Батыс Қазақстан облысында спорт саласы шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Облыстық спорт басқармасының бұрынғы басшысы Мүсілім Оңдағановқа «ірі көлемдегі мемлекет қаржысын жылдар бойы жымқырды» деген айып тағылған болатын. Оның осы қылмысына қатысты Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Ақгүл Қарасаеваның орыс тілінде шығарған үкімін сол қалпында бергенді жөн санадық:«Ундаганова Муслима признать виновным по статьям 275 ч.3, 176 ч.4 314 ч. 2. 193 ч. 2 пунктов «а,б,в» и назначить наказание по статье 275 части 3 УК РК лишение свободы на срок 12 лет с конфискацией имущества».
Басқарманың экс-басшысының сыбайластары да жазаға тартылды. М.Оңдағановтың оң қолы болған Меңдіхан Жәкенов 11 жылға, ал Қоныс Жетпісов пен Тұрарбек Бекарыстанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дүние-мүлкінен айрылған оларға алдағы 5 жылда мемлекеттік қызметке алынбайтыны ескертілді. Қылмыстық істе жазылған фактіге жүгінсек, айыпталушылар «бюджеттен бөлінген 170 млн. теңгені ұрлаған екен».
Айта кетейік, күдіктілерге қатысты үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Бірақ, М. Оңдағановқа сотта соңғы сөз берілген кезде, судьядан өзін ғана жазалауын өтінді. Оның қорғаушысы болса, Жоғарғы сотқа шағымдануға әрекет жасап жатыр.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы.
Фото: News.ivest.kz.