Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ішкі істер органдарының қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Соның бірі әрі ауқымдысы – полицияның сервистік моделін құру. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше өңірінде бұл модель қанатқақты жоба ретінде қолданылып келеді. Жолдау жүктеген міндет бойынша биыл оның ауқымын кеңейту мақсаты тұр.
Полицияның сервистік моделі дегеніміз не? Ішкі істер органдары қызметіне бағытталған жаңа көзқарас неден басталады? Елімізде өткен жылдан бастап енгізілген модельдің артықшылығы қандай? Полиция қызметінің жаңа тәсілдері туралы сөз қозғалғанда көптің көкейінде тұратын сұрақтардың бір парасы осылар. Ең бірінші айта кетерлік жайт, сервистік модель жұмысының нәтижелілігі көбіне-көп жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болады. Себебі полиция қызметінің жаңа тәсілінің табысы алдымен қоғам қолдауына, азаматтық қауымдастықтың белсенділігі мен жергілікті биліктің ықпалдастығымен сабақтасып жатыр. Яғни Президент айтқандай, жергілікті билік органдары полициядағы жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, оларға қолғабыс етуге тиіс.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк сервистік модельдің негізі қауіпсіздікті нығайту екенін айтады. ІІМ өкілі бұл процестегі ең бастысы – ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысындағы идеология мен мәдениетті өзгерту екенін де ерекше атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде сервистік тәсілдерді енгізу елімізде алғаш рет Қарағанды қаласында өткен жылдан бастап қолға алына бастаған-ды. Осыған ұқсас жобалар биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Атырау облыстары мен Алматы қаласында іске қосылады. Ал жақын арада жаңа жоба еліміздің барлық өңірінде енгізілмек.
«Сервистік модельге көшу – қазақстандық полицияны реформалаудың маңызды кезеңі. Азаматтық қоғамның қажеттіліктеріне бағытталған жобаны қарастыру кезінде министрлік әлемдік жетекші тәжірибелер мен олардың сервистік модель элементтерін енгізу кезеңдерін зерделеді», деген ведомство қызметкері Ұлыбританияның полиция жұмысын дәстүрлі тәсілден сервистік қызметке ауыстырған алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті.
Алайда британиялықтарға бұл модельге көшу үшін 50 жылдан астам уақыт қажет болды. «Біз сондай-ақ 2005 жылы полициясына түбегейлі реформа жүргізген Грузияның тәжірибесін де қарастырдық. Грузин реформасы халықтың полицияға деген сенімін 90 пайыз жоғарылатумен оң нәтижеге қол жеткізгенін көпшілік жақсы біледі», деді ол. Әрине, қанатқақты жобаны зерттеп, зерделеу кезінде шетелдік тәжірибеден бөлек жергілікті халық пен отандық сарапшылардың, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің пікірлері мен ұсыныстары да ескерілді. Өйткені дәл осындай алдын ала жоспарланған жұмыс қана отандық сервистік модельді дамытудың негізгі тәсілдерін түзуге мүмкіндік берді.
Сервистік полицияда тәртіп сақшыларының идеологиясы мен ұйымдастырушылық стратегиясы халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған. Жаңа қызмет тәсілінде қоғаммен серіктестікке баса көңіл бөлінеді. «Яғни бұл – қоғам қауіпсіздігі моделінің элементтерінің бірі деген сөз. Оның негізі құқық тәртібі саласындағы проблемаларды қоғаммен бірлесіп анықтау және оларды шешу үшін мемлекеттік институттардың азаматтармен тұрақты әріптестік қатынастары болып табылады», дейді бұл жөнінде А.Милюк.
Айта кететін бір жайт, әлемде сервистік полицияның бірыңғай моделі жоқ. Алайда ортақ қағидаттары бар. Олар – танымалдылық, қолжетімділік және ашықтық. «Дәстүрлі және сервистік модельдің негізгі айырмашылығы неде?» деген сұраққа келер болсақ, алғашқысында полиция жұмысының басты мақсаты қылмысқа қарсы күреске бағытталған. Яғни жедел жұмыс стилі негізінен құқық бұзушылықтарға жауап беру болып табылады. Дәстүрлі полицияның негізгі объектісі қылмыс пен құқық бұзушы болса, басты көрсеткіштері – салған айыппұл көлемі, қамауға алу мен айыптау түріндегі жазалау шараларының саны. Ал сервистік модельде құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қауіпсіздік мәселелерін шешуге баса көңіл бөлінген. Бұл жерде ең бастысы – халықтың өзін қауіпсіз сезінуі. Басты назарда – азаматтар мен қауымдастықтар тұрса, тиімділік көрсеткіштері – қауіпсіздік сезімі, полицияға деген сенім, халықтың өмір сүру сапасы, қылмыстың сандық көрсеткіштері.
Сервистік модельге толық көшуге қазақстандық полиция қаншалықты дайын? Көпті мазалаған бұл сұрақты ІІМ өкіліне қойғанымызда А.Милюк: «Жаңа сервиске көшу үшін бізде жалпы құқықтық және ұйымдастырушылық негіз бар. Кодекстер, салалық заңдар, соның ішінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы» секілді заңдар қабылданды. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік және қоғамдық институттар жұмыс істейді. Орталық, өңірлік және аудандық деңгейлерде құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар құрылды. Еліміздің барлық аймағында жергілікті полиция қызметінің бөлімшелері бар», деп жауап берді.
Ал бұл процестегі ең бастысы – полиция қызметкерлерінің мәдениетін өзгертуді неден бастауымыз керек? «Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, қарапайым бір мысал келтірейін. Мысалы, Ұлыбританияда полиция қызметкерінің кез келген азаматпен алғашқы диалогы «Мен сізге қандай көмек көрсете аламын?» деген сұрақтан басталады. Бұл сұрақ алдағы қарым-қатынастың дәрежесін түбегейлі өзгертеді және сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Сондықтан да болар қоғамда «Егер Лондонда жүргенде сізге полиция қызметкері кездессе, өзіңізді қауіпсіз сