• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 28 Қазан, 2021

Үш емхана екпе егуді аяқтады

140 рет
көрсетілді

Індет басталғалы бері Сыр бойында 18 639 адам вирус жұқтырыпты. Осы науқастардың 82 пайызы биыл тіркеліп отыр. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 3 есеге дейін ұлғайған. Жазда бой бермей кеткен дерт соңғы 2 айда төмендеп, жұрт көңіліндегі қорқыныш та сейіле түскендей.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг­те облыстық санитарлық-эпи­де­миялық бақылау депар­та­ментінің басшысы Динара Жа­ңа­бергенова тамызда 2 486, қы­ркүйекте 1 125 жағдай анық­тал­са, 24 қазанға дейін 737 дерек тіркелгенін атап өтті.

– Облыс тұрғындары арасында карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу жалғасуда. Жыл басынан бері бүгінге дейін мониторингтік топ 15 118 нысанды тексерген. Оның барысында карантин талаптарын бұзудың 799 дерегі белгілі болып, 52 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Қыркүйек айының соңына таман Ashyq жүйесіне қосылған нысандарда белгіленген шектеулерді сақтай отырып, той өткізуге рұқсат берілді. Дегенмен үй жағдайында адамдарды көп жинай отырып, отбасылық іс-шараларды өткізу тоқтамай тұр. Жыл басынан бері осындай 515 дерек анықталды, – дейді департамент басшысы.

Бүгінде облыста вакцинаның толық курсынан өткен тұр­ғын­дар саны 286 448-ге жетті, бұл тиісті контингенттің 63,3 пайы­зы. Жалпы, вакциналау көр­сет­кіші бойынша Сыр бойы республикада алғашқы бестік қатарында тұр. Облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасы бас­шы­сының орынбасары Жангелді Шайым­бетовтің айтуынша, облыс орталығындағы №1 қалалық емха­нада коронавирусқа қарсы екпені жоспардағы 25 256 адам то­лық алған, Жалағаш және Қармақшы аудандары да вакциналау жұмыстарын сәтті аяқтапты.

Мамандар тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптасып келе жатқанын айтып отыр. Бірақ сақтық шаралары естен екі елі шықпауы тиіс.

 

Қызылорда облысы