• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 27 Қазан, 2021

«Мұқағали»: ақын – жүрек

925 рет
көрсетілді

Әр көрерменнің жүрегінде – өз Мұқағалиі бар. Бұл фильм – ақын өмірін зертеудің соңы емес. Осы тақырыпқа қызыққан кез келген режиссер келешекте Мұқағалиді жаңаша қырынан ашып көрсетуге мүмкіндігі бар.

Ақын табиғаты, таланты, оның психологиясы, тағдыры – ашық тақырып. Өзектілігін жоймайды. Себебі, Мұқағали Мақатаев – шын мәнінде тағдырлы ақын. Оның ғұмыры кино өнеріне сұранып тұрған дайын материал.

«Мұқағали» фильмі – режиссер Болат Қалымбетовтың ішкі әлемінен қайнап шыққан бейне. Авторлық шешімі. Отандық прокатқа шыққан осы жаңа фильмнің көркемдік мазмұнын, идеясының құндылығын арнайы кәсіби маман ретінде тұжырымдап беру маңызды деп есептеймін. Ақын жүрегін зерттеуге сезімтал түйсік керек. Ақын мамандық емес, ол – күй. Жүректің күйі. Сезіну шеберлігі. Терең иірімдермен суреттеу тілі. Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясындағы тағдырлы ақын. Бұл тақырыпты игеру – қазақ кино тарихында тұлғаларды тануға жасалған маңызды қадам. Ақындардың өмірі де сирек зерттелген тың тақырып.

Тағдыры күрделі тұлғаның бейсанасының иірімдерін зерттеу маңызды. Барлық сұрақтың жауабы сол жақта тұрады. Психология ғылымында бұл процесс зерттеліп, жолға қойылған. Бұл, біріншіден қоршаған ортадағы жәйттарды жүрекке терең қабылдаудың нәтижесі. Жоғарғы сезімталдық. Шешімін таппау. Күйзелу. Соқтығысу. Өзіңнен өзің қашып құтыла алмау. Жаратылыстың бәрі саған қарсы шығып тұрғандай қабылдау. Мұң – Мұқағалидің жанының бір бөлшегі болды. Өзін жалғыз сезінді.

Бұл фильм – режиссер Болат Қалымбетовтың дүниетанымындағы Мұқағалидің әлемі. Шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Фильмде режиссер ақын көңіл-күйінің бейнелі бояуын ашудың басты екпінін – күрең күз мезгіліне қояды. Бұл мезгіл – Мұқағали табиғатына тән ішкі күйдің сырын ашады. «Күрең күз» өлеңінің тууы ақын ғұмырында зор мазмұнға ие. Кез келген ақынның өлең жолдары оның жан дүниесінің айнасы.

Жауын – ол да маңызды бейнелік шешім. Ақын жүректің көз жасы. Ішкі арпалысы. Күйі. Шарасыздығы. Жауапсыз сұрақтары. Шешімін таппаған мәселелері. Өкініші. Тағдырмен тартысы. Әлеуметтік ортада өзін жалғыз сезінуі. Жүрекпен жазған жырлары. Өлеңнен басқадан жанының тыныштық таппауы. Құдаймен табиғаттың тілінде сырласу заңдылығы. Осы ерекшеліктерді режиссер поэзия тілінде ұтымды суреттеп бере алды.

Жапырақ – жүрек. Фильмнің сценариін жазған Жүсіпбек Қорғасбек осы сөздердің астары арқылы ақын жүрегінің түкпірінде жасырынған сырды ақтаруға басымдық берген. Мұқағалидің отбасылық өміріндегі тұрмыстың күйін ашады. Ақын балаларының басына түскен тағдыр тауқыметін ауыр күйзеліспен өткереді. Бала – жанды жерің. Ұлы – саяси тұтқынға айналып, арбаға таңылған мүгедек болады, қызы – жол апатынан қаза табады. Әр сынақпен бірге ақын жанының бір бөлшегі өлеңімен бірге үзілген жапырақтың күйіндей қағазға таңбаланып қалады.

Мағжан Жұмабаев өлеңдерін насихаттау да қылмысқа айналған дәуірдің келбетін көреміз. Бұл трагедия ақынды шын қажытады. Сезімтал жүрек ұлын құтқару жолында жанталасады. Арпалысқа толы жолды ауыр қабылдайды.

Ақын жүрек тіршілікте күресуге бейімсіз. Үнсіздігінің артында қаншама айтылмаған сырлары қалады. Оны тек қағазға жыр қылып жазады. Ақынның басты миссиясының өзі – өмірге күресу үшін емес, қарбалас тіршілікке бейімделу үшін де емес, сезіну үшін ғана келетіндей әсер сыйлайды. Фильм осы идеяны ашады.

