Елордада коронавирустық инфекциямен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландыруға 35,38 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Осы жылы қор амбулаториялық-емханалық деңгейдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтіп, күндізгі стационар қызметін қаржыландыру көлемін көбейтті. Біршама қаржы пандемия жағдайын және цифрландыру мүмкіндіктерін ескере отырып, қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді одан әрі енгізуге жұмсалуда», деді ол онлайн брифинг барысында.
Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021 жылдың 9 айында коронавирустық инфекциямен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландыру 35,38 млрд теңгені құрады. Оның ішінде: медицина қызметкерлеріне үстемеақылар – 17,38 млрд теңге; медициналық көмекке және КВИ таралуын болдырмау жөніндегі қызметтерге – 13,75 млрд теңге жұмсалды.
Карантиндік және инфекциялық стационарларға 42,7 мыңнан астам адам емдеуге жатқызылды және емделді. КВИ таралуын болдырмау үшін стационар аясында үйге кеп көрсетілетін медициналық көмекке 1,88 млн теңге жұмсалып, 60 адам емделді. ПТР диагностика қызметіне 3,41 млрд теңге бөлініп, 482,1 мың ПТР-тест жасалды. Мобильді бригадалардың шығуына 838,73 млн теңге кетті. Олар 145,5 мың шақыртуға шықты.
«Елорда тұрғындары коронавирустық инфекция және пневмония кезінде медициналық көмекті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін алады. Коронавирустық инфекциямен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған пациенттер Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауруханада емделді ме, оған қарамайды. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маманның қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі», деді филиал директоры.