• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 27 Қазан, 2021

Мажарстан Қазақстанда бірқатар жобаларды жүзеге асыруға дайын

320 рет
көрсетілді

Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Михай Варганың Қазақстанға сапары аясында өткен Қазақстан-Венгрия инвестициялық бизнес-форумында инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ ынтымақтастықтың артықшылықтары мен сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі ілгерілетудің перспективалары таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған іс-шараның жұмысына екі елдің іскер топтары мен бизнес-қоғамдастықтарының 80-нен астам өкілдері қатысты. Бизнес-форум ҚР Сыртқы істер министрлігі, Венгрияның сауда-өнеркәсіп палатасы, «Атамекен»  ҚР ҰКП, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен өтті.

Форумды ашқан ҚР Ұлттық экономика Мминистрі Әсет Ерғалиев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сенімді қарым-қатынастар экономикалық өзара іс-қимылды дамыту үшін қолайлы жағдай туғызатынын айтты. Министр Мажар кәсіпкерлерін Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға және өзара қарым-қатынастарды дамыту үшін жаңа нысандарды бірлесіп іздеуге, сондай-ақ ҚР аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

«Біз Қазақстанды үлкен экономикалық нәтижелерге қол жеткізген ел деп санаймыз. Біздің екіжақты байланыстарымызға өте қуаныштымыз. Венгрия алдағы уақытта да Қазақстанға қатысты ашық және экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін іздейді», деп атап өтті Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары Михай Варга.

Форум аясында спикерлер ретінде венгр сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Ласло Фараго, Мажар-Қазақстан Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ласло Хорват, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов сөз сөйледі.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов Венгр серіктестеріне Қазақстан Республикасының инвестициялық әлеуетін таныстырып, Қазақстан мен Венргия арасындағы екіжақты қатынастарды тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.

«Венгрия - Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі. Көптеген секторлардағы өзара синергияны ескере отырып, біздің экономикалық ынтымақтастығымызды дамыту үшін жоғары әлеует бар. Сондықтан біздің әріптестігіміздің басым бағыттарын, болашаққа жоспарларды, АӨК, машина жасау, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, фармацевтика және т.б. сияқты экономиканың негізгі салаларындағы Қазақстандағы нақты бірлескен жобаларды талқылау үшін біздің тірі форматтағы кездесуімізді өте маңызды деп санаймын», деді Ұлттық компания басшысы Мейіржан Юсупов.

Форумды қорытындылай келе, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғали «Globalia Kft» және «ANM Group» компанияларымен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Меморандум аясында инвесторлар 50 млн АҚШ доллардан астам сомаға СЭС салуды жоспарлап отыр. 

Форум аясында қос елдің кәсіпкерлері арасында екі жақты кездесулер өткізілді, онда АӨК, энергетика, құрылыс, химия саласы және машина жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Айта кетсек, бүгінде елімізде Венгр капиталының қатысуымен 30-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді.