Жыл басынан бері 1508 экономикалық құқық бұзушылық анықталған. Оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыс ретінде тіркелді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының бастамалары қалай іске асып жатқанынан хабар беретін «Айтылды – Орындалды» айдарымен берілетін ақпараттың бұл жолғы деректері «көлеңкелі» экономикамен күреске арналды. Президент бұл мәселені биылғы Жолдауында ерекше назарға алған болатын.
«Салық және кеден саласын цифрландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге айтарлықтай көмектеседі. Тіпті, «көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес. Сондықтан Экономикалық тергеу қызметінің жұмысын негізінен «көлеңкелі экономикамен» күресуге бейімдеуді тапсырамын», деген болатын Мемлекет басшысы.
Берік Уәли келтірген дерек бойынша, жыл басынан бері 1508 экономикалық құқықбұзушылық анықталған. Оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады.
«36 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Оның ішінде 27 топ жалған шот-фактура жасаумен, қолма-қол ақша алумен айналысқан және салықтан жалтарған. «Заң бұзу ықтималдығы жоғары тұлғалар реестріне» қолма-қол ақша беруші фирмалармен өзара есеп айырысқан 2,8 мыңнан астам заңды тұлға енгізілді. 1 мыңнан астам компанияның банктегі шоттары бойынша қаржы жұмсау операциялары уақытша тоқтатылды», деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, қаржы пирамидаларының белгілерін алдын ала анықтау жұмыстары күшейтілді.
«Осы арада жалпы мөлшері 4,1 млрд теңге қаржы салу бойынша 30 дерек анықталды. Салық және кедендік басқаруды одан әрі жетілдіруге, қолма-қол ақшасыз төлем жасауды дамытуға, қолайлы бизнес орта қалыптастыруға бағытталған жаңа Кешенді жоспар бекітілді. Соңғы 4 жылдың ішінде еліміздегі «көлеңкелі» экономиканың деңгейі 29 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеді», деп жазды Берік Уәли.