, онда ананы мамандандырылған орталықтарда босандырады. Жүкті әйелді ауруханаға жатқызу үшін кезекке қояды, ал оның соңғы күні босанудың бас кезінде анықталады.
«Әйел перзентхананы өздігінен таңдай ала ма деген сұрақ жиі қойылады. Иә, егер жоспарланған босану немесе жоспарланған кесарь тілігі туралы айтатын болсақ, ана перзентхананы өзі таңдай алады», дейді Бағдагүл Ысқаққызы.
Ал егер сақтандырылмаған болса ше?
Ең алдымен, жұмыс істейтін әйелдер үшін жарна – олардың жалақы мөлшерінің 2%-ы түседі. Яғни жұмыс беруші жұмыскері үшін салық салынатын кірістің 2%-ы мөлшерінде жарна аударады.
Декреттік демалысқа шыққаннан кейін әйел табысын алуды тоқтатады және ол үшін енді жұмыс орнынан зейнетақы, әлеуметтік аударымдар түспейді. Осыған орай, «жұмыс істемейтін жүкті әйел» жеңілдік санатына қосыла алады. Сол уақытта мемлекет ол үшін МӘМС-ке жарна төлейді.
«Әйел жүктілік бойынша есепке тұрады және ол туралы деректер жүкті және фертильді жастағы әйелдердің тіркеліміне (ЖжФЖӘТ) енгізіледі. Осыдан кейін төлем жүйелеріне ол үшін міндетті төлемдердің – зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болуын тексеруге сұрау салу жіберіледі. Егер төлемдердің болмауы расталса, онда «Сақтандырылған» мәртебесі үш жұмыс күні ішінде автоматты түрде беріледі. Бұл ретте, жұмыс істемейтін жүкті әйел жеңілдігі бар санатта болған кезде, егер оның өткен кезеңдер үшін берешегі болса, оны өтеудің қажеті жоқ. Бірақ ол жеңілдік мәртебесін жоғалтса, онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалану үшін қарызды өтеп, МӘМС-ке үнемі жарна төлеуді жалғастыруы керек», деп түсіндіреді сарапшы.
Алайда әйелдердің жеңілдік мәртебесін жоғалтқан жағдайлары кездеседі.
«Жеңілдігі бар санаттағы әйелдер жеке себептері бойынша бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлейтін жағдайлар жиі кездеседі. Алайда бұл төлем зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды да қамтиды. Сондықтан ақпараттық жүйе осы түсімдер туралы ақпарат ала отырып, автоматты түрде әйелді жұмыс істейтін адам ретінде таниды. Бұл сақтандырылған тұлғаның жеңілдігі бар мәртебесін жоғалтуына әкеліп соғады. Қор мекенжайына осындай жағдайға тап болған және оларға МӘМС жүйесінде сақтандырудың жеңілдік мәртебесін қайтаруды талап ететін әйелдерден өтініштер жиі түседі. Егер екі ай ішінде олар үшін міндетті төлемдер түспесе, бұны қалыпқа келтіруге болады, яғни жұмыс істемейтін жүкті әйелдер ретінде мемлекеттің жарналары есебінен қайтадан сақтандырылатын болады», деп түсіндірді осы жайттарды Қордың байланыс орталығы басқармасының басшысы Дастан Серікбаев.
Емханаға барар алдында МӘМС мәртебесінің болуын нақтылап алу маңызды. Гинекологтің консультациясы жоспарлы түрде МӘМС пакетіне енгізілген медициналық қызметтер тізбесіне кіреді. Сақтандырылған әйел учаскелік гинекологтің қабылдауына жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз жазыла алады. Медициналық сақтандыру жүйесінде мәртебе болмаған жағдайда, оны жалпы практика дәрігері қарағаннан кейін акушер ЖжФЖӘТ-ға қосуы тиіс. Бұл қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі, яғни сақтандырылмағандар үшін қолжетімді.
Б.Әбдірасылова атап өткендей, мемлекет табысы жоқ әйелдерге тек босанғанға дейін ғана емес, одан кейін де қамқорлық жасайды – бала туылғаннан кейін «Үш жасқа толғанға дейін балаға (балаларға) күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар» санатында сақтандырылудың жеңілдікті мәртебесін алуға құқық береді. Жеңілдік берілген санат бойынша мемлекет тарапынан сақтандырылып, әйел МӘМС тізбесіне кіретін барлық медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.
Дайындаған
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»