Мұны әлемдік валюталардың бағам құбылысы байқатып отыр
Әлемде ерекше бой көрсетіп отырған ұлттық валюталардың құнсыздануы қазіргі басты экономикалық тақырыптардың біріне айналуда. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұндай жағдайға қарқынды дамушы елдер тап болуда. Олардың арасында Үндістан, Бразилия, Ресей, Түркия секілді ірі елдер де бар. Бұл жағдай неден туындап отыр?
Бүкіләлемдік банктің басқарушы директоры Шри Мульяни Индраватидің осы тақырыпта жазған мақаласына қарағанда, дамыған елдер басындағы дағдарыс бұлты біршама сейіліп, олардың экономикасы қалпына келе бастағанымен әлемнің дамушы және енді қалыптасушы экономикалары төтенше қиындықтарға тап болуда. Бұл экономикалар осының алдындағы бес жыл көлемінде өз дамуларында екпін танытып, басымдық көрсете бастаған болатын. Енді оларға қайта күшіне ене бастаған дамыған елдер экономикасы күшті бәсекелестік көрсете бастаған. Бірақ басты себептің өзі бұл емес.
Шри Мульяни Индраватидің жазуына қарағанда, АҚШ-тың федеральдық резерв жүйесі дамушы елдерді қаржыландыру тәртібін қатайтқан. Демек, ендігі жерде дамушы елдер де өз тәсілдерін өзгертіп, жедел түрде қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Осы ретте АҚШ федеральдық резерв жүйесінің несие қаржы саясатын қатайтуына байланысты Бүкіләлемдік банктің жасаған болжамы бойынша 2013 жылы дамушы елдерге келіп жатқан капитал көлемі олардың ішкі жалпы өнімімен есептегенде 4,6 пайызға азайған болса, енді 2016 жылға дейінгі аралықта тағы да 4 пайызға жуық азая түспек. Демек, дамушы елдерге, қалай алып қарағанда да, қиындықтың алдын алу үшін қосымша әрекеттерге бару қажет. Егер бұлай болмаған жағдайда капиталдың келуі мұнан да төмендеп, кейбір елдерде ол санаулы айлардың ішінде 50 пайызға дейін қысқарып кетуі ғажап емес.
АҚШ федеральдық резерв жүйесінде енгізілген жаңа тәртіп ең алдымен, осы уақытқа дейін экономикалары неғұрлым нәзік деп бағаланған Түркия, Бразилия, Индонезия, Үндістан және Оңтүстік Африка секілді елдерге жедел әсер еткен секілді. Енді осындай елдердің кейбіріндегі жағдайларға тоқталып көрейік.
Бразилия
Осының алдындағы үш айдың ішінде әлемдегі ірі елдердің бірі деп саналатын Бразилияның ұлттық валютасы реал 15,5 пайыз құнсызданған. Соңғы төрт жылдың ішінде реал құны бұлайша күрт төмендеп көрген емес.
Осы жағдайға байланысты ел үкіметі экономиканы қолдау мақсатында бірқатар шаралар қабылдағанымен бұл шаралардың басым көпшілігінің өзі жағдайды оңалтудың орнына кері әсер берген секілді. Осыған байланысты сарапшылар Бразилия экономикасы 2014 жылы жоспарланған 2,5 пайыздың орнына енді 2,2 пайыз ғана өсім көрсете алады деп отыр.
Ел экономикасында жұмыс істейтін ірі трейдерлер ендігі кезекте елдің қаржы саласында орын алып отырған инфляциямен күрес бастайды, осыған орай қаржы саясатында рынок үшін жағымсыздау тиетін төтенше шараларға барады деген қорқынышпен өз қолдарындағы осы елдің мемлекеттік құнды қағаздарын жеделдетіп сатуға кіріскен. Бұл жағдай Бразилияның қаржы министрі Гвидо Мантега тарапынан ескерусіз қалмады. Ол жуықта ғана елдегі инвесторларға егер олар жергілікті ұлттық валютаға қарсы күмәнді әрекеттерге баратын болса, онда олар өз капиталдарын жоғалтатындығын қатаң ескертті.
Әдетте, ұлттық валюта девальвациясының, яғни құнсыздануының екі түрі болатындығы белгілі. Олар – ресми ашық құнсыздандыру және жасырын құнсыздану. Билік қолымен жасалатын ұлттық валютаны ашық құнсыздандыру шарасы – халық алдында оншама абырой әпермейтін шара. Өйткені, қоғамда мазасыздық пайда болып, осыған байланысты билікке қарсы саяси топтар ұпай жинауға кіріседі. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, не нәрсені болса да ашық мойындаған жақсы. Өйткені, «ауруын жасырған арам өледі», деп біздің қазақ халқында айтылғанындай, экономикалық түрлі кеселдер жағдайында ашық түрде дереу іске кіріспесе, жағдай біраздан кейін бақылаусыз кетіп, бұдан ұлттық экономикалар көп ұтылып қалуы әбден мүмкін.
Осындай жағдайға қарамастан, әзірге Бразилия үкіметі реалдың жасырын құнсыздану жағдайын қалап алған секілді. Бір есептен алғанда, мұны да түсінуге болады. Өйткені, реал үш айдың өзінде АҚШ долларына қатысты алғанда 15,5 пайыз құнсызданып кетті. Енді бір шекке жетіп тоқтауы мүмкін. Бразилия үкіметі осындай жағдайдан дәмететін секілді.
Бірақ елдегі бірқатар экономистердің соңғы кездері таратып отырған пікірлеріне қарағанда, реалдың құнсыздануы одан әрі жалғаса беретін секілді. Өйткені, 24 қаңтардан бастап елдегі экономикалық субъектілерде құнсызданудың екінші толқыны жүріп берді. Соған байланысты елдегі капитал сыртқа қаша бастады. Қаржы министрі Гвидо Мантеганың айтуына қарағанда, бұл жағдай АҚШ федеральдық резерв жүйесіндегі өзгерістердің тікелей салдары болып табылады.
Түркия
Сочиде өтіп жатқан Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатына Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоғанның да қатысқандығы белгілі. Бірақ, өкінішке қарай, Түркия үкіметінің басшысы мұнда тек Олимпиада салтанатын қызықтау үшін ғана келмегендігі артынан белгілі болды. Ол Ресей президенті Владимир Путинмен оңаша кездесіп, Ресейден Түркияға жеткізілетін газ бағасын төмендетуді сұраған. Эрдоған осындай мақсатпен Иранға да барып, жоғарыдағыдай келіссөздер жүргізген көрінеді.
Халықаралық сарапшылардың пікіріне қарағанда, Түркияның газ сатып алу қабілеті соңғы уақыттары осы елдің ұлттық валютасы лирдің құнсыздануына байланысты көп төмендеп отыр.
Жалпы, көгілдір отын мәселесі Мәскеу мен Анкара арасындағы стратегиялық қатынастарда ерекше орын алады. Осыған байланысты ендігі кезекте Ресейден газ сатып алатын басқа да еуропалық елдер бұл үдерістің аяғы қайда апарып соғатындығын мұқият бақылауда ұстап отырғандығы көрінеді. Егер Ресей Түркияға сатылатын газ бағасын төмендететін болса, онда еуропалықтардың да осындай қадамдарға баруы әбден мүмкін.
Түркияның қуат көздеріне жұмсаған шығыны өткен жылы 56 миллиард долларды құраған. Бұл аз шығын емес. Егер лир бағасы қайта қалпына келмейтін болса немесе Ресей Түркияның газ бағасын төмендету жөніндегі өтінішін қабылдамайтын болса, онда бұл елдің үкіметіне халық пен компанияларға сатылатын көгілдір отын бағасын көтеруден басқа амал қалмайды.
Жыл басынан бері ғана түрік лирының құны долларға қатысты алғанда 15 пайызға төмендеп кетті. Осыған байланысты түрік орталық банкі қаңтар айының соңында беретін несиесінің сыйақы ставкасын бұрынғы 7,5 пайыздан 12 пайызға дейін көтерді. Бұл шара банк үшін бір жағынан пайдалы болып көрінгенмен, екінші жағынан алғанда экономикадағы ахуалды одан әрі ушықтыра түсетіні белгілі. Бүкіләлемдік банкінің болжамы бойынша, бұрын жыл сайын 8-9 пайызға дейін өсім көрсетіп келе жатқан елдің ішкі жалпы өніміне қосылатын кіріс көлемі күрт төмендейтін болады. Мұның алғашқы нышаны өткен жылдың өзінде сезілді. 2013 жылы түрік экономикасының дамуы бар болғаны 2 пайызды құрады.
Сарапшылардың мәлімдеуінше, Түркия экономикасының дағдарысқа түсе бастауына АҚШ федеральдық резерв жүйесіндегі қаржыландыру шараларының қатайтылуы ықпал еткен. Сөйтіп, Түркия экономикасынан Америка ақшасының кете бастауы күтпеген қиындықтарға әкеліп соқтыруда. Өйткені, бұл елде қиын кезеңдер үшін жинақталып отырған қаржы қорының көлемі өте аз. Өткен жылы бюджет тапшылығы елдің ішкі жалпы өнімінің 8 пайызын құрады. Оның үстіне Түркия өткен жылы 3 миллиард доллардан астам тікелей инвестицияны жоғалтып алды. Осы жағдайлардың бәрі лирдің құнсыздануына тікелей әсер етіп отырған көрінеді.
Венесуэла
Бұл елде ұлттық валюта – боливарды девальвациялау 2010 жылдың қаңтар айында ғана жүзеге асқан болатын. Ол кезде ел үкіметі 1 АҚШ долларының бағасын 2,15 боливардан 4,3 боливарға дейін көтерген болатын. Яғни, боливар тура екі есе құнсызданған еді.
Венесуэла да біздің Қазақстан секілді мұнайға бай елдердің бірі. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, осы байлық көзі орнымен пайдаланылмайтын секілді. Өйткені, ел экономикасы қысталаң жағдайға жиі-жиі тап болып қалып жүр. Соның тағы бір көрінісі, осы елде боливарды девальвациялау шарасының 2013 жылы тағы да қолға алынуы. Осындай шараға бару қажеттігін өткен жылы қайтыс болған ел басшысы Уго Чавес марқұм Кубада екі ай емделу кезінде тапсырған көрінеді. Бұл шараның мәні – мұнай сатудан түсетін қаржыдан Венесуэла үшін тағы да 13,4 миллиард қосымша кіріс алу. Сөйтіп, бұл ел соңғы он жыл ішінде өздерінің ұлттық валютасын бес рет құнсыздандырып үлгерген. Осы жолғы соңғы шараның нәтижесінде 1 доллардың құны бұл елде бұрын 4,3 боливар құрап келсе, ол енді 6,3 боливарға шарықтаған. Яғни, боливар бағасы 30 пайыздай құлдыраған.
Боливар құнының төмендетілуі экспорттан түсетін түсімдерді арттырумен қатар, келіп жатқан импорт көлемін азайтуға мүмкіндік береді деп есептелінеді. Венесуэла халқы негізінен импорттық тауарларға сүйеніп өмір сүреді. Мұндағы оның үлесі 70 пайызды құрайды.
Елдің президенті Николас Мадуроның мәлімдеуінше, ұлттық валютаны құнсыздандыру үкіметке бюджет кірістерін арттыру үшін қажет. Елде әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуына үлкен көңіл бөледі. Мұның өзі бір жақты дамып қана келе жатқан экономика үшін өте үлкен жүк екендігі түсінікті. Әлеуметтік саланы тұрақты түрде қаржыландырып отыру үшін қосымша кірістерді қайдан алуға болады? Әрине, ол үшін сыртқа сатылатын экспорт көлемін арттырып отыру қажет. Ал, экспортты арттырудың төтенше бір жолы – ұлттық валютаны құнсыздандыру екендігі түсінікті.
Көршілерде не болып жатыр?
Біз жоғарыда әлемде көптеген дамушы елдердің ұлттық валюталары құнсыздану үстінде екенін айтып, солардың арасынан жекелеген елдер бойынша мысалдар келтірдік. Ал енді, өз көршілерімізде, соның ішінде Қазақстанмен бірге Кеден одағын құрып отырған Ресей мен Беларусь елдерінде не болып жатыр? Осы жағдай туралы да аздап сөз қозғай кеткендігіміз жөн секілді.
Ресейдегі жағдай белгілі. Рубльдің бағасы өткен жылы долларға қатысты алғанда 7 пайызға құлдырады. Бұл үдеріс үстіміздегі жылдың қаңтар айында одан әрі жалғаса түсті. Қазіргі күні елде халықаралық Қысқы Олимпиада ойындары жүріп жатқан соң ел билігінің экономикалық мәселелер де төтенше шараларға бара алмайтындығы түсінікті. Сондықтан әзірге неде болса, артын күте тұру қажет.
Дегенмен, елдің бірқатар экономистерінің мәлімдеуінше, Ресейдің орталық банкі ұлттық валютаны құнсыздандырудың неғұрлым жұмсақтау жолын таңдап алған секілді. Бұдан Ресей экономикасы ұта ма, жоқ, әлде, ұтыла ма, оны уақыт көрсете жатар. Бірқатар сарапшылар пікіріне назар ауаратын болсақ, ұлттық валютаны жасырын құнсыздандырудан ұтылыс жағы көбірек болатын секілді. Өйткені, осындай шараларға бара отырып, орталық банк бір айдың өзінде ғана жинақталған алтын-валюта қорынан 5 миллиард долларды шығындап үлгерген.
Енді Белоруссияға келейік. Бұл ел өздерінің ұлттық валютасы Беларусь рублін 2009 жылдың 1 қаңтары күні 20,5 пайызға құнсыздандырған болатын. Осымен қатар, елдің ұлттық банкі беларусь рублінің бағамын есептеп шығаруда оны АҚШ доллары, еуро және Ресей рублі тең үлесті жағдайда жинақталатын валюталар қоржынымен тікелей байланыстыру тәсіліне кіріскен болатын.
2011 жылдың басында елдің ұлттық банктің басшысы Петр Прокопович енді ұлттық валютаны құнсыздандыру үдерісінің болмайтындығын, ол қабылданған жаңа бағам дәлізі бойынша ұсталатындығын бірнеше рет мәлімдеген еді. Бірақ соған қарамастан, ұлттық банк басқармасының 2011 жылғы 23 мамырдағы қаулысымен беларусь рублі долларға қатысты тағы да құнсыздандырылды. Бұл жолы құнсыздандыру деңгейі тіптен жоғарылап, 56 пайызды құрады. Егер 22 мамыр күні 1 доллардың бағасы 3155 беларусь рублі тұратын болса, келесі күні ол 4930 рубльге дейін шарықтап шыға келді.
Мұнан кейін қазан айында тағы бір девальвациялық шара жүзеге асты. Ұлттық банктің ашық мәлімдеуімен беларусь рублі тағы да 52 пайызға дейін құнсыздандырылды. 20 қазан күні 1 доллар 5712 рубль тұрса, келесі күні 8680 рубльге шарықтап шыға келді.
Міне, осылайша елдегі ұлттық валюта соңғы жылдардың өзінде бірнеше девальвациялық шараны бастан өткергенімен, бұл үдеріс өзінің жаңа қырынан тағы да жалғасып келе жатқан секілді.
Осындай жағдайға байланысты елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулердің тәуелсіз институты мамандары жүргізген сауалдама қорытындысына қарағанда, беларусьтердің 72 пайызы ұлттық валюта бағамы жуық арада тағы құлайды деп күтіп отырған секілді.
Сонымен, қазіргі уақытта әлем бойынша алғанда ұлттық валюталарды девальвациялау шеруі қызу жалғасып келе жатыр деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл үдеріс 22 дамушы елде етек алып отырса, енді бір елдерде жасырын түрде жүру үстінде. Әрине, мұндайда келетін қатерді үнсіз күтіп отырмай немесе әліптің артын бақпай оған ашық қарсы шығып, бірден бетін қайтарып тастаған жөн. Қазақстан, міне, осындай батыл қадамға бара алды. Мұның жағымды әсерлері көп өтпей-ақ экономикамыздан біліне бастайды деуге толық негіз бар.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».