• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Тарих 27 Қазан, 2021

Майданнан он ұлы аман оралған ана

1082 рет
көрсетілді

Газетіміздің 8 қыркүйек күнгі санында «Тырналар жыры» атты жазбамыз жарияланған-тын. Ол мақалада Солтүстік Осетия-Алания Республи­касының Алагир ауданына қарасты таулы қыратта орналасқан Дзуарикау атты ауылдан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған Газдановтардың жеті ұлының бірде-бірі тірі оралмағаны жайлы жазылған еді. Ал бұл жолғы жазба жоғарыдағы қайғылы оқиғаның келесі қыры іспеттес.

Украинадағы Черкасск облысының Корсунь-Шев­ченков ауданында Бровахи атты қыстақ бар. Өткен ғасыр­дың отызыншы жылдары бұл елді мекенде Макар және Евдокия Лысенколар отбасы өмір сүрген. Бұл ерлі-зайыптылардың үйелмелі-сүйелмелі 11 ұлы және 5 қызы болыпты. Өткен тарихтан білеміз 1930 жылдардың басында біздің Қазақстан сияқты Украинаны да аштық жайлады. Он бір ұлдың үлкені Евтух зұлмат жылдары кәсіп іздеп Киевке аттанады. Ол сол күйі өлі-тірісі белгісіз хабарсыз жоғалады. Ал 16 баланың әкесі Макар 1933 жылы ішер асқа жарымай қиналған отбасын уайымдап, құсалықпен шейіт кеткен.

Сөйтіп, жұттан аман қалған 10 ұл мен 5 қызын аналары Евдокия Даниловна Лысенко әупірімдеп бағып-қағып, олар ептеп еңсе көтере бергенде бұрқ етіп соғыс басталмай ма. Қызық болғанда жесір кемпірдің 10 ұлы: Хтодос, Петро, Иван, Василий, Михайло, Степан, Николай, Павло, Андрей мен Александр барлығы майданға аттанып, тәңірдің қалауы, тағдырдың жазуымен түгелдей қан майданнан от орнына аман-есен оралыпты.

Осы бір өте сирек кездесетін оқиғаны шет жағалатып, жұқа қайырып айтар болсақ, соғыс басталғанға дейін ауыл­да тракторшы болған Николай Лысенко немістердің алғашқы шебіне тап болып, қосыны қынадай қырылып, жаралы күйде жау қолына түсіп, одан құтылып ақыры 1944 жылы қарашаңырағына аман жетіпті.

Ал ұлдың сегізіншісі Павло Лысенко болса, соғысқа бастан-аяқ қатысып, немістер жеңілген соң Еуропаны жау­дан тазарту ісіне жұмылыпты. Сөйтіп, ап-сап ба­сылған соң 1947 жылы үйіне оралған. Мына қызыққа қараңыз: бірде Павло жау тылында түнгі барлауда жүріп, абайсызда немістермен қоян-қолтық шайқасқа түседі. Ол енді өлдім-ау дегенде көлденеңнен бір Кеңес жауынгері көмекке келіп, құтқарады. Қараса, туған ағасы Михайло Лысенко екен. Осы Михайло Мажарстанды азат ету майданында ерлік көрсетіп, «Даңқ» орденінің иегері атаныпты. Жеңісті Ереван ауруханасында жатып қарсы алыпты.

Осындағы 10 ағайындының ішінде жалғыз Василий Лысенко ғана офицерлік шенге жеткен. Ол взвод және батарея командирі міндетін ойдағыдай атқарып, еліне аман оралса, жаяу әскер сапында болған Андрей Лысенко майданда ауыр жараланып, бір аяғынан айырылып ауылға қайтқан. Келген соң пеш қалаушы болып нәсібін айырған.

Ағайындылардың ең жасы Александр Лысенко 1944 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, Берлинді алған әскердің алдыңғы шебінде шайқасқан. Рейхстагтың құлағанын көзімен көрген. Соғыстан кейін әскери борышын өтеп барып, асықпай отбасына оралыпты. Ал Иван Лысенко болса Польшаны азат ету кезінде немістердің қолына түсіп, одан қашып шығып, Қызыл Армиямен қайта қауышып, ақыры тірі келген.

Хтодос Лысенко Будапешті азат ету кезінде немістер құрған минаға тап болып, бір аяғынан айырылады. Сөйтіп, ауылына арбамен оралады. Степан Лысенко гвардиялық 83-ші танк дивизиясы құрамында Смоленскіні азат ету шайқасында басынан ауыр жараланып, бір жарым жыл емделеді. Содан жазылып шығып, немістер тізе бүккен соң Қиыр Шығыста жапон миллитаристерін жоюға атсалысып, 1947 жылы үйіне келіпті. Петро Лысенко майдан даласында телефонист міндетін атқарған екен. Соғыста бір қолынан айырылып, туған ауылы Бровахиге оралды.

Осылай 10 ұлын майданға аттандырып, амандығын тілеп үйдегі бес қызына пана болған Евдокия кейуананы соғыстан кейін үкімет Киевке шақырып «Батыр ана» орденімен марапаттайды. Жарықтық 1967 жылы 73 жасында бақилық болыпты. 1984 жылы Бровахи ауылына батыр ана Евдокия Даниловнаға арнап үкімет еңселі ескерткіш тұрғызады (суретте). Осы ескерткіштің ашылуына 10 ұлдың 9-ы қатысады. Тек Василий бұл қызықты көре алмапты.