Жаһандық пандемия әсіресе, цирк жанрына қызмет ететін өнерпаздарға оңайға тиген жоқ. Осы бір күрделі кезеңде сахна салтанаты мен кішкентай көрермендердің қошеметіне бөленіп келген жануарлар да тыншу тапқандай болғанымен, Қазақ мемлекеттік циркі қарап жатпай, оқшауланып, жаңа нөмірлерін дайындап жатқан еді.
Енді міне, қарашаның ызғары күшіне мінгенге дейін жалғасатын Excentriko атты жаңа цирк бағдарламасы алғашқы көрермендерінің көңілінен шықты. Мектептердің күзгі демалысына арнайы дайындалған жаңа бағдарлама қызықты да тартымды деуге енді негіз бар. Цирк күмбезінің астына қайта күлкіге көмкерген нөмірлер карантин жеңілдегеннен кейін, өте қысқа мерзімде дайындалса да көрермендер көңілінен шығып жатыр.
Бұған дейін де араға екі орындық салып көретін және дәстүрлі түрде демалыс күндері өтетін қойылымға Ashyq жүйесімен «жасыл» мәртебелі көрермендер ғана кіре алатыны ескертілген-ді. Карантиндік шектеулерге байланысты көрермендер залы тек 30 пайызға ғана адам қабылдайды.
Қазақ циркінің қандай жаңалығы бар десек, жас әуе гимнасты Ирина Храменкованың «Кор-де-парель» дебюті – цирктің таңғажайып нөмірлеріне қосылды. Ирина бұл өнерімен тұңғыш рет аренаға шығып тұрған жоқ, ол оған дейін де елімізде гастрольдерде болған. Тек алматылықтар ғана бұл нөмірді бірінші рет көріп отыр.
Сол сияқты Әділет Тикановтың жетекшілігіндегі «Томирис» акробатикалық нөмірімен мегаполистің кішкентай өнер сүйер көрермендері алғаш рет қауышып отыр. Айтқандай, «Томирис» акробаттары жаңа жылдың басында Венгрияда өтетін халықаралық цирк өнері фестиваліне қатысуға дайындалып жатыр.
Шеңбердегі әуе гимнастикасы жанрына тиесілі тағы бір премьера – Анна Демидованың өнері де батыл трюктерге толы. Анна – эквилибр жанрындағы әртіс. Пандемия кезіндегі дайындықтар цирк саңлағын жаңа шешімдер қабылдауға, тосын өнер көрсетуге итермелеген.
Жаңа бағдарламаның премьерасы басталған күндері әйгілі Демидовтар цирк әулетінің өкілі – Қазақ мемлекеттік циркінің әуе гимнасты Анастасия Демидова Бүкілресейлік «Цирк ханшайымы» фестивалінің қола тәжін жеңіп алды. Анастасия аренаға жаттықтырушы-ұстазы Ольга Демидованың жетекшілігімен белдіктегі әуе гимнастикасы жанрындағы нөмірімен шыққан болатын. Ал «Цирк ханшайымы» фестивалі биылғы 18-24 қазан аралығында Ресейдің Саратов қаласында өткенін, беделі жоғары цирк өнері фестиваліне 13 елден 100-ден астам қатысушы қатысқанын айта кету керек.
Цирк өнері туралы сөз қозғап отырып, осы күндері Қазақ мемлекеттік гимнасты Варвара Кошкина World pole sport championship 2021 пилонында спорт бойынша Әлем чемпионатында он екінші орыннан табылса, тағы бір өнерпазымыз Сұлтан Сенбек Гимнастика федерациясы президентінің Кубогында екінші орынға ие болды.
– Кез келген көрерменді қуанта алатын Excentriko бағдарламасы циркті сағынған балалар үшін ғана емес, ересектерге де қызықты болып тұр. Қазіргі цирктер кез келген жастағы көрерменге арналған. Біз бұл бағдарламада өте күрделі нөмірлерді ұсындық. Өнерпаздарымыз көбінесе сақтандыру белдігінсіз орындалатын трюктермен көрерменді таң-тамаша етеді. Жаңа нөмірлермен бірге көңілді сайқымазақтар мен балалардың сүйікті иттері үйретілген аюлар мен жылқылар бар, – дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев.