Енді жаңа туған нәрестеге берілетін жәрдемақыны алу үшін электронды түрде өтініш беріп, онлайн рәсімдеуге болады. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабардар етіп отыр.
– Біз мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сервисінің аясын кеңейте отырып, оларды танымал қосымшаларға шығаруда белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осылайша көрсетілетін қызметтерді халыққа ыңғайлы тәсілмен қолдануды таңдау мүмкіндігін ұсынуға тырысудамыз. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерді тіркеу мен көлікті қайта тіркеуді банк қосымшалары арқылы жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ қазір жаңа туған нәрестелерге жәрдемақыны смартфон арқылы рәсімдеуге болады, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ербол Оспановтың айтуынша, бірлескен қанатқақты жобаны іске асырудың мақсаты – түпкі пайдаланушыға барынша қолайлы жағдай жасау.
– Бұл шара азаматтардың көрсетілетін мемлекеттік электронды қызметтерге деген сенімін арттырады деп ойлаймыз. Өз кезегінде, біз екінші деңгейлі банктермен қызметтердің ауқымын ұлғайту және сапасын жақсарту мақсатында әрі қарай ынтымақтастыққа дайын екенімізді білдіреміз, – дейді ол.
Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына байланысты тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақыға өтінімді Halyk Homebank пен Kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Бұл үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бөліміне кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімді растау қажет. Одан кейінгі қадам – «Баланың тууына жәрдемақы» бөлімін және өтініш берілетін баланың деректерін таңдау. Кейін барлық деректерді тексеріп, ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қоясыз.
Клиент өтінімді жіберіп, оны мемлекеттік орган қарағаннан кейін клиентке PUSH хабарламасы жолданады және өтініштің қарау нәтижесі мен тағайындалған жәрдемақы көлемі туралы SMS жіберіледі. Көрсетілетін қызмет түріне өтінішті бала туғаннан бастап бір жыл ішінде кез келген уақытта жолдауға болады.
«Өтінішті алдын ала ХҚО, электронды үкімет порталы арқылы немесе 1414 нөмірі арқылы SMS сервиспен беруге болды. Бұл қызмет жоғарыда аталған сервистер бойынша көрсетілетін ең танымал қызметтердің бірі саналады және тұрғындар арасында сұранысқа ие. 2021 жылы ХҚО арқылы шамамен 344 134, eGov.kz порталы арқылы 144 751 және «1414» SMS қызметі арқылы 209 351 өтінім берілді. Қазіргі уақытта Halyk Homebank пен Kaspi.kz ыңғайлы сервистерімен интеграциялаудың нәтижесінде 500-ден астам өтінім сәтті қабылданды. Қазіргі кезде көрсетілетін қызметке Kaspi.kz мобильді қосымшасында iOS мен Android қолданушылары үшін және Halyk Homebank мобильді қосымшасында Android қолданушыларына қолжетімділік бар, iOS жүйесінде жақын арада пайда болады» делінген министрліктің хабарламасында.