• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қараша, 2021

Алаш арыстары ардақталды

3569 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік ел» саябағында үш бірдей ескерткіш ашылды. Әрбірінің өзіндік орны мен маңызы бар. Дегенмен «Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш арыстары, яғни тоғыз қайраткердің тұлғасы мүсінделген ескерткіштің орны бөлек. 

Кешенді ескерткіштегі Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулат­ұлы, Мұстафа Шоқай, Мұха­мед­­жан Тынышбайұлы, Жүсіп­бек Аймауытұлы, Мағжан Жұма­баев, Әлімхан Ермекұлы, Жаһан­­ша Досмұхамедұлы мү­сін­­дері орнатылған тұғыр­дың екі жағында 140 Алаш зиялы­ларының есімі таңбаланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Алаш қай­рат­керлері өткен ғасырдың ба­сын­да тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолын­да құрбан болды. Алаш арыс­тарының асыл мұрасын жас­тары­мызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген сөздері де ойып жазылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен қаламгерлер қатысты. Салтанатты рәсімде сөз алғандар меценат Бекет Тұр­ғараев пен жергілікті әкімдіктің үйлесімді ісіне ризашылықтарын білдірді. Алаш идеясы, Алаш ама­наты туралы сөз қозғады. Ұлт­­тық демократиялық мемлекет құру Алаш арыстары ұсынған идея­ның негізі екені де айтылды. Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды жер, жердің асты мен үстіндегі байлық қазақ­­тың игілігіне жұмсалуы, тіл, дін және діл үстемдігі, ұлттық дәс­түр мен тәуелсіз ғылымға негіз­дел­ген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру сынды мақсат біріктірді. Осы мақсат-мұраттардың жолында олар ештеңеден аянған жоқ. Ғалымдар, сондай-ақ Алаш қайраткерлері туған халқын қалай сүюдің, оның мұң-мүдде­сін әртүрлі саяси жағдайларда қалай қорғаудың, Отанға адал және риясыз қызмет етудің тең­дессіз үлгісін көрсеткенін бү­гінгі ұрпаққа үлгі етті. Тәуел­сіз ел боламыз десек, Алаш қағи­даттары мен ұстанымын үлгі етуге шақырды. Еркін ел­дің ертеңі қандай болатыны бүгін­гі­­лердің іс-әрекеттерінен бас­та­ла­­тынын ескертті. Осы бір игі істерге бастамашы болып, ұйым­дастырып жүрген «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайы­рым­дылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Бекет Тұр­ғараевқа алғыстарын жет­кізді. Мысалы, Қазығұрт ауданы­ның әкімі Арман Абдуллаев өз сөзінде Алаш қозғалысы қа­зақ­тың сан ғасырлы тарихын­дағы ең жарқын, ең айбынды оқиға екенін атап өтті. «Ел­басы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында са­лын­ған «Бабалар рухына тағзым» кешенінде Алаш арыс­тары, Асыл ана, Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткіштерінің ашылуы аудан халқының ғана емес, жалпы еліміздің үлкен қуа­ны­шы мен мақтанышы. Біз жаңа дәуірге қадам басып келе жатқан егемен елміз. Бірақ өткенді ұмытпаймыз. Өйт­кені ба­ба­ларымыздың елі­міз үшін атқарған еңбектері ұрпақ­қа өне­ге болып, жастарды отан­шыл­дық рухта тәрбиелеуге тамаша үлгі болып қала береді», деді аудан әкімі. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов тәуелсіздігімізді мәң­гілік ету үшін ел тари­хын терең зерттеу қажет екенін айтып өтті. «Осыдан оншақты жыл бұрын мына төбе ауылдың қозы-лағы жайылып жүретін жота болатын. Ал енді қазір қазақ халқының тарихи-танымдық кешеніне айналды. Еліміздің түкпір-түк­пірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көптеген жұмыс атқарылып жатыр», деді Қ.Айтаханов. Профессор,  Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Озғанбаев биыл Қарағанды облысында Алаш қайраткері Әлихан Нұрмұханбетұлы атын­дағы аудан, Семейде университет ашылғанын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының көптеген мектебіне Алаш қай­рат­керлерінің есімі беріл­генін жеткізді. «Ескерткіш елі­міз­ді бірлікке шақырады. Біз қа­шанда осы Қазығұрттан қайта жан­данғанбыз. Қазығұрт біз­дің киелі жеріміз, біздің жаңғыруы­мыздың бастауы. Сондықтан бұл ескерткіш қашанда жастар­дың әсіресе, білімге, ғылымға ұм­тыл­ған ұрпақтың келіп, тағзым ете­тін, тәлім алатын жері бола­ды. Бұйырса алаштану жал­ға­сады. Алаш болып оянып, Алаш болып жүруіміз керек, 24 саға­тымыз жауапкершілік болуға тиіс. Бұл ескерткіш соған ша­қырып тұр», деді филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қам­забекұлы. Сонымен бірге осы күні «Анаға тағзым» және Қажы­мұқан Мұңайтпасовқа арналған ескерткіштердің де ашылу салтанаты өтті. Даңқты балуанның 150 жылдығына арналған ескерткішке және ананың мейірімі суреттелген өнер туындысына қонақтар оң бағасын берді. Белгілі ақын, жазушы Нармахан Бегалиев күш ат­асы Қажымұқан Мұңайтпасов ес­керткішінің маңызына тоқ­та­лып, осы игі істі жүзеге асыр­ған Бекет Тұрғараевқа «Қажы­мұ­қ­ан қағанаты» кітабын тарту етті.

Ал Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универ­ситетінде өткен «Алаш ру­ханияты және тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар Алаш қозғалысы, ұлт­тың ұлы тұлғалары – Алаш­­тың қайраткерлері, саяси қу­ғын-сүргін, ашаршылық зардаптары терең зерттеліп зерделенген баяндамалар жасады. Конференцияның пле­нар­­лық мәжілісін «Жеті жар­ғы және Қожаберген жырау» ха­лық­аралық қоғамдық қайы­рым­дылық қорының төр­ағасы Б.Тұрғараұлы мен тарих ғы­лым­дарының докторы, про­фессор, академик, М.Әуезов атын­дағы ОҚУ басқар­ма төр­ағасы – ректоры Дария Қожам­жарова ашты. Конференция жұмы­сы­на ҰҒА академиктері, сондай-ақ академияның корреспон­дент-мүшесі, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, облыстың және қалалық маслихаттың депутаттары, Шымкент қаласының, Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары қатысты. «Ке­шегі өткен арыстарымыз «Оян қазақ» деп ұран салып, сол жолда еңбектенсе, бүгінгі ұлт зиялылары «Ойлан қазақ» деп, жаһандану заманында ұлт­тық болмысымызды жоғалтып, ұрлатып алмай, ата-баба дәс­түрін сақтай отырып, заман тала­бы­на сай өсіп-өркендеуіміз жай­лы ұлағатты ұсыныстар ай­тып келеді. Тарлан тарихшылары­мыз мұрағаттардағы сарғайған құжаттарды зерделеп, зерттеп, тарих шындығын ашып, халықтың санасына сәу­ле түсіріп, өткеннен сабақ алып, болашағымызды дұрыс ба­ғам­дауға қажырлы қайрат­кер­лік қызмет атқаруда. Ашар­шы­лық жайлы мәселе көтеру егемендіктің қадірін терең түсі­ну және тарихтан тағ­лым алу үшін де қажет. «Та­рих­­ты дау­рықпа дау үшін емес, да­мыл­сыз даму үшін пай­да­лану­­дың маңызы зор» деген Пре­зи­дентіміздің тарихшыларға қара­тып айтқан қағидасының мән-маңызы осыны меңзейді. Хал­қымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдары­мыз ға­на ашып, дәлелді түрде жет­кі­зе алады. Тарихқа қатыс­ты қо­ғам­­дық ой, ғылыми пікір­ге не­гіз­делуі керек. Халқы­мыз­да «өлі разы болмай, тірі байы­май­­­ды» деген бар. Яғни ХХ ға­­­сыр­­дағы ашаршылықтың қу­ғын-сүр­­гін­нің, одан өзге де оқи­­ға­­лардың орнын анықтау қа­жет. Сонда ғана біздер өткен ға­сыр­дың бұрмаланған тұстарын ашып айтып, аруақтар алдында ар та­з­а­лығымызды сақтаймыз. Біз ғы­лыми ортаға алып шығып отыр­ған Созақ көтерілісі жайлы алпыс жыл ауыз ашпай кел­дік, тек Тәуелсіздік тұсында ғана там-тұмдап айтыла бастаса, міне, 30 жылдық ұлы мерекеміз­дің қарсаңында, тарихтың тар кезе­ңін кеңінен талдауы­мыз­ға Мемлекет басшысының үндеуі жол ашып берді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуінде Президент: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау ар­қылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қи­лы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың пер­зенттік борышымыз», деді. Шындық пен әділдік тамырлас ұғымдар. Әділдіктен ауытқып, шындықты қанша бұрмаласаң да, тарих таразысы ертелі-кеш бәрінің бетін ашып, өз орнына қоятынына көз жеткізіп келеміз. Осы жолда еңбектеніп жүрген тарихшыларымыз бен ізденушілерімізден күтеріміз мол және олардың еңбектеріне ерекше баға беріп, оларға мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан материалдық және моральдық қолдаудың қандай түрі болса да көрсетілуі тиіс деп есептейміз», деді конференцияда Бекет Тұрғараев. Конференцияның қорытынды резолюциясында жасалған баяндамалардың комиссия жұмысының назарына алынуы, ХХ ғасырдың басындағы Орталық Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстар, ұлттық мемлекет құру идеяларының тоғысындағы «Алаш» партиясының рөлі, маңызы, мемлекет құрудағы тәжірибесін «Әлемнің қазіргі заман тарихы» пәніне енгізу, «Бабалар рухына тағзым» ке­шенінде ашылған «Алаш арыс­тары» ескерткіші және «Созақ қасіреті мемориалын» ашық аспан астындағы мемлекеттік музейлер мен ескерткіштері тізбесіне енгізу сынды бірқатар ұсыныс қамтылып, Үкіметке конференцияның ұйымдастыру комитетіне жолдау жөнінде шешім қабылданды.

Сондай-ақ игі іс Созақ ауданында жалғасын тауып, «Созақ қасіреті» мемориалы ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ашыл­ған мемориал өткен ғасырдың 30-жылдары еліміздегі ашар­шы­лықта және Созақ көтері­лісінде құрбан болған мыңдаған шейітке арналған. Созақ ауыл округіне кіретін күре жол­дың бойындағы «Жастар» сая­бағында орнатылған мемориал демеушілер көмегімен салынған. Ұзындығы 8 метр болатын мемориалда Созақ қасіреті жайлы толық мағлұмат беретін көк тақта қойылған. Алдына көтеріліс пен ашаршылық деректері жазылған ескерткіш орнатылған. Ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, тарихымыздағы маңызды оқиғалар ұрпақ санасында қалатынын, еліміз үшін Созақтың орны ерекше екеніне тоқталды. Академик Мәмбет Қойгелді, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универ­си­теті­нің профессоры, тарих ғылым­­дарының докторы Талас Омар­беков және тағы басқа ел аза­мат­­тары бұл бастамаға жоғары баға берді. Айта кете­лік, игі істі ұйым­дастырып, де­меу­­ші­лік жаса­ған­дар қата­рын­­да Орынбек Ібі­жанов, Бекет Тұр­ғараев, Сексен­бай Тұрыс­беков сынды тағы басқа қадірлі ел азаматтары бар.

 

Түркістан облысы