• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Қазан, 2021

«Даниярдың әні» қалай дүниеге келді?

726 рет
көрсетілді

«Адамзаттың Айтматовы» атанған ғаламат жазушы Шыңғыс Айтматовтың қай туындысы болсын, оқырманын бейжай қалдырған емес. Одан бөлек, ғажайып қаламгердің кез келген шығармасы қазақ пен қырғызға ортақ секілді көрінетіні бар. Содан да болар, қазақ халқы да дарабоз қаламгердің барлық кітабын жанындай жақсы көріп оқиды.

Оның үстіне Шыңғыс Айт­ма­тов қазақ жазушыларымен, қа­зақ руханиятының жанашырла­ры­мен жақсы қарым-қатынаста бол­ғандығынан да шығар, қалам­гердің «Ақ кемесін» болсын, «Жә­миласын» болсын, «Теңіз жаға­лай жүгірген тарғыл төбетін» бол­сын, қырғыз-қазақ қана емес, түркі әлемі, басқа да жаһан елдері өте жылы қабылдағаны мәлім.

Шыңғыс Айтматовтың та­ма­­­­ша туындылары қа­зақ ком­по­зи­торының да шығар­машылы­ғының өсуіне сеп болды. Музыка зерттеушісі, ән әлемінің дарабозы, белгілі композитор Илья Жақа­нов Шыңғыс шығармаларының желісі негізінде бірнеше ән жаз­ғаны бар. Ол туындылардың бар­лығы да тыңдарманды бейжай қалдырмағаны анық. Солардың бірі – «Даниярдың әні». Эстрада­ны батыстың экспансиясына тели­тін композитордың бұл әні романс секілді жаныңды баурайтыны бар. Жүректің қылын шертетін шы­ғарманы ел ешқашан ұмытпақ та емес.

«Ай жарық тып-тыныш

атырап,

Жүректер тағы да қауышты.

Жанарың жұлдыздай

жарқырап,

Толқытты

сабырды тауысты.

Бар әнім сен, Жәмила,

Арманым сен, Жәмила.

Асыл затым,

Перизатым,

Жан рахатым!»

деп келетін кең тынысты ән ес­ті тыңдарманның құлағынан кі­ріп, бойын алатыны рас. Көп­те­ген керемет әнді жазған ком­по­зитордың «Даниярдың әнін» дү­ниеге әкелуіне не түрткі болды?

«1963 жылдың қазан айы жадымда мәңгі қалатын шығар. Та­ңертең үйде Тиыш апаң екеуміз шәй ішіп отырғанбыз. Москва радиосынан «Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды» деген хабарды құлағымыз шалды. Мен ол уақытта телеви­дениеде жас редактормын. 26 жастағы қылшылдаған жігітпін ғой. Таңертең жұмысқа келсек, бүкіл телевидение, радиода қар­балас тіршілік қызып тұр екен. Шыңғыстың Лениндік сый­лық­ты алғанын үлкен әңгіме қы­лып, дуылдатып ірі іс-шаралар өткіземіз деп жатқандарын байқа­дым. Сонда «Қазақ» радиосы мен телевидениесі мемлекет­тік коми­тетінің председателі Кен­жеболат Шалабаев деген өте білімді азамат тауда демалып жат­қан демалысын үзіп келіп, бізге: «Бүгін Шың­ғыс Айтматов лау­реат болды, ертең Фрунзеге келеді. Со­сын қырғыздардың өзіне соқтыр­май, бізге алып ке­ліп, қазақтың те­ле­видениесі­нен бірінші рет біз ғана баспа­сөз мәслихатын ұйымдастырып бе­руіміз керек. Өйткені Шыңғыс Айтматовтың лауреат атануына барлық жағдайды жасап кеткен – кешегі ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Сол кісінің өсиетімен Шыңғыс Айтматов, мі­не, Ленин сыйлығының лауреаты болып отыр», – деп өз ойын білдірді.

Сол күні әрқайсымызға өзі жеке-жеке тапсырма да берді. Фрунзеге баратын адамдарды тағайындады. Қазанның он бірі күні Шыңғыс Айтматов келді, ертесіне тікелей эфирге шықтық. Мен оны естіген сәтте түс әлетінде үйге келіп, апаң екеуміз шәй ішіп отырған кезде («Жәмила» пове­сінің орысша нұсқасын қайтадан оқып жүрген едім) бір эпизодтар «Даниярдың әні» деген әннің дүниеге келуіне себепші болды. «Бар әні-і-ім се- е-ен, Жә-ә-әмилааа, дәрменім се-ен, Жә-әмилааа. Асы-ыл заты-ы-ым, пе-е-ериза-а-атым, жан ра-ха- а-атым…» (осы ән тарихы туралы айтқанда Илья Жақанов әндететіні бар). Міне, осы ән туған күні бүкіл радио-телевидениені аласапыран жағдайға түсірді.

«Не деген керемет ән, бұл ән қалай туды? Айтматовқа үлкен тарту болатын болды ғой» десті олар. Ол кезде әнді жай қабылдай салмайтын еді. Көркемдік кеңестің жылдам ұйымдастырған іс-шара­ларымен әнді қабылдады. Шығар­маны қабылдағанда, атақты композитор Евгений Брусиловский өзінің Қазақстан туралы бір әнін Ришат Абдуллинге жаздырып, жұмысына қайтып бара жатқанда көркемдік кеңеске алып келді. Сонда ол кісі: «Великолепно. Это не только песня. Это что? Романс или ария? Помоему, ария!» – деп жылы лебізін білдірді.

Бұл ән 12 қазан күні тіке­лей эфирде орындалды. Шың­ғыс Айтматов пен біздің атақ­ты жа­зушыларымыздың, журналис­теріміздің, кинорежиссерлердің, актерлердің жалпы 50-60 адам­нан құралған қазақ интел­лиген­циясының алдында осы ән шыр­қалды. Туындыны өзі сондай сұлу, көркем, даусы жарқын тенор Мәдеш Ниязбеков деген осы біздің Жамбылдың әншісі (ол кезде консерваторияда оқитын) шалқытып тұрып айтты. Рояльда Семен Коган сүйемелдеді. Ән орындалып біткен соң Шыңғыс Айтматов арнайы келіп, мені құ­шақтап тұрып бетімнен сүйіп: «Абдан жакшы. Оқумыш. Абдан жакшы. Ең сонын обон менің Жәмиламның ғашығы Даниярдың ең сонын обоны бұл қазақ-қырғыз тааласына шұрқап кететін кенен обон екен. Иним, саған зор урматым менің», – деп өзінің тілегін жеткізді. Осындай оқиға орын алған еді», дейді Илья Жақанов сол бір мөлдір кезді есіне алып.

Жалпы, Илья Жақанов Шың­ғыс Айтматовтың шығармасы не­гізінде бірнеше ән жазғаны бел­гілі. «Жәмила» повесі желі­сі­мен дүниеге келген «Жәми­ла­ның әні» туындысы да жүрек­терді тербегені баршаға мәлім. Жалпы, Айтматовтың дәл осы по­весі Илья Жақановтың шы­ғар­ма­шылығына кәдімгідей әсер ет­кені рас. Композитормен әң­­гі­ме­лес­кенімізде ол аталған ән­ді Шың­ғыстың өз кабинетінде ­тың­датқанын да жайып салған болатын.

«Ол ән ұзақ жыл айтылмай жат­ты. Қазақ радиосы музы­ка ре­дакциясының бас редак­то­ры бола тұрып, барлық жағ­дай қо­лымда болғанның өзінде еш­бір әншіге көңілім толмай, «Жәмиланың әнінің» орындау- шысын ұзақ жыл тап­­па­дым. Тә­­уел­сіздіктің 2 жылды­ғын­да Шың­­ғыс Айтматовқа, Астра­хань об­лысының губернаторы Гуж­бин­ге Нұрсұлтан На­зар­­баевтың Президенттік сый­лы­ғы берілді. Міне, осы оқиға­ның үстінде «Жә­миланың әні» орын­далды. Қыр­ғыздың сим­фо­ниялық оркестрі келді. Қыр­ғыз Рес­публикасы­ның халық әртісі Дариға Жалғасы­но­ва керемет шыр­қады. Дариғадан соң не қы­рғызда, не қазақта бұл әнді ешкім айта алған жоқ. Сол ән рес­публика сарайында ғажап дең­гейде шырқалды да, алдыңғы қа­тарда Елбасы Нұрсұлтан Н­азар­баев пен Шыңғыс Айтматов ­отыр­­­ды. Ұйымдастырушы жігіт­тер­дің айтуымен екінші қатарға мен жай­ғастым. Осы кезде Да­риға Жал­ғасынова әннің қайыр­ма­сын­дағы «Даниярым, жан-­жа­рым» деген тұсын «Нұрсұл­та­­­ным, жан-жарым» деп айтып жібер­­ді. Бұл енді қырғыз бен қазақ­­тың арасындағы өзімсінген туыс­­қан­дық сезім секілді көрінді», дейді автор.

Илья Жақанов бұдан кейін де бірнеше әнді дүниеге әкелді. 1965 жылы «Шынарым менің, шырайлым менің» кітабы бойынша «Әселді», сосын «Асылымды», арада біраз жыл өткен соң «Қош бол, Гүлсары» кітабы негізінде «Бибіжан» әнін шығарғанын музыка әлеміне аңсары ауған азаматтар жақсы біледі.