Қазақстанның тәуелсіздік тарихында ең ірі қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа берілді. Бұл туралы брифингте ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
«ІІМ тергеу-жедел тобы Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасының басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады», деп хабарлады Нұрділдә Ораз.
Оның айтуынша, тергеу барысында 2016 жылдың наурызынан бастап 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында «КУЭСТРА УОРЛД» қаржы пирамидасын құрып, оны құрамына қазақстандықтар тартылған трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында басқарғаны анықталды.
Ол пирамида басшылары салынған соманың 336%-на дейін табыстылыққа кепілдік бере отырып, салымшыларға виртуалды валютаны пайдаланып, құны 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдерді сатып алуды ұсынғанын қосты.
«Бұл ретте тартылған қаражат бір қатысушыларды жаңа салымшылардың жарналары есебінен байыта отырып, өзара қайта бөлінді. Қаржы пирамидасына Қазақстанның мыңдаған азаматтары тартылды. Келтірілген материалдық шығын сомасы 1 млрд теңгеден асты. Қылмыстық іс бойынша төрт адам, оның ішінде бұрын Беларусьтен экстрадицияланған Ресей Федерациясының азаматы жауапкершілікке тартылды», деп атап өтті Нұрділдә Ораз.