Қызылорда облысына әкім боп тағайындалғанына тура бір ай болғанда Қырымбек Көшербаев ел алдында есеп берді. «Қызметке енді кіріскен адам есепті қалай берер екен?» деген сауалды залдағы әрбір адамның көзінен көргенбіз. Содан кездесу басталды. Қырымбек Елеуұлы өткен жылы атқарылған жұмысқа емес, болашаққа бағдар түзгегенін айтты. «Облыс әкімінің іс-қимыл жоспары» атты құжат қабылдап, 2013 жылы атқаратын жұмыстың барлығын сонда топтастырып, оның мерзімді басылымдарға жарияланатынын жеткізді. Осының бәрі күні кеше ғана болған сияқты еді. Оған да бір жыл өтіпті.
Біз бүгін өз мойнымызға алған жауапкершіліктің басым бөлігі орындалды деп сенімді түрде айта аламыз. Қабылданған 175 іс-шараның тек 3-уі ғана белгілі себептерге байланысты дер кезінде орындалған жоқ. Бірақ ол жобаларды қатаң бақылауда ұстап, биыл іске асуына күш саламыз. Ең бастысы, ойға алған жоспарымыз орындалмай қалмайды. Іс-қимыл жоспарындағы 12 жоба бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытындағы 150 іс-шара толығымен атқарылды. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық ахуалын жақсартып, бірнеше маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға жол ашты. Өңір дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер байқалады, деді аймақ басшысы.
Облыс экономикасы шикізатқа тәуелді. Мұнай мен уран өндірісі негізгі табыс көзі болғандықтан, өңір экономикасы халықаралық нарыққа тікелей бағынышты. Өйткені, шикізаттың бағасы тұрақты емес. Біресе аспандап кетеді, енді бірде жер бауырлап қалады. Былайша айтқанда, өз үйіңде қожалық етуге мүмкіндігі жоқ адам сияқтысың ғой. Оның үстіне, Құмкөлдегі кейбір кен орындарында мұнай қорының азайғаны байқалады. Бұл өндірістің қарқын алуына кері әсерін береді. Дегенмен, осындай жағдайдың өзіне қарамастан өнеркәсіп өндірісі 2012 жылмен салыстырғанда біршама артқанын көреміз. Бұл жетістікке өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы қол жеткен. Ал аталған сала алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға артқан. Бір жыл ішінде аймақ экономикасының дамуына 370 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылыпты. 2012 жылмен салыстырғанда инвестицияның 40 пайызға өскенін байқауға болады. Облыс бюджеті он екі айда 39 миллиард теңгеге өскен.
Ауыл шаруашылығы саласында 360 мың тонна күріш жиналды. Бұл соңғы 20 жылда қол жеткізген ең үлкен көрсеткіш болып отыр. Әлеумет күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары мен коммуналдық төлемдердің бағасын бақылауда ұстап тұрмыз. Бір жыл ішінде облыста 100-ге жуық жаңа нысан ашылды. Құрылыс салу көлемі 17 пайызға өсті. Он мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде 8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды, деді Қырымбек Елеуұлы.
Былтыр экономиканы әртараптандыру ісі қолға алынды. Жаңа өндіріс орындарын салып, әлеуметтің әлеуетін арттыратын салаларға басымдық берілді. Сол бойынша индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде аймақта 24 жоба қолға алынды. Бүгінде оның 13-і толық қуатында жұмыс істеп тұр. Облыста шыны, полимер құбырларын, цемент, көліктің қосалқы бөлшектерін шығаратын, қызыл мия өңдейтін зауыттардың құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, металлургия кластерін дамыту – негізгі бағыт.
Күріш өндіру, балық шаруашылығын дамыту үшін арнайы консорциумдар құрылды. Биыл өңірде тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық өнім жиналып, күріш шаруашылығымен айналысатын «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиевтің Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуы сөзіміздің дәлелі.
Елді мекендерге таза ауызсу тарту, газдандыру мәселелері де өз дәрежесінде жүріп жатыр. Бүгінде аймақтағы тұрғындардың 94 пайызы таза ауызсу ішіп отыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырынан Қызылорда қаласына дейін 23 шақырымнан асатын жоғарғы қысымды газ құбыры салынды. Екінші резервті көгілдір отын желісі тартылды. Бұл облыс орталығын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта Сырдарияның сол жағалауына жаңа қала түседі. Астанаға қарап бой түзейтін қала Сырдың қос қапталын жайлап жатпақ. Осы мәселеге келгенде әкім сөзі өте әсерлі шықты. «Сөзімізді Махамбеттің ізімен жалғасақ, біздің қазіргі арманымыз былай өрілер еді: Бойына Сырдың бос жатқан, Қала салсақ деп едік. Көрші-көлем, дос тапқан, Ел қондырсақ деп едік. Бұйыртса, оған жетер күн де алыс емес».
Есепті кездесу соңында тұрғындар әкімге өздерін мазалаған сауалдарды қойып, лайықты жауабын алды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.