• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 29 Қазан, 2021

Шекарадан өткендер бақылауда болады

163 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы коронавирус инфекциясының қауіптілігі жөнінен «сары» аймақта тұр. Өңірде жыл басынан бері 29 515 адамның вирус жұқтырғаны тіркелді. Яғни 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 4 468,3 құрады.

Соңғы аптада – қазанның 20-сы мен 27-сі аралығында облыс аумағында 307 адам Covid-пен ауырған. Аурушаңдық деңгейі осының алдындағы аптамен салыстырғанда 4,6%-ға төмендегені байқалды. Қазан­ның 13-19 аралығында 322 сыр­қат тіркелген болатын.

Жалпы, қазан айының басынан бері облыста 1 264 адам­­ға COVID-19 диагнозы қойылған. Науқастардың ішін­де 704 адам ЖРВИ белгі­ле­ріне шағымданып, дәрігерге қаралғанда анықталса, олар­мен қарым-қатынаста болған 326 адамды медицина қыз­мет­кер­лері өздері анықтап, тір­кеуге алған. Профи­лак­ти­ка­лық мақсатта тексе­рілген 222 адам, эпидемия­лық қадағалау мақса­тын­да сынама алынған 12 адам да осы диагнозбен дәрігер бақылауына алынды.

«Коронавирус көбіне 41-60 жас аралығындағы науқастар арасында кездеседі» дейді об­­лыстық санитарлық-эпи­де­миялық бақылау бас­қар­ма­­сы­ның баспасөз хатшысы Әдемі Ғибратқызы.

Соңғы күндері Ресей Феде­рациясы коронавирус инфек­ция­сының таралуы бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Ресейдің бес губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік шекарадан әрі-бері өтетін жолаушыларды қатаң бақылауға алған болатын. 1 қазаннан бері облыс аумағына мемлекеттік ше­карадан COVID-19 анық­та­масынсыз 1 008 жолаушы өткен. Олардан ПТР әдісімен COVID-19-ға тест алынған кезде, 2 адамның тест нәтижесі қауіпті вирус бар екенін көр­сет­кен. Екі ел арасында халық­ара­лық жүк тасымалымен айналысатын 1 825 жүргізуші де осындай тексеруден өтіп, 3 адамда вирус анықталған.

2021 жылғы 1 қазаннан бері Батыс Қазақстан облысында санитарлық-карантиндік ре­­жімді бұзған 103 азамат Ashyq қосымшасын пайдалану нәтижесінде белгілі болды. Атап айтқанда, 87 адам «қызыл» мәртебесімен, 16 адам «сары» мәртебесімен көшеде қыдырып, өзгелерді қауіп-қатерге қалдырған. Осындай заң бұзушылықтар бойынша 2021 жылдың 10 маусымынан бері өңірде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 145 хаттама толтырылып, 6 315 305 теңгеге айыппұл салынған.

Вакциналау корона­ви­рус­­­тың және тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі еке­нін дәрігерлер көптен айтып келеді. Батыс Қазақстан облысында жыл сайын тұр­ғын­­дардың 10%-дан астамы тұмауға қарсы екпе алады. Биылғы 15 қыркүйектен бері облыста тұмауға қарсы жос­пар­лы вакциналау жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджет қара­жатына Ресейде өн­ді­рілген «Грип­пол+» вак­ци­на­сының 68 мың дозасы сатып алынған. Қазірдің өзінде тұмауға қарсы 46 148 адам екпе алды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 6 364 бала, 39 784 ересек адам бар.

 

Батыс Қазақстан облысы