Қазақстанда адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратын ұлғайтуға бюджеттен 2 млрд 938 млн теңге бағытталады. Бұл туралы «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы мен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ілеспе түзетулер пакетін бірінші оқылымда талқылау кезінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобасын және ілеспе түзетулерді талқылау кезінде депутат Ирина Унжакова Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратын кеңейтуді қаржыландыру туралы сұрақ қойды. Бұған дейін белгілі болғандай, әр облыста үш қызметкерден және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында төрт қызметкерден 17 өңірлік өкілдікті құру қажет. Өңірлік деңгейдегі жалпы саны - 54 бірлік. Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың штаты 51 бірлікке дейін ұлғаяды.
«Заң жобасымен АІЖК-ні уәкілдің сотқа талап-арыз беру құқығы туралы жаңа баппен толықтыру ұсынылады. Осыған байланысты бізде бірнеше практикалық сұрақтар бар. Біріншіден, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа қосымша штат пен қаржы қажет пе? Екіншіден, сіз бұл жұмысқа заңгерлер мен заң кеңесшілерін тартуды жоспарлап отырсыз ба? Үшіншіден, шағымдарды қараудың жалпыланған нәтижелерінің ішінен Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атынан сотқа талап-арыздарды беру қандай принциптер бойынша қалыптасады?», деп сұрады ол Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімовадан.
Бұған жауап ретінде Әзімова штатты ұлғайтуға нақты қаражат бөлінгенін айтты.
«Шынында да, негізгі заң жобасы және өзгерістер енгізуді көздейтін үш ілеспе заң жобасы қымбатқа түседі. Сонымен қатар негізгі заң жобасында, өздеріңіз білетіндей, барлық өңірлерде 17 өкілдік қарастырылған. Әрине, бұның барлығы шығындарды талап етеді. Сондықтан Үкімет пен Республикалық бюджет комиссиясы 2 млрд 398 млн теңге көлеміндегі қосымша шығындарды қолдады», деп түсіндірді ол.
Заңгерлер мен консультанттарды тартуға қатысты сауалға ол адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысын Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық Орталық қамтамасыз ететінін айтып өтті. Ол үшін өкілдіктер мен өкілдер бар.
«Ең алдымен, орталықпен бірге жұмыстың өзін тікелей қамтамасыз ету - біздің міндетіміз. Штатта заңгерлер де болады, бірақ кәсіби қорғаушылар мен біздің арасында айырмашылық бар екенін айтқым келеді, сондықтан қандай да бір мәселелер бойынша біз оларға, соның ішінде Сараптамалық кеңес контексінде жүгінетін боламыз. Мұндай консультативтік-кеңесші органдар бар. Сараптамалық кеңестің құрамына заңгер ғалымдар, адвокаттар мен заң кеңесшілері, азаматтық қоғам өкілдері кіреді. Осы тұрғыда біз олардан қолдау күтеміз. Бүгінде бізде БҰҰДБ форматында осындай қолдау бар», деп нақтылады Әзімова.
Үшінші мәселе бойынша - талап-арыздарды қалыптастыруға қатысты уәкіл бірінші кезекте Конституциялық Кеңестің 2021 жылғы маусымда Парламент қабырғасында оған соттар арқылы Конституциялық Кеңеске жүгіну құқығын беру арқылы Уәкіл институтын нығайту қажеттігі туралы айтылған жолдауынан туындайтынын атап өтті.
«Яғни, осылайша талап-арыздарды қалыптастыру азаматтардың Конституциямен кепілдік берілген негізгі құқықтары мен бостандықтарына байланысты қабылданған және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің конституциялық ережелерге сәйкес келмеуі туралы сөз болған жағдайлармен байланысты болады», деп түйіндеді ол.