Биыл атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген тұлға мерейтойы Жамбыл өңірінде лайықты деңгейде аталып өтті. Әуелі Тараз қаласында даңқты шопан бейнеленген мемориалдық тақта мен «Ауыл шаруашылығы» сквері ашылды. Оның ашылу салтанатына еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ардагерлер, сондай-ақ Жазылбек Қуанышбаевтың ұрпақтары қатысты.
Еңбек Ерінің құрметіне ашылған сквер «Таразға тарту» жобасы аясында облыстағы ауыл шаруашылығы және ветеринария саласы өкілдерінің қолдауымен абаттандырылған. Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен Жазылбек Қуанышбаев атына көше беріліп отыр. Жиында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңадан ашылған сквердің қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болатынына сенетінін жеткізді. «Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болған Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев есімдері – жас ұрпақ үшін аянбай еңбек етудің, еңбексүйгіштік пен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісі. Олардың есімдері тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте белгілі. КСРО-ның екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, биыл дала академигінің есімі мен мұраларын насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол қаракөл қойының тұқымын сұрыптауға және жақсартуға үлкен үлес қосты. Ол өсірген қаракөл қойы шетелдерде жоғары бағаланды. Жазылбек Қуанышбаев еңбекке деген қабілеті мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің арқасында биік белестерді бағындырды. Ол өзінің тәжірибесін жас шопандармен бөлісіп, балаларды жастайынан еңбекке баулыды. Бүгінгі таңда оның жұмыс тәжірибесін тарату, жас ұрпаққа еңбектегі ерліктері туралы насихаттау – аса маңызды», деді әкім.
Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жиналған көпшілікті құттықтады. «Жазылбек Қуанышбаев қой шаруашылығының дамуына, мал басының өсуіне өлшеусіз үлес қосып, әр жүз саулықтан 130-140 қозыдан алған. Оның қажырлы еңбегінің арқасында сонау құмды өлкеде Қазақстандағы қой шаруашылығының негізгі базасы құрылды. Сол кезде Жазылбек Қуанышбаевтың есімі Одақ аумағында ғана емес, бүкіл әлемге тарады. Қазақ халқының даңқты перзентінің мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр», деді министр.
Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Болат Сатыбалдиев Жазылбек Қуанышбаев туралы естеліктерімен бөлісті. «Жаз-ата бейнеленген барельеф пен саябақтың ашылуы біздің кездің нағыз батырын еске түсіреді. Бұл Жаз-атаға ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының барлық ардагеріне, қарапайым шаруаларға да көрсетілген құрмет деп білемін», деді ол өз сөзінде.
Бұдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Республикалық мал өсірушілер слеті-2021» шарасы аясында өткен конференцияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және Шымкент қаласының, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен аталған жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Конференцияның ашылуында Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын қатысушыларға оқып берді. Президент хатында Жазылбек Қуанышбаев – еліміздің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан даңқты шопан екендігі, көп жылғы ерен еңбегінің арқасында аса танымал тұлғаға айналғандығы айтылған. Сонымен қатар Тараз қаласында даңқты тұлғаға лайықты құрмет көрсетіліп, барынша дәріптеліп жатқанын құптарлық қадам деп бағалап, мұндай іс-шаралар әсіресе жас буынды атакәсіпке адал болуға үндеп, өнімді еңбек етуге жігерлендіретіндігін атап өткен. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев «Еңбек ер атандырады» деген нақыл сөздің «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевқа арнап айтылғандай екенін жеткізді. «Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, облыстың ғана емес, барша қазақстандықтың мақтанышына айналды. Қырқыншы жылдардың басында қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, Жазылбек Қуанышбаев онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды», деді облыс әкімі. Сонымен қатар қазіргі таңда облыста қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында 3 қаракөл қой шаруашылығына бейімделген қожалық ұйымдастырылғанын, осы саладағы жетекші ғалымдармен бірге қойды қолдан ұрықтандыру технологиясы пайдаланылуда екенін жеткізді. Өңірдегі мал саны 4,0 миллион басты құрап, 4,5 пайызға артқан. Ұсақ мал басы 3,7 пайызға өсіп, 3 435,5 мыңға жеткен. Биыл қаржы институттары арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 271,0 миллион теңгеге 29,7 мың бас қой сатып алынған. Жамбыл облысында 2014-2020 жылдар аралығында «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 210,0 мың бас қой сатып алынса, соңғы бес жылда 3,9 мың тонна қой еті экспортталған.
Өз сөзінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде қалыптасқан жақсы негіз және көпжылдық тәжірибенің нәтижесінде коронавирус пандемиясына байланысты дағдарысқа қарамастан салада тұрақты жағдай сақталып отырғандығын атап өтті.
Конференция барысында «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаев, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдірахман Омбаев және Атырау облысынан келген кәсіпкер Назерке Кусесова да өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мәселен, Жигули Дайрабаев қазіргі заманда көпшілік қой бағудың қиындағанын, тіпті тиімсіз болып қалғанын алға тартатынын, өнімнің өзіндік құны төмен болуы үшін жайылым жерлерді барынша тиімді пайдалану қажеттігін айтса, Әбдірахман Омбаев бұл конференция атақты шопанның тәжірибесін насихаттап, таратуға, сол арқылы қой шаруашылығын дамытуға ықпал етуде маңызы зор болатынын жеткізді. Әулиеата өңіріне келген қонақтар аймақтағы оң өзгерістерді, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, облыс басшылығына алғыс білдірді. Конференция барысында «Жалпақ жұрттың Жаз-атасы» кітабының тұсауы кесілді.
Мерейтой аясында Жамбыл облысында Қазақстан малшыларының алғашқы республикалық слеті ұйымдастырылды. Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданында асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарлары мен ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтті. Көрмеге арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жазылбек Қуанышбаев есімінің мәңгі ұмытылмайтынын айтса, министр Ербол Қарашөкеев мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Басқосу барысында мал шаруашылығын, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кең ауқымды мәселелері, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру тетіктері талқыланды. Сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Көрме барысында түрлі аталым бойынша жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Сала ардагерлеріне Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері табыс етілді. «Үздік шопан» аталымының жеңімпазы, Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Сейітбек Дүйсенов мұндай деңгейде малшылардың слеті алғаш рет өтіп отырғанын айтты. Ал Бердібек Сапарбаев шаруа қожалығының озат шопаны мен жылқышысына 15 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл қаржы олардың отбасы үшін тұрғын үй салуға жұмсалатын болады. Сондай-ақ облыс әкімі «Жылы бұлақ Меркі» шаруа қожалығының шопанына «Lada Vesta» автокөлігінің кілтін табыстады.