Әскери қуаттылық – тәуелсіз Қазақстанныңақ сауыты. Біздің тыныштығымыз, дамуымыз, ұлттық және табиғи құндылықтарды сақтауымыз – бәрі осы әскери айбындылықтың аясында өрбитіні анық. Сол себепті елімізде Қарулы Күштерді, қорғаныс саласын дамыту бағытында сүбелі істер қолға алынып келеді. Оны сырт көз байқай бермес, бірақ сымдай тартылып сапта жүрген әскери қызметшілердің өздері осылай деп отыр.
Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз институты ғимаратында еліміздің Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшылығының жоспарына сай, жаңа Жолдауды насихаттау, түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті.
Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының теңізшілер тірлігіндегі маяк, яғни шамшырақ, айлақ, жол үсті желі, Каспий теңізі сынды сөздер мен ұғымдармен басталуын «болашақта теңіздің және әскери әлеуетті арттырудың маңыздылығына қатысты» деп санаған әскерилер Жолдауда жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды жұмыла орындауға тырыспақ. Осылайша дамыған 30 елдің қатарына әбжіл де әлеуетті әскери күші бар, қуатты ел ретінде енуді көздеуде.
– Барлық әскери бөлімшелер мен құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері Жолдауды терең ұғынып, жүзеге асыру үшін жұмыстануға міндетті. Біздің еліміз – ұлан-ғайыр жері бар, Каспий теңізінің қазақстандық секторында табиғи байлықтардың мол көзі сақталған алып мемлекет. Әскерилер, жеке құрам әрдайым жауынгерлік дайындықта болып, елдің тыныштығын сақтауға, жауынгерлік шеберлікті жетілдіруге, жаңа қарулар түрімен, әсіресе, отандық зауыттарда жасалған қарулармен жарақтануға тиіс. Отан қорғаушы ретінде бұл біздің міндетіміз, сондай-ақ Елбасы Жолдауын жүзеге асыру да біз үшін міндет, –деді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бастығы, полковник Қ.Мыңжанов.
Полковниктің айтуынша, биылғы жылы Каспий теңізі бетінде көк байрақты желбірете, тәуелсіз Қазақстанымызды қорғай жосылтқан әскери кемелердің саны тағы бірге артпақ. Ал Әскери-теңіз күштері тыл базасының Ақтау маңынан орын тебуі де керек-жарақ, киім-кешекті алыстан тасу қиындығынан құтқаратын болады.
Дөңгелек үстел басында сөз алған әскерилер Жолдаудағы басым бағыттарды қуаттап, өз пікірлерін білдірді. Ал Ақтау аудандық пайдалану бөлімінің бастығы Б.Мірсейітов әскери қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы туралы баяндады.
– 2013 жылы Ақтау гарнизоны бойынша 240 пәтерлі тұрғын үй мен 70 орынды пәтер типті жатақхана пайдалануға берілді. Аз ғана уақытта бүтін әскери қалашық салынды. 800-ге тарта әскери қызметкердің айлық жалақысына пәтер жалдау үшін арнайы өсім қосылып келеді, сондай-ақ, коммуналдық төлемдер үшін жеңілдіктер қарастырылған, – деді ол.
Одан әрі әскери топ Жолдауды насихаттауды теңіз толқынында тербелген кемелердегі теңізшілер арасында жалғастырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.