• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қазан, 2021

Жарқын болмысты Жолбарыс би

1698 рет
көрсетілді

Жетісу жұрты биыл Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350 жылдығын атап өтіп жатыр. ХVIII ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүрген Жолбарыс би туралы тарихи деректер оны Тәуке хан заманындағы ел есінде қалған ерекше тұлғалардың қатарына қосады.

Аңызға айналған абыз

Ел аузында даңқты тұлғаның дүниеге келуінен бастап, атқа мінген шағындағы ғұмыры жа­йында аңызға толы әңгімелер бар екен. Соның бірі былай өр­биді. Жылқайдар байдың кенже баласы туғанда ауыл аралап жүрген бір дәруіш сәбидің әке­сіне келіп, «Балаң маңдайы жарқырап туған екен. Ерекше адам болайын деп тұр. Бұл балаға есім беруге асықпа, уақыты өте келе өз атын өзі табады» де­ген. Жолаушының сөзін құп алған әке ұлына 15 жасқа толғанға дейін азан шақырып ат қоймаған екен. Ұл он беске толғанда Жылқайдар бай балаларына енші бөліп бере бастапты. Алайда әкенің мыңғырған малынан әлі де «Әй, бала» атанып жүрген жасөспірімге қу тұяқ та тимепті. Мұның себебін сұраған ұлға әкесі: «Балам, сен дүниеге келгенде жылқымның басы бол­ған шұбар айғырдың үйірін барымташылар айдап әкетіп еді. Сол үйірді саған атаған едім, енді ат жалын тартып мінетін жасқа жеткен кезіңде сол еншіңді тауып, өзіңе қайтаратын уақыт кел­ді...» деген екен. Бұл туралы қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев «Аңыз болып жеткен Абыз» атты зерттеу мақаласында егжей-тегжейлі жазады. «Шұбарды іздеп сапарға шыққан бала күндердің күнінде бір байдың ауылына келеді. Сапарының мән-жайын айтады.

– Мына бала жоқ іздеп жүр екен, біздің өрісте түрі бө­тен мал бар ма? – дейді бай жыл­қышысына. «Ойын баласына жылқы беріп, қай сасқаның» деген жылқышыға сол сәтте «Әй, бала» жолбарысша атылып, қара дәуді алып ұрып, буындырады. Мұрнынан қанын ағызады. Сонда:

– Кінә бізден, осыдан он жыл бұрын шұбар айғыр үйірімен біздің табынға қосылған, – деген бай шұбарды өсімімен алдына салып береді.

Осы оқиғадан кейін «Әй, бала» Жолбарыс атанып кетеді. Аңыздың басы – осы. Бұл ХVІІ ғасырдың соңғы жылдары болатын...» деп баяндайды өлкета­нушы ақсақал өз жазбасында.

Тарихи деректерде Жолбарыс бидің Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай ханмен үзеңгі­лес болып, Жетісу жерін бас­қыншылардан азат ету жолын­дағы күресі туралы молынан айтылады. Түркі дәуірінен жалға­сып келе жатқан әскери тактиканы шебер қолданған батыр жоңғардың 15 мыңға жуық қолына қаша ұрыс салып, ізіне түскен 5 мың сарбазды бөліп әкетіп, Балқаштың нар қамысына қамап, жойып жіберген екен. Сондай-ақ аңызға айналған абыз Қытайға екі мәрте елші де болып барыпты.

– Алматы облысында зерт­теуді қажет ететін, халық болып үлгі тұтатын тарихи тұлғалар өте көп. Солардың қатарында «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» кезеңінде батырлық, шешендік болмысы айшықтала түскен Жолбарыс бидің орны ерекше. Бабамен қатар оның кейінгі ұрпақтарының да түрлі тарихи кезеңдегі өмірі зерттеу­ге тұрарлық. Көп жайттар халық жадында сақтала бермейді. Сон­дық­тан оны аңыз-шежірелер, деректі құжаттар негізінде жаң­ғыр­тып, қайта түлету – біздің парызымыз. Жолбарыс би – ХVІІІ ғасырдың тұлғасы. ХVІІІ ғасыр қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Жойқын жоңғар шапқыншылығына ұшыраған қазақ халқы аласұрып, бұл дағ­да­рыстан аман шығуды ойлап, қайрат-жігер, биік парасат танытқан ірі тұлғалар шоғыры өмірге келіп, артында терең із қалдырды. Сондықтан да қазақ тарихындағы ХVІІІ ғасырды – ел бастаған және қорғаған ұлы билер мен батырлардың ғасыры деп айтуға толық негіз бар, – дейді тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелді.

 

Ерлік пен елдікті ұштастырған ескерткіш

Жолбарыс би Жылқайдар­ұлының 350 жылдығы аясында Талдықорған қаласында еңсе­лі ескерткіш бой көтерді. «Жол­барыс би» қоғамдық қоры­ның қаржысына тұрғызылған ес­керт­кіш облыс орталығының 6-ауданындағы Өнер мектебі орналасқан ашық алаңға қойыл­ды. Құрметті қонақтар ескерт­кіштің лентасын қиып, жабуын түсірген соң, құттықтау тілектер айтылды. Тұғыры граниттен қа­ша­лып, қоладан құйылған ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрден асады екен. Тарихи туындыны Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, журналист, суретші Жанұзақ Мү­сә­пір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Ма­рат Нүсіпов және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Бауыржан Жуасбаевтар жасап шықты. Авторлар бұл туын­дыны жасап шығуға 2 жыл уақытын арнапты.

Салтанатты шараға Қазақстан Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, «Жолбарыс би» қоғамдық қорының төрағасы Омархан Өксікбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Шабдарбаев және облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.

– Елбасының шешімімен Алматы облысының орталығы болған Талдықорғанның қазір өсіп-өркендеген шағына куә болып отырмыз. Оған да биыл 20 жыл толды. Облыстағы іргелі істерге Президенті Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаев зор қол­дау көрсетуде. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында биыл Жамбыл бабамыздың 175, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткіздік, енді Жолба­рыс бидің 350 жылдығын атап өтіп отырмыз. «Жолбарыс би» қорының азаматтары бастама көтеріп, ескерткішті дайындатып, мүсіншілер, құрылысшылар белсене кірісіп, бүгін, міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Талдықорғанның төрінде би бабамыздың ескерт­кіші қойылды. Бұл – өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға үлгі, тәрбие, – деді жиындағы сөзінде Амандық Баталов.

Ал «Жолбарыс би» қоғамдық қорының төрағасы, қоғам қай­рат­кері Омархан Өксікбаев ес­керткішті орнату үшін қорға қаржылай қолдау көрсетіп, бір мыңдай азамат атсалысқанын айтты. Және ескерткішті орна­татын орнын белгілеп берген, рухани демеу болған облыс, қала басшылығына да риза­шы­лығын жеткізді. Сол сияқты үл­кен жұмыс тындырған сәулет­­ші, мүсінші, құрылысшы маман­дарға да алғысын білдірді. Сон­дай-ақ салтанатты рәсімде ел Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, мемлекет және қо­ғам қайраткері Амангелді Шабдар­баев, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев та айтулы шараның тарихты танудағы, рухани жаң­ғы­рудағы рөліне тоқталып, құт­тықтау тілектерін жеткізді. Со­ны­мен бірге әнші, сазгер Ағайша Исағұлова көп­шілік үшін «Жолбарыс бабам» әнін орындады.

Мерейтойлық шара Салтанат сарайында ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.

 Алматы облысы