Ақтауда 15 миллион теңгеге қойылған пластик қызғалдақтар мен 5 миллион теңгенің әткеншегі бір ай өтпей қирай бастаған, деп жазады Egemen.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Мangystaumedia.kz сайты әкімдіктің қалаға көрік береді деген «Гүлді алаңдағы» пластик қызғалдақтар құлап жатқаны жайлы дабыл қақты. Аймақтағы журналистер пластик гүл сабағынан айырылып, ұшып жатқанын хабарлаған. Гүлдер бекітілген көгал да тегіс қойылмаған, электр сымдар ашық тұр. Тұрғындардың көп бөлігі әкімдіктің бұл инсталляцияға 15 миллион теңге жұмсағанына наразы.
5 миллион теңгеге орнатылған әткеншектердің де жерге бекітілген шынжыры он күн ішінде ажырап үлгерген. Салдарынан кейбір орындықтар қисайып қалған.
Ал әкімдік бұл инсталляцияларды әлі өз теңгеріміне қабылдамағанын хабарлаған.
«Әткеншек те, гүлдер алаңы да қала әкімдігіне тапсырылмаған. Әткеншектің сынған элементтері бюджетке ешқандай шығын келтіріп тұрған жоқ. Мердігер мекемеге қайта қалпына келтіруге тапсырма берілді. Барлық нысанды аяқтап қала әкімдігінің теңгеріміне бергеннен кейін ары қарай күтіп ұстау жұмыстарын мердігер мекеме өзі жүргізетін болады. Оған бюджеттен қаражат қаралмайды», деді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Айбек Ербөлеков.
Айта кету керек, осыдан 10 күн бұрын әкімдік қала әсемдігі үшін 43 миллион теңге қаражат жұмсап төрт инсталляцияны орнатқан.