​Отбасы – ақын көңіл-күйінің темірқазығы. Жұбайы Талшын көп қиындықты төзіммен өткереді. Екеуі екі әлемде жанталасады. Ішкі конфликтілерінің күйі – трамвайдың есігі тарс жабылып, екеуі екі жағында қалған көріністе шебер суреттеледі. Тұрмыс, жоқшылық, балаларыңның қорғансыздығы әйелдің жүйкесін шаршатса, бұл күй – Мұқағалидің да жігерін қажытады.

Фаризаға «шеңберлерден шығу» туралы айтқан жүрекжарды тілегі – ақын жүрекке айтқан үндеудей. Ақынды ақыннан артық кім түсінген?! Мұқағали Фаризаның бойынан жанын артық түсіне алатындай рухтас күш табады. Әйел затына аманатын айтады.

Мұқағалидің өмірбаяны қаншалықты ауыр сынаққа толы болса, фильм режиссері Болат Қалымбетовтың фильмде жасайтын көркемдік шешімдері де соншалықты ойлы. Бұл тәсіл – көрерменнің эмоциясына ауыр соққылар жасайды. Ой салады. Күйзелістің күйін сезіндіреді. Фильмде қолданылған музыка эмоцияға толы көріністерді шарықтау шегіне жеткізеді.

Фильмдегі теңеулер – ұтымды режиссерлік шешімдер. Осы арқылы режиссер Мұқағалидің ішкі күйінің арпалысын шебер суреттейді. Брежневтің дәліздегі суретін өртеп жібереді. Өз қайғысы ішінде күйіп тұрған ақынға саяси тұлғаның құны бір-ақ тұтам екенін көрсетеді.

Қызының аяқ киімінің тозып кеткен жұпыны күйіне күйінген әкенің күйі, жедел жәрдем көлігінің ішінде оның мәйітінің аяғын құшақтап қалған өкініші, жанының жанталасын шашылған алманың бейнесімен берген теңеуі де өткір.

Арбаға таңылған ұлын подьездің баспалдақтарынан жоғарғы қабатқа қарай шығаратын сәттегі қиналысы – Мұқағалиға әке ретінде қаншалықты ауыр соққы болса, мүгедек ұлының жарымжан денесін жуу ана ретінде Талшынға да адам төзгісіз сынақ.

Фильмде жүрекке жарқын күй сыйлайтын ерекше бір көрініс бар. Бұл Мұқағалидің үстіне тонын киіп алып, үйіне келген қонағына балаша қуанып, жер үстелін қолына ұстап алып жүгіріп, елпілдеп қалатын сәті. Дәл осы көріністе ақын жанына тән тазалықты көреміз. Көңілі жас баладай таза адамдардың өмірдің күрделі мәселелері туындағанда пендешілік жасауға ары жібермей, икемделе алмай қалып жатуының себебі де бәлкім осында.

Ақын болып жаратылған адамның психологиялық портретін жасап шығу оңай емес. Ол жүйке талшықтарын жүйелеп талдау сияқты күрделі процесс. Оның өміріндегі барлық фактілерді қамту да кейде мүмкін емес. Ең негізгісі, оны осы күйге түсірген басты себеп неде?! Күйзеліске түсуінің басты мотиві қайсы? Неге күйінді? Неден жиренді? Не итермеледі? Трагедиясы неде? Осы маңызды сұрақтардың жауабына апаратын оқиға желісінің бір тармағын тарқатып ашудың өзі көп нәрсе.

Фильм авторлары Мұқағали өмірінің келеңсіз жақтарын анайы ашып көрсетуді мақсат тұтпаған. Оның көрген қиындықтарының шетін әдеп деңгейінің шеңберінде қамтыған. Өз биігінде қалдырған. Бұл – фильм авторларының ұтымды ұстанымы.

Ақын психологиясының портретін жасауға деген талпыныс финалда әріптестерінің табытты көтеретін көріністе өз мәресіне жетті. Ақын жүрек тоқтап қана өз тыныштығын тапты. Толассыз жауын. Қолшатырлар. Табыт. Жаназа. Бұл көрініс көрерменге ауыр өкініштің атмосферасын сезіндіреді. Жұмыр жүректің қадірін уақытында түсіне алмау – артындағыларға зор қасірет. Операторлық жұмыстағы жоғарғы ракурс ақынның бұл дүниедегі барлық өткерген күйіне шебер нүкте қойып берді.

 

Гүлзат КӨБЕК,

Кинотанушы,Өнертану PhD докторы,«Тұран» университетінің профессоры