Еліміздегі алғашқы футбол клубы Семейде құрылды. Жыл сайын Шығыс Қазақстанда футболдан және шағын футболдан чемпионаттар өткізіледі, оған өңірдің түкпір-түкпірінен командалар жиналады. Соңғы жылдары коронавирустық пандемия спорттық жарыстардың өтуіне кері әсер етті. Бірақ Шығыс Қазақстанда футболға деген қызығушылық азайған емес, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл облыс чемпионатының финалына 12 команда қатысып, үш жүзден астам адам қамтылды. Олардың барлығы әртүрлі кәсіпорындарда жұмыс істейді, бірақ жаттығуға уақыт табады. Аймақта тарихы ондаған жылдармен сабақтасып жатқан зауыттардың командалары бар.
Бастапқыда чемпионат аудандық және ауданаралық деңгейде өткізілді. Осы жылдың тамыз айында алдыңғы кезеңдердің жеңімпаздары Бұқтырмада өткен аламанда өзара кім мықтыны анықтады. Қазан айының соңында финалдық жарыстар өтті, онда ең мықты командалар абсолютті чемпион атағына таласты. Жарыс қорытындысында «Онар Строй» командасы топ жарды.
Өңір тұрғындарының футболға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бұл халықтың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын да байқатса керек.