Елена және Владимир Григоряндардың авторлық қыш шеберханасы саз сиқырынан сәуле тапқан туындыгерлер топтасқан рухани бірлестік. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің Орталық көрме залында аталған ұжым шәкірттерінің «Саз үндестігі» атты көрмесі ашылды.
Саз балшық – өркениет пайда болғалы адамзатпен бірге жасап келе жатқан, мыңдаған жылдық тарихы бар табиғи материал. «Шамшырақ», «Тостағандар», «Уақыт бедерлері» атты негізгі үш тақырыптық инсталляциядан құралған өнер жәрмеңкесіне 16 шебердің қолтаңбасы қойылған. Топырақтың тілін білген қышшылар табиғаттан, тарихтан және жетістіктер көзінен шабыт алады. Олар жасаған жұмыстар күнделікті өмірде кездесетін заттардың рухани, көркемдік және тактильді әлеуетін ашып, шебер қолының жылуымен шұрайлана түскен.
Ежелгі уақытта адамдар құмырашылардың сиқырлы күші бар деп сенді. Қыштан жасалған туындыларды қалыптау процесіне адамнан басқа төрт элемент қатысады. Бұлар: жер, су, ауа, от. Жер – бұл саздың өзі, су – оны сұйылтуға қызмет етсе, ауа – мүсінделген пішіндерді кептіреді, ал от оларды күйдіріп, бұйымға соңғы бейне береді. Ең бастысы бұлардың барлығы шеберге бағынады.
Экспозициядағы Айша Юсупова, Алина Друзик, Анель Құлахметова, Арина Ван Энгелен, Елена Мазур, Ирина Ароян, Эльза Ким, Ирина Шлыгина, Қаламқас Бектұрғанова, Карина Дмитриева, Лариса Арюткина, Лилия Гөбекліоғлы, Наталья Покидова, Нике Скиданова, Татьяна Грохотова, Юлия Ленгард сынды қыш құпиясын меңгерген шеберлердің қолтаңбасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Авторлар өзі қалыптаған тақырыбын өздерінше сезініп, өздерінше түйсінеді.
– Көрме коллекциялық дизайн объектілері мәртебесіне заңды түрде өткен қазіргі әлемдегі қыш бұйымдарының кескінді, үйлесімді «дыбысталуын» көрсетеді. Технологияның өрістеуі жаңа экспрессивті құралдар – күрделі әшекейлер мен ангобаларды табуға, күйдіру сапасын арттыруға, электрлі көзе ұршығын жасайтын жаңа бейнелеу құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен бүкіл артықшылықтарды қолданса да, саз балшықпен жұмыс істеу әдістері өзгеріссіз қала береді, ал адам қолы – қыш жасаудың негізгі құралы. «Саз үндестігі» көрмесі – шығармашылыққа бет алған, қышты сүйетін және оқып-үйренуге табандылық танытатындар үшін тамаша мүмкіндік, – дейді көрме жетекшісі Виолетта Вологодская.
Елена және Владимир Григоряндардың шеберханасы – кәсіби қыш суретшілері мен мүсіншілерін пластикалық шеберлікке үйрететін Қазақстандағы алғашқы авторлық қыш галереясы. Ол 2012 жылы отандық суретшілердің бастамасымен құрылды. Мұнда кәсіби шеберлікке машықтанған өнер иелері әлемдік деңгейдегі көрмелерге қатысып, байқауларда жоғары марапаттарға ие болып жүр.
АЛМАТЫ