Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап шетелдегі қандастарды қолдау және отандастарымызды тарихи атамекенімен таныстыру жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуда. Осы мақсатта «Отандастар қоры» КеАҚ пен Jas Qazaq халықаралық жастар клубы бірнеше жыл қатарынан «Киелі Қазақстан» жобасын ұйымдастырып келеді.
Шетелдегі қандастарымызды Қазақстанның тарихи әрі көрнекті жерлерімен таныстыруды мақсат еткен «Киелі Қазақстан» жобасы аясындағы басқосу осыған дейін 3 рет өткізіліпті. Атап айтсақ, қандастарымыз 2018 жылы киелі Түркістанда, 2019 жылы Маңғыстау облысында, ал 2020 жылы Шымкент және Түркістан қалаларында бас қосқан. Биыл аталған шара 11-14 қазан аралығында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті.
Жастар «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында болып, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде серуендеп, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің көркіне тамсанып қайтты. Алматы облысындағы көрікті орындарды аралап болғаннан кейін, Алматы шаһарымен де танысты. Райымбек батыр кесенесін көріп, Республика алаңына барды.
«Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Болат Дидардың айтуынша, биыл халықаралық деңгейдегі кездесуге Түркия, Жапония, Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен 21 қандасымыз келген. «4 күндік экскурсия барысында қонақтарды Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туристік орындарға, табиғатына көз сүйсінер мекендерге алып баруға тырыстық. Сондықтан біздің таңдауымыз облыс бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы мен «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне, Қайыңды мен Көлсай көлдеріне түсті. Жастарға ата қонысының тұмса табиғатын көрсетіп, тарихын түсіндіре алдық деп сенеміз», дейді ол.
Қатысушылардың қатарында Қазақстанға алғаш рет келген жастар да бар. Олар өз сезімдері мен алған әсерлерін жеткізді.
– Мен Түркияның Ыстанбұл қаласынан келген өздеріңіздің Орхун бауырларыңыз боламын. Өзім – Түркияда туып-өскен қазақ баласымын. Осы жоба арқылы Отаныма, атамекеніме келгеніме өте қуаныштымын! Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Замандастарым, отандастарым дүниенің түкпір-түкпірінен келген екен... Басқосу барысында әрқайсысымыз «Елімізге не бере аламыз? Қандай қызмет етеміз?» деген сұрақтың жауабын іздедік. Біз осы мекеннің баласымыз. Алдағы уақытта елге қайтуды жоспарлаймыз, – деді Ыстанбұлдағы қазақ жастарының көшбасшысы Орхун Акдаг.
Ал Токио қаласында тұратын Жадыра Сембіқызы «Киелі Қазақстан» жобасына қатысып жатқанына өте қуанышты екенін айта келіп, «Бізге осындай мүмкіндік жасаған Қазақстан мемлекетіне, «Отандастар қорына» алғысым шексіз. Жоба аясында көзбен көрген керемет жерлер менің Отаныма деген махаббатымды одан сайын арттырды. Қазақтың киелі жерлері көп. Жапония тұрғындары табиғатты қорғау дегенге асқан жауапкершілікпен қарайды. Біздің де осындай әдемі табиғатымыз, көркем жерлеріміз лайықты қорғалса деймін. Себебі бұл ұрпақтан-ұрпаққа қалатын атамекен, аманат. Болашақта мен де Қазақстанның дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосуға ниеттімін. Мен елге көп кешікпей ораламын», деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, жоба аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде қазақ жастары білім, мәдениет пен спорт бағытындағы өз ойларымен бөлісіп, идеяларын ортаға салды. Ал мерекелік кешкі ас кезінде ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың ән-күйлерін орындап, «Қара жорғаға» билеп, бір-бірімен жақынырақ танысты.
Жоба қатысушылары шетелде тұратын білімді, талантты және өнерлі жастар. Мәселен, Түркиядан келген қандасымыз Орхун Акдаг Ыстанбұл қаласындағы жастар ұйымының басшысы, Алия Карбаева мен Сүйініш Хасенов Омбының, Айдана Мырзагулова Орынбордың, Жадыра Сембай Жапонияның, Мереке Боранбаев пен Сүндет Исраилов Өзбекстанның қазақтары және олар өздері тұрып жатқан елдегі жастар ұйымдарының белсенділері.
«Отандастар қоры» және Jas Qazaq жастар ұйымы жыл бойы түрлі байқаулар ұйымдастырып, оның жеңімпаздарына «Киелі Қазақстан» жобасына жолдама берген болатын. Балжан Рзахметова Level Up байқауының, Айболат Базарбек шахмат турнирінің, Ерхулан Жанат киберспорт турнирінің, Темірхан Сергазиев пен Азамат Жүсіпқалиев пікірсайыс турнирлерінің жеңімпазы атанып, жоба қатысуға мүмкіндік алды.
Жоба қатысушыларының арасында қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қандас студенттер, олардың ішінде жас IT маман, журналист, музыканттар мен белсенді блогерлер, магистрантар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның мақсаты – шетелде туып-өскен, тарихи Отаны Қазақстанда бұрын-соңды болмаған отандастарымызға еліміздің киелі жерлеріне баруға мүмкіндік беру. Осы арқылы ұлтымыздың тарихымен, қазіргі қалыптасқан жағдайымен таныстыра отырып, олардың бойында атамекенге деген махаббатын арттыру. Олар әлеуметтік желілер арқылы Қазақстанның кез келген жерін көруі мүмкін. Алайда сол жерлерге бару мүмкіндігі барлығына берілмейді. Осы орайда «Киелі Қазақстан» жобасының әлеуметтік-рухани маңызын ерекше атап өткен жөн.