Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев кеше Пенжім ауылында болған төбелеске қатысты түсінік берді, деп жазады Egemen.kz.
Оның айтуынша, кеше жастар арасында түсінбеушілік болып, оның арты тәртіпсіздіккке ұласқан.
«Тәртіпсіздік ең бірінші Розыбакиев атындағы мектептегі екі баланың арасындағы жанжалдан шықты. Төбелестен бір бала жарақат алып, аурханаға түскен. Бала аман-есен, бүгін кіріп, халін біліп шықтым. Түнде ота жасалған, қазір жағдайы жақсы. Басынан жарақат алыпты, дәрігерлер гематомасын алып тастады. Сол төбелестен кейін кешкісін жастар жиналып, ұлттық мәселені көтерген. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен мұнда штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары, ІІД-нен адамдар келді. Қазір кеше не болғанын анықтап жатыр. Меніңше, бұл жағдайға жастардың түсінбеушілігі себеп болды. Бүгін ауылдың азаматтарын жинап, олармен жұмыс істеп жатырмыз», деді аудан әкімі.
Мектептегі төбелестен кейін кешкісін жастар жиналып ұйғыр халқы өкілдері тұратын үйге тас лақтырған. Сол кезде үлкен бір кісі жарақат алыпты.
Сонымен қатар әкім әлеуметтік желіде тараған өртенген үйдің бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтты.
«Өртенген үй осы ауылдікі. Жастар көшеге шыққан сәтте үй өртенген. Оның бұл жағдайға еш қатысы жоқ. Ол үйдің тұрғындарын туған-туыстарына орналастырдық. Алдағы уақытта ол үйдің шатырын жабуға көмектесеміз. Үйдің иесі қазақ», деді Талғат Өмірәлиев.
Айта кетсек, кеше әлеуметтік желіде Панфилов ауданындағы жанжал жайлы видеолар тарады. Онда мектептегі оқушылар арасындағы төбелес пен түнгі уақытта топтасқан адамдардың белгісіз үйге тас лақтырп жатқаны және үйлердің өртенгені бейнеленген.