• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Үкімет 28 Қазан, 2021

Министрліктер құзыреті қайта бөлінеді

1524 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Құжатты сенаторларға Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныс­тырды. Заң жобасын қабылдаудағы мақ­саты – мемлекеттік басқару дең­гейлері арасында құзыреттерді одан әрі қайта бөлу. Бұл алдыңғы әкімшілік реформалардың жалғасы болады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын, стратегиялық құжаттарда және сарапшылардың ұсынымдарында айқындалған басымдықтарды ескере отырып дайындалды.

«Оны әзірлеу кезінде орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік функ­цияларды талдау бойынша ауқым­ды жұмыс жүргізілді. Заң жобасында 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзетулер көзделіп отыр. Заң жобасы шеңберінде 68 функция қайта бөлінеді, оның ішінде Үкіметтен ми­нистрліктерге 63 функция, жергілікті ат­қару­шы органдарға 5 функция бері­леді. Сонымен қатар 4 мемлекеттік орган­ға қосымша өкілеттіктер беріледі», деді Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Оның айтуынша, жалпы, заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы кезекті қадам болады және оның дербес­тігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.

Құжатқа енгізілетін жаңа норма­ларға сәйкес, Үкіметтің бірқатар өкілет­тік­терін министрліктерге беру көздел­ген. Ал министрліктердің кейбір өкілетті­к­тері жергілікті атқарушы органдарға беріледі.

Нақты айтқанда, Білім және ғылым министрлігіне қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне және олардың мөлшеріне кепілдік беру қағидаларын бекіту қызметі жүктеледі. Сыртқы істер министрлігі халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне мониторинг жүргізуге жауапты болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту ұсынылып отыр. Сондай-ақ заң жобасында министрліктердің мой­нындағы қызметтердің бір бөлігін әкімдіктерге беруге қатысты жаңашыл­дықтар жазылған.

«Осы заң жобасы арқылы Қазақ­стан Республикасының 46 заңнама­лық актісіне, оның ішінде Бюджеттік және Қылмыстық атқару кодекстеріне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу көзделген. Одан бөлек, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министр­лік­терінің кейбір функцияларын жергі­лікті атқарушы органдарға беру қарас­тырылған. Кейбір мәселелерде Эколо­гия, геология және табиғи ресурстар, Қорғаныс, Ішкі істер, Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрліктерінің өкілеттіктерін күшейту үшін оларға да бірқатар қосымша қызметтер беріледі», деді сенатор Ләззат Рысбекова.

Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлуге арналған бұл заң жобасы тиімді мем­лекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жолын­дағы маңызды қадам болып сана­ла­ды. Сенаторлар жан-жақты талқы­лағаннан кейін құжатты бірінші оқылымда мақұлдап, Палатаның әрі қарай қарауына жіберді.

Сонымен қатар Сенат отырысында бірқатар депутаттық сауал жолданды. Нариман Төреғалиев Маңғыстау облы­сының туризм саласындағы әлеуе­тін күшейту үшін кешенді жұмыс жүр­­гізу­дің, өңірді таза ауызсумен қамта­ма­сыз ету мәселесін шешудің, әуе рейс­терін арттырудың және автомобиль жолдарын жөндеудің маңызды екенін айтты.

Депутат Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында Маңғыстау облысының туристік аймақтарында 1100 шақырымнан астам жолды күрделі жөндеу және қайта жаңарту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар өңірде құрғақ жүктер мен мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған «Ақтау теңіз сауда порты» және «Құрық» порттары бар. Олардың екеуі де ел экономикасы үшін маңызды рөл атқарады. Алайда олар тек жүк тасымалдау бағытына арналған. Ал жолаушы кемелерін қабылдаудың мүмкіндіктері қарастырылмаған.

«Өңірде туризмді одан әрі дамытуға серпін беру үшін жолаушылар теңіз вок­залын салу қажет. Жалпы, теңіз вокза­лының салынуы туризммен бірге, өңірдің экономикасына жаңа серпін беретіні сөзсіз», деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қызылорда облысындағы су тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы Сырдария өзені бассейнін сумен қамтамасыз етуге және суарма­лы жерлердің мелиорациялық жағ­дайы­на тікелей байланысты. Облыс транс­шекаралық өзеннің төменгі ағысында орналасқан, сондықтан оның жоғарғы ағысынан келетін су көлеміне тәуелді.

Осыған байланысты Сырдария өзені­нің жоғарғы ағысында орналасқан мем­лекет­терге су тәуелділігінің төмен­деуі өңір үшін өте маңызды. Депутаттың пікі­рін­ше, Қараөзек және Күміскеткен су қойма­ларын салу бұл мәселені шешуге көмектеседі.

«2022 жылға арналған республи­калық бюджеттің параметрлерінде Күміс­кеткен су қоймасына және Қараөзек су қойма­сының құрылысын бастауға 500 млн теңге қаржы қарасты­рылуына және сонымен қатар 30 мың гектар суармалы егістік жерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазсушар» РМК су жеткізіп беру қызметі есебінен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында су тоспасын қайта салуға ықпал жасауыңызды сұраймын», деді депутат.

Бауыржан Қаниев Үкіметтің негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша қабылдаған шараларын сынға алып, Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында жағдайды жақсартуға ықпал ететін бірқатар қадамдар ұсынды.

Сенатордың айтуынша, ішкі жалпы өнімнің құрамындағы отандық тауар өндірушілердің үлесі шамамен 30 па­йызды құрайды, ал азық-түліктің 70%-ы елге импортталады, бұл бағаның өсуіне ықпал етпей қоймайды.

Депутат Ұлттық статистика бюро­сының 2021 жылдың басынан бастап сәбіз 45 пайызға, картоп 38,5 пайызға, күнбағыс майы 16,7 пайызға, пияз 10,9 пайызға және қант 9,2 пайызға қымбаттағанын жеткізді.

«Үкімет бағаны екі тәсілмен тұрақ­тандыруға тырысып жатыр, бірақ айтар­лықтай нәтиже жоқ. Біріншісі – 6 пайызбен  кәсіпкерлерге несие беру. Оған көп кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтарының қолы жет­пей отыр. Екіншісі – азық-түлік­ті төмен­детіл­ген бағамен сататын әлеуметтік дү­кен­­дер. Бұл дүкендердің саны аз, ішкі нарықты толығымен қамта­­­ма­сыз ете алмайды. Бұл тәсілдер нарықтағы бағаға көп әсерін тигізе алмай отыр. Сондықтан Үкі­­­мет, ең ал­дымен, әлеуметтік маңызы бар та­уар­­ларға қатысты шекті бағаны бекі­­тіп, өкі­лет­ті орган бағаның өзгеруін қатаң түр­де бақылауы тиіс», деді депутат.

Бауыржан Қаниев, сондай-ақ Сенат­тың Экономикалық саясат, инно­ва­ция­лық даму және кәсіпкерлік комитеті Мем­лекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында көтерме сауда орта­лық­тары желісін дамыту және баға бел­гілеуді жетілдіру мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен кездесу өткізгенін атап өтті. Кездесу қорытындысы бо­йынша арнайы әзірленген ұсыныстар Үкіметтің атына жолданды.