Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «ҮЕҰ академиясының» жұмысы қорытындыланды. Биыл наурыз айында үкіметтік емес секторды дамыту мақсатында «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі қолға алған «ҮЕҰ академиясы» жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен басталған болатын.
Жобаның серіктестері болып табылатын ALMAU саясат және құқық мектебі, Астана халықаралық университеті, «Қазақстандық медиация орталығы» ЖМ, SmartCharity қоғамдық қоры, «Белес» талдау және стратегия орталығы» қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін кәсіби тұрғыда оқыту ісінде белсенділер қатарынан табылды. «ҮЕҰ академиясы» жобасы басталғаннан бері жалпы білім беру компонентін игеру, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі және тренерлерге арналған тренингтер өтті. Осылайша, сегіз ай ішінде ел өңірлерінде орналасқан үкіметтік емес ұйымдардың мыңнан астам өкілдері арнайы біліктілік тренингтерінен өтіп, сертификатқа ие болды.
Түлектерді марапаттау салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «ҮЕҰ академиясы» азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды әрі еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар үшін ауқымды жоба екенін атап өтті. Бүгінде тиісті министрліктің қолдауымен ҮЕҰ қоғамдағы рөлі артып келеді. Ал салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби біліктілігі келешегіміз үшін аса маңызды.
Академия жұмысы аясында зерттеулер жасалып, цифрлы бағыттағы, сонымен қатар мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істеу тәжірибесіне көп көңіл бөлінді. ALMAU ректоры Гүлнар Күренкеева үкіметтік емес сектор үшін маңызды жобаның азаматтық қоғамды дамытудағы әлеуетіне, сонымен бірге осы академия аясында қамтылған бағдарламалардың ерекшелігіне тоқталып өтті.
Ал жобаның міндеттері туралы таныстырған жоба жетекшісі Ирина Виговская азаматтық сектордағы білім беру қызметтерінің қажеттілігіне зерттеу жүргізу, ҮЕҰ өкілдеріне қашықтықтан және мобильді оқытуды ұйымдастыру, жаттықтырушыларды оқыту мәселесіне ден қойып, осы бағыттағы міндеттердің барлығы дерлік орындалғанын жеткізді. Оның айтуынша, жоба таяу келешекте азаматтық сектордың әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлік пен азаматтардың өзін өзі ұйымдастыру тетігін күшейтуге, халықтың мемлекеттің экономикалық саясатына деген сенімін қалпына келтіруге, сондай-ақ ҮЕҰ-ның қаржылық, кадрлық, материалдық және материалдық емес ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ И.Виговская Қазақстанда бейімделген оқыту курсы бар мобильді қосымша іске қосылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта ол тестілеу режімінде жұмыс істейді.
Білім беру бағдарламаларын іске қоспас бұрын қандай салаларда білім мен тәжірибе жетіспейтінін анықтауға көмектесетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының да жүргізілгенін атап өткен жөн. Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, сарапшылар оқыту тақырыптарының тізімдемесін жасады. Жалпы білім беру компонентінде әрқайсысы 5 тренингтен тұратын 8 білім беру модулі қарастырылған. Оқыту тақырыптарының қатарына маркетинг және PR, фандрайзинг, жобаларды басқару, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік жобалау және басқалар кіреді. Осы орайда 811 адам арнайы сертификатқа ие болды.
Қазақ және орыс тілдерінде үш лекте ұйымдастырылған «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде оқыту жеке бағытта өтті. Мұнда ҮЕҰ-ның 167 өкілі әлеуметтік маркетинг, қаржылық сауаттылық, тиімді басқару және тағы басқа салалар бойынша заманауи білімді игерді.
«Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік идеясы көптеген алдыңғы қатарлы елдердің саясатында жетекші мәнге ие. Әлеуметтік бизнес елдегі әлеуметтік саясаттың тұжырымдамасы мен көрінісін өзгерту құралына айналуда, әлеуметтік икемділікті, интеграцияны дамытуға, жұмыспен қамтуды ұлғайтып, кедейлікті азайтуға, халықты жандандыруға, қоғамның инновациялық дамуына ықпал етеді. Мұндай жобаны қолдау халықты экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік нақты мәселелерді шешуге тартуға мүмкіндік береді», деді өз сөзінде жоба серіктесі, «Астана» халықаралық университетінің президенті Серік Ырсалиев.
Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша үйлестіруші Зубираш Смағұлова қазақ және орыс тілдерінде үш лекте ұйымдастырылған «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебіндегі білім беру барысына кеңінен тоқталып өтті. Жоба аясында «Тренерлерге арналған тренинг» бағдарламасы – білікті тренерлерді дайындауға және олардың жеке оқыту курстарын әзірлеуге бағытталды. Бағдарлама бойынша 42 қатысушы оқытылды. Тренерлер тәлімгерлермен бірге жұмыс істей отырып, авторлық тренингтерін өткізу мүмкіндігіне ие болды.
«ҮЕҰ академиясының» түлектері жоба аясында қазақ тіліндегі бағдарлама, оқу құралдарының жеткіліксіздігіне тоқталып, алдағы уақытта осы мәселеге кеңінен назар аудару қажеттігімен қатар, салада қаперге алатын мәселелерді атап өтті.
АЛМАТЫ