• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қараша, 2021

Жер мен жыр

563 рет
көрсетілді

«Қайырлы болсын сіздерге, менен қалған мынау Еділ жұрт...» Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» деп басталатын осы толғауының тақырыбын «Қайран Еділ» екен деп ойлап келдік. Елдің жадында сақталып, осы заманға жеткен сөз – ХV ғасырда туған ең көне толғаулардың бірі. Әшейін толғау деуге келмейтін ұлы туынды десе жарасады. Ел айырылған алмағайып кезеңнің бейнесін кейіптеген шығарма жерін тастай көшкен жұрттың зарын да, заңғарлығын да аңғартады.

Аза бойы қаза болып бара жатса да, асқан бір асқақтықпен жырлайды ғой қимастықтың өзін. Кемел ұлттың бала­сының аузынан шығатын сөз, білгенге. Басқасын айтпағанда, жырдағы кісі атта­рының өзі жеке тоқталып, арнайы зерттеп жазатын тақырып деуге тұрарлық. Ақыл­мен білгенге Арқаға ма, Сырға ма көш­песе болмайтынына анық көзі жеткен, бірақ, бәлен атадан бері кіндігінен байланған қонысына қимай-қимай қарай­лаумен, ақыры көшуді ұйғарып, ұзаңқырап бара жатып кері бұрылып, атақонысына соңғы рет бір қарап алып, көз ұшына дейін кетіп қалған көшке қайта шапқан Қазтуған бүтін қазақтың өзі десе болады. Едәуір жер қара үзіп кеткен көшті қуып жетем деп атының басын жіберіп, ауаға жасын жұтқызып жылап бара жатып айтқан сөзі: «Қайырлы болсын сіздерге!». Кім қалай түсінеді мұны? «Азаулының Ыстанбұлдан несі кем» деген ұлттың сол кездегі рухы мен табиғатын әйгілемей ме?

Қазтуғанның осы «Қайран Еділі» мен Асан қайғының «Қырында киік жайлаған» толғауының арасында тарихи байланыс бар ма, жоқ па, біле бермейміз. «Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге, мұнда кеңес қылмадың» демей ме Асан қайғы? Кеңес қылмағаны – тұрақтап отырмағаны. Соған қарағанда екеуінің оқиғасы бір болғанға ұқсайды. Екеуінде де Еділді тас­тап кетіп тұр ғой. Айтпағымыз бұл да емес. Айтпағымыз – қазақ ұраны мен зарына айналған жыр-толғаудың бәрі атамекен, жерімен байланысты. Түптеп келіп жібергенде тарихының өзі осы жырларда тұрғанын айтарға керек.

«Аспанда Көк Тəңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған». Түріктен тарайтын қазақ халқының тарихы бастау алатын ұлы Күлтегін жазуының да негізі жерде жатыр... «Бұлдырап артта қалып бұлаң жас та, Айықпай тұрып алды тұман – бас­та. Аспанда – Көк Тәңірі, Жерде – Халық, Дүниеден түк сезбедім бұдан басқа» (Се­рік Ақсұңқарұлы). Бұл – бүгінгі қазақ жыр­ы. Піл сауырлы қара жерді айтпай кетпейді. Абылай хан Бұқар жыраудан бұл тығырықтан шығудың жолы қайсы дегенде жырау «халықты Жиделібайсынға көшір» дегені айтылады. «Жиделібайсын жерінде». «Алпамыс» жырының әлһамы осылай басталады. Мекеге барып келген үлкен бір атамыз «Көк пен жердің бала­сы боп қалам» депті. Қысқасы, жер – қазақтың ішіне түсіп, психологиясына айналып кеткен ең қасиетті ұғым. Байырғы тілдік қолданысында әлем демей, жер-көк, жер беті атаған. Сондықтан «мен жерде өмір сүрмеймін, жер менде өмір сүреді» деген Мирас Асанның сөзіне осқырына қараудың жөні жоқ.

Алысқа бармай-ақ, қазіргі қазақ ән­ұранын алса да жеткілікті. Шәмші айтады ғой. «Елу тоғызыншы жылы қазақтар: «орыстар біздің жерімізді алып қояйын деп жатыр. Терістіктегі бес өңірді Целинный край етіп, Ресейдің қарамағына қосып ал­мақшы» деген соң, елге патриоттық ұран тастау үшін ҰРАН ӘН жаздым» дейді ұлы Шәмші. Жазғанының ҰРАН ӘН (әнұран) екенін өзі айтып тұр. «Оның сөзін жазған қазақтың өте талантты ақы­ны Жұмекен Нәжімеденов. Радиодан жігіттерге күніне екі-үш мәрте бергізіп қоя­­мыз» деп жалғастырады. Сонда қазіргі қазақ әнұранының өзі жерге байланысты туған болады.

Жырмен жеткен тарих мұнымен де шектеліп қалмайды. «Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік. Жайық үшін жандас­тық, Қиғаш үшін қырылдық, теңдікті, малды бермедік» дейтін Махамбет сөзінің бе­тін ашып, сырына үңілгенде, ұлан-ғайыр кеңістікке тап боласыз. «Қиғаш үшін қырылса, теңдік пен мал үшін» екен. Мұндағы теңдік сөзінің мағынасы – ер­кіндік пен азаттық, мал-жан – ел мен жер­дің дәулеті, ырыс пен несібе. Үлесіңдегі жер бетінде ұлт болып ұйысарға, жұрт бо­лып қоғамдасарға осы екеуі де керек. Демек ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның елдік ұраны бастауын баба танымнан алғанын байқау қиын емес: «Жер, жер және жер! Өйткені жерсіз Отан жоқ! Жер­сіз адам жоқ! Жерсіз мемлекет болмайды!», деді Алаш арысы.

Әдебиеттің ғаламаты да сол, жыр тілінде кестеленген екі ауыз сөздің астарында әлем аунап, замандар алмасып жатады. Осы тұста қазақ тарихында айтпай кетуге бол­майтын екі туындыны ерекше атар едік. Жоғарыда келтірген Қазтуған жыраудың «Қайран Еділі» өз алдына ұлыс болған Қазақ ордасының құрылуының басындағы толғау болса, сол ұлы хандықтың жоңғар шапқыншылығынан ойсырай жеңілген өтпелі кезеңінің азалы күйін шертетін бір шығарма – «Елім-ай» зары.

Бұрын халық әні ретінде айтылып жүрген елдің зары кейінде Қожаберген жыраудыкі делініп жүр. Жоңғар шапқыншылығынан босып кеткен жұрттың зар-наласы. Әннен гөрі азаға келеді. Замананың ащы зары. Және бір ғажабы, мұндай туындыларды көпшілік өмірі есінен шығармайды. Қай уақытта, қандай оқиғаға байланысты туғанын да ұмытпайды. Тура осы сияқты тағы бір толғағы жеткен зардан туған шығарма – «Самалтау» әні. «Атты емеспіз, жаяумыз, Жаяудан да баяумыз. Он бес күндей жүргенде, Омскіге таяумыз» делінетін. Бұл «Елім-ай» мен «Самалтаудың» зары да жерден басталады. Бірі Қаратаудан құ­ла­са, келесісі Самалтауын аңсайды. Ең бастысы, екі туынды қазақ тарихындағы екі дәуірдің тарихынан сыр шертетіндігі. Бірі – жоңғар шапқыншылығы, екіншісі орыс отаршылдығы тұсындағы заманның запыраны, жыр тілінде қалған. Ал Қазту­ған жырымен салыстырса, бұлардың та­би­ғатындағы рух пен мінез туралы сөз – бөлек әңгіме.