Әлемдік мұнай нарығындағы «қара алтын» баррелі қайта көтерілді. Мәселен, 18 қазанда Лондондағы ICE Futures биржасында ең өтімді Brent мұнайының желтоқсандағы фьючерстерінің құны барреліне 85,75 АҚШ долларын құрады. Бұл – 2018 жылғы 9 қазаннан бергі ең жоғары баға.
Мұны сарапшылар Еуропа мен Азия құрлығындағы табиғи газ бен көмірдің жетіспеушілігімен байланыстырады. Қазір қос құрлықта да электр генерациясында мұнайға сұраныс арта түсті. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (МЭА) жетекші сарапшылары саладағы дағдарыстан соң мұнайға сұраныс алдағы айларда тәулігіне 500 мың баррельге өсуі мүмкін екенін алға тартады. «Қазір көмір мен газдың жетіспеушілігіне байланысты мұнайға сұраныс артты. Бұл «қара алтын» нарығындағы раллиді қалыптастырғанын көріп отырмыз» деген пікірімен бөлісті Vanda Insights негізін қалаушы Вандана Хари.
Бір ғасыр бұрын өнеркәсіптік қор индексін саралау мақсатында құрылған Dow Jones Market мәліметіне жүгінсек, Нью-Йорктегі тауар биржасының (NYMEX) электронды сауда-саттықта қараша айы үшін америкалық WTI мұнай фьючерстерінің бағасы бір баррелге 83,51 долларға жетті. Мәселен, 15 қазанда осы келісімшарттардың құны 0,97 долларға (1,2%) өсіп, барреліне 82,28 долларға жетті. Мұны да 2014 жылғы 21 қазаннан бергі ең жоғары көрсеткіш деуге болады. Өткен аптада Brent мұнайының бағасы 3%-ға, WTI «қара алтыны» 3,7%-ға өсті. Екеуінің де құны сегіз апта бойы өсіп келеді. Осылайша, Brent құнының 1999 жылдың сәуірінен, ал WTI бағасының 2004 жылғы тамыздан бері алғаш рет ең ұзақ мерзім бойы әрі үздіксіз өскені байқалады.
«Мұнай келесі айда барреліне 90 долларға дейін өседі деп күтілуде. Еуропа мен Азияда мұнай мен газ тапшылығы сақталып отырған кезде баррель бағасы қымбаттай береді» дейді Velandera Energy Partners компаниясының бас қаржы директоры Маниш Радж. Оның бұл тұжырымын MarketWatch сарапшысы «Мұнай бағасы барреліне 100 долларға дейін көтерілсе де оны пайдалану газбен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан тиімді болады», деп қуаттап отыр.
Жаһандық нарықта мұнай бағасының өсуіне не ықпал етеді? Баррель бағамының құбылуын қалт жібермейтін сарапшылардың пікіріне жүгінсек, мұны алдымен отынға әлемдік сұраныстың қалпына келуімен байланыстырған жөн. Бірақ бұл өндіруші компаниялардың бағасы қымбаттаған газ бен көмірдің орнына дизель отыны мен мазутты тұтынуға көшуіне әсер етеді. Қысқы маусым жақындаған сайын сұраныс тағы да артуы мүмкін. Осы орайда FOREX халықаралық нарығындағы көшбасшының бірі – Оanda сарапшысы Эдвард Мойдың айтуынша, мұнай нарығындағы тапшылық үдей түсетін секілді. Өйткені ауа райы салқындаған сайын энергетикалық дағдарыс тереңдей береді. Көмір мен электр энергиясының, оған қоса табиғи газдың жетіспеушілігі мұнайға қосымша сұранысты арттырады. Бірақ АҚШ пен ОПЕК+ нарыққа қосымша көлем беруге асықпайтын сияқты.
«Открытие Research» зерттеу орталығының жетекші сарапшысы Андрей Кочетков та көмір мен газ бағасының рекорды мұнайға деген сұранысты арттыратынына сенімді болып отыр. Әсіресе, төртінші тоқсандағы ахуал Солтүстік жарты шардағы температураның төмендеуіне байланысты күрделене түсетін сияқты. Өйткені Қытайда көмір бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Сол себептен, мұнай өнімдері, оның ішінде мазут электр мен жылуды өндіру үшін бұрынғыдан да мол сұранысқа ие болуы мүмкін.
Бұдан бұрын халықаралық энергетикалық агенттік 2021 жылғы мұнайға сұраныстың болжамын тәулігіне 96,3 млн баррельге дейін көтерген еді. Демек, жылдың соңына дейін бұл сұраныс тәулігіне 5,5 млн баррельге артады. Аталған агенттік 2022 жылға сұраныстың өсу қарқынының болжамын тәулігіне 3,2-ден 3,3 млн баррельге дейін нақтылаған еді. Осы болжамның нәтижесінде алдағы жылы мұнайға сұраныс тәулігіне 99,6 млн баррельді құрайды. Әрине, бұл көрсеткіш COVID-19 пандемиясына дейінгі деңгейден сәл жоғары екені даусыз. Алайда АҚШ Энергетика министрлігі 2021 жылы елдегі тәуліктік мұнай өндіру болжамын 60 мың баррельге, тәулігіне 11,02 млн баррельге дейін төмендеткенін ескерген жөн.
Батыс мұнай компанияларына таза энергияға тез ауысуды талап еткен инвесторлар мен эко-белсенділер әсер ететіні даусыз. Өйткені батыс инвесторлары компаниялардың өндірістік қызметін қаржыландыруға асықпайды. Сөйтіп инвесторлар мұнай бағасының арзандауынан сескеніп, жаңа мұнай кен орындарына аз ақша жұмсағанды жөн көреді. Жалпы, қазір мұнай нарығындағы ұсыныс шектеулі күйде қалып отыр. Бірақ сұраныстың әлі де өсетіні дау тудырмайды. Ал батыстағы алпауыттардың мол мұнай өндіруге асықпауынан олардың орнын басқа компаниялардың басуына мүмкіндік ашылды. Мәселен, Сауд Арабиясының жетекші мұнай өндірушісі Saudi Aramco мұнай өндіруді күніне кемінде 1 млн баррельге, тіпті 2030 жылға қарай 13 млн-ға дейін арттыруды жоспарлағанын мәлім етті. Сондай-ақ Кувейт, БАӘ, Ирак, Ливия, Аргентина, Колумбия мен Бразилиядағы мұнай компаниялары да мұнай өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Энергетика саласындағы сарапшылардың пайымынша, мұнай мен табиғи газдың бағасы қазіргіден өсе түссе, мол мұнай өндіруші елдер ұсынысты арттыруға мәжбүр болады. Мақсат – нарыққа мұнайды көбірек шығару. Тағы да дерекке жүгінер болсақ, өткен айда Кувейт өндірісті күніне 2,4 млн-нан 4 млн баррельге дейін арттыру үшін алдағы бес жыл ішінде барлау жұмыстарына 6 млрд доллардан астам қаржы салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Демек, әлемдік мұнай нарығының ойыншылары әлі де баррель бағамының көтерілгенін қалайды.
Мұнай баррелінің бүгінгі көтерілген биігі Қазақстан экономикасы үшін өте тиімді болмақ. Өйткені елімізде өндірілген мұнайды экспорттаудың отандық экономиканы өркендетуге ықпалы зор. Біріншіден, республикалық және жергілікті бюджетке түсетін кірістер мен салықтар көлемі ұлғаяды. Екіншіден, геологиялық барлауды дамытуға ден қойылады. Үшіншіден, жаңа кен орындарын ашу мен жұмыс орындарын құру, әлеуметтік мәселелер оң шешімін табады. Демек, көмірсутекті шикізаты мол еліміз үшін баррель бағамының тағы да өсе түскені қажет.
Атырау облысы