Қабырғасы қаусап тұрған балабақшаның ғимаратында қазақ балаларының білім алып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Сыныптары қараңғы, суық. Орта мектептің ғимараты санитарлық талаптарына мүлдем сай емес.
Іргетасы жетпісінші жылдары қаланған Жаңа Бұқтырма кентіндегі бұл ғимараттың жарамдылық мерзімі өтіп кеткелі қашан?! Соның өзінде Президенттің 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасына ілінбей қалған.
Кірпіштері үгіліп, іргесі сөгіліп, терезелері целлофанмен қапталған ғимараттың төбесінде көк байрағымыз желбіреп тұрғаны болмаса, мектеп деп ойламайсыз. Иә, бұл – Тәуелсіз елдің ұрпағы білім алып жатқан №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебі. Ішіне енсеңіз, көгерген иіс қолқаны қабады. Дәлізінен екі адамның сыйысып өтуі мұң. Сынып іштері ала көлеңке. Әдетте, терезеден жарық оқушыға сол жақтан түсуі керек болса, мұнда көмескі шам ғана сәуле шашқан болады. Спорт залы аядай ғана. Оқушылар дене шынықтыру пәнінде 500 метр жердегі спорт мектебіне барады. Терлеп-тепшіген олардың жиырма минуты жолға кетеді. Күрк-күрк жөтеліп, жиі ауырып қалатындары да сондықтан. Оның үстіне көлігі сабылысқан орталық көшені қиып өтеді.
Бұрында оқушылар аралас мектепте оқып келіп, 1997 жылы орыс сыныптарына жаңа мектеп салынып берілген. Ал қазақ сыныптарын балабақшаның ескі ғимаратына көшірген. Бүгінде қазақ мектебінде 135 оқушы білім алып жатыр. Ата-аналардың айтуынша, жаңа мектеп салынса, бала саны артқанның үстіне артады. Себебі көпшілігі балаларын амалсыздан орыс мектебіне беріп отыр. Алайда аядай мектептің оқушылары білімді, өнерлі, тәрбиелі. 2018 жылы екі оқушы «Алтын белгімен» тәмамдап, екеуі де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне грантқа түскен. 2019 жылы бір «Алтын белгі» иегері шыққан. Ал биылғы түлектердің екеуі «Алтын белгі», екеуі «қызыл» аттестат алған. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа нәтижесі 113 балл болса, жоғарғысы – 130 балл. Мектеп ұстаздарының айтуынша, ауданның басқа мектептерінде мұндай жетістік жоқ. Өкініштісі сол, тәрбие мен білімді бойына қатар сіңіріп келе жатқан қаракөздеріміздің өзге мектептерге қызыға қарауында. Шерхан Мұртаза айтқандай, бұл – дағы бір кем дүние шығар.
– Республикалық байқауларға қатысып жүргендіктен, басқа мектептерді көреміз, қызығамыз. Мектебіміздің қандай күйде екенін көріп отырсыздар. Бір сыныпта 15 бала отырсақ, тақтаға жазған жазуына көз жетпейді. Тақталарына дейін тозған. Мұғалім жасаған көрнекіліктерін көрсету үшін компьютер, интерактивті тақта болса ғой. Киім ілетін жеріміз де жоқ. Асханадан тамақ ішейік десек, шағын ғана бөлме. Арманымыз – жаңа мектеп, – дейді 9-сынып оқушысы Диана Домай.
Рас, қыл аяғы киім ілетін жерлері де жоқ. Өркениеті дамып кеткен мынау заманда көздері жәудіреген оқушыларды жұпыны мектепте оқытып отырғанымыз – елдігімізге сын. Осы уақытқа дейін тұрғындар неге бұл мәселені көтермеген десек, мінберден талай айтылыпты. Айтылғанымен, мәселенің ұшын шығарған азаматтардың соңына шам алып түсу, қудалау сынды әрекеттер жасалған көрінеді. Иә, бұл әдеттен әлі арыла алмай келе жатқанымыз тағы шындық. Сол үшін де көбі ашық пікір білдіруден бас тартты. Керісінше, ұрпақ болашағы үшін деп батыл пікір айтқандар да болды.
– Жұмысқа алғаш келген жылдары мектептің жағдайы бұдан да қорқынышты болған. Десе де, ескінің аты – ескі. Ата-аналар жиналып 2001 жылдары министрге хат жазған. Нәтиже болмады. Кейін Бердібек Сапарбаев облыста әкім болып тұрғанда проблемамыз жиында айтылып, жаңа мектеп салуға жер бөлген. Жобалық-сметалық құжаты жасалған. Шыны керек, қазіргі облыс әкімін көргеніміз де жоқ. Б.Сапарбаев кентімізге бір емес, үш рет келді. Мектептің жағдайын өз көзімен көріп, жедел түрде жаңа мектеп салу керектігін айтқан. Содан 2015 жылы мектеп салынады деп қуандық. Бекер екен. Ескі мектепті өзіміз әрлеп, жөндеп отырмыз. Мұғалімдер бір кабинетке 45 минут сабақ беруге кіріп, тоңып шығамыз. Ал балалар алты сағат тапжылмай отырады. Аяқтарынан суық өткен қыздардың тең жартысы ауырады. Мәселені тағы көтерейік десек, аузымызды жауып отырды. Шыдамымыз шегіне жеткен соң, міне, сөйлеуге мәжбүрміз, – дейді №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің мұғалімі Анаргүл Дүрімханқызы.
Тағы бір мәселе, оқушылардың кейбіреуі 5-6-сыныптан соң гимназияға, 9-сыныптан соң колледжге кетіп қалады. Биылдың өзінде 9-сыныптағы 16 баланың оны кеткен. Он оқушының сегізі грантқа түсіпті. Бұл дегеніміз – алған білімдерінің айнасы, ұстаз еңбегінің ақталғандығы.
– Мектепте кадр тапшылығы жоқ. Мұғалімдер білімді, білікті. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген жас мамандарға баспана да беріліп жатыр. Алайда мектептің тарлық етіп отырғаны жасырын емес. Ата-аналар үлкен балаларын кішкентай жерге қамағысы келмей, қалаға колледжге қоя береді. Мектеп – 11 сыныптық. Балалар колледжге кетіп қалып жатыр дегенімізбен, жалпы оқушы саны артып келеді. Маңайдағы ауылдардан да келіп оқиды, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген ұстаздардың бірі.
Айтқанындай, Бұқтырма стансасы, Березовка, Октябрск, Селезновка, Сажаевка ауылдарынан келіп оқитын оқушылар да бар. Әйтеуір оларды арнайы автобус тасымалдайды. Жалпы, Алтай ауданында қырықтан астам мектеп болса, үшеуі қазақ мектебі екен. Оның біреуі – Алтай қаласының өзінде, екіншісі – осы Жаңа Бұқтырма кентінде, үшіншісі – Серебрянск ауылында.
– Қазақ мектебі – кентіміздегі қара шаңырақ. Мұнда екі балам оқиды. Тәрбие мен білімді жақсы береді. Өнерлі бала көп. Ұйымдастырған концерттерін көргіміз келеді, барайық десек, орын жоқ. Мысалы, орыс мектебінде екі спортзал бар, қазақ мектебі болса, бір спортзалға жарымаған. Осының бәрін көріп жүрген соң үшінші баламды орыс мектебіне бердім. Амалдың жоғынан. Бұл – менің ғана сөзім емес, осы мектептің ата-аналарының жанайқайы. Қазақстанда тұрғанымызбен, қазақ мектебінің кейпі мынау. Тыңғылықты қарап, жоқтан бар жасап отырған соң ғана мектеп тұр. Терезесі тең, қабырғасы кең, шаңырағы биік мектеп болса, орысшаға баратын балалардың жартысы қазақ мектебінің табалдырығын аттар еді, – дейді ата-аналар атынан пікір білдірген Эльмира Қажымұратқызы.
Материалдық-техникалық базасы заман көшінен кейін қалған мектепке кешенді жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, 97 млн теңгеге шыққан екен. Алайда бұл ақша бөлінбеген. Пікір білдірген азаматтардың жанайқайы, көтерген мәселелері орынды. Ал аудан басшылығы не дейді?
– 1970 жылы қолданысқа берілген балабақша ғимаратында сонымен қатар, Халыққа қызмет көрсету орталығы, кент әкімдігі және музыка мектебі отыр. Ғимарат пайдалануға берілген жылдан бастап күрделі жөндеу жасалмаған. Ал 130 орындық қазақ мектебін салу 2011-2020 жылдар аралығындағы жоспарда болған. Құрылыс жүргізуге жер актісі де алынған. Облыстық құрылыс басқармасы 2015 жылы тапсырыс беруші ретінде қаржы бөлу жөнінде өтініш жасағанымен, қаржы бөлінбеді. 2016 жылы жобалық-сметалық құжаттың пайдалану мерзімі өтіп кетті, – дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.
Айта кетерлігі, Жаңа Бұқтырма кентінде іргесі 1962 жылы қаланған 180 орындық типтік мектептің ғимараты «Балалар-жасөспірімдер мектебінің» теңгерімінде бос тұр. Нақтырақ айтсақ, мектептің спортзалы және бірқатар кабинетті ғана пайдаланылады. Бірақ ол мектептің табалдырығынан төріне дейін күрделі жөндеуден өтуі керек. Аудан басшылығының берген мәліметіне сүйенсек, күрделі жөндеуге 29 млн 169 мың теңге қаражат қажет көрінеді. Өкініштісі, облыстық Білім басқармасы бұл соманы бөлуге құлық танытпаған. Себебі Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде қазіргі мектепке, дұрысы балабақша ғимаратына ағымдық жөндеу жүргізу үшін 10 млн теңге қаржы бөлініпті. «Ескіні жөндесең есің кетеді» деуші ме еді, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы 10 млн теңгемен ескі ғимараттағы оқушыларға, мұғалімдерге лайықты білім сыйлап, жағдайды өзгерте алмас. Керегі – жаңа мектеп.
P.S.: 2021 жылы облыстық Білім басқармасымен жаңа мектептер салу жөнінде тізім жасалған. Құрылыс Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Ондағы негізгі талаптарға көз жүгіртсек, оқушыларға орын жетпесе, үш ауысыммен оқыса немесе мектеп ғимараты апаттық жағдайда тұрса, жаңа мектеп салынады екен. Ал №1 Жаңа Бұқтырма мектебі жоғарыда аталған талаптардың біріне де жатпайды. Алайда мектеп санитарлық талаптарға сай емес, техникалық базасы жеткіліксіз, тағысын тағы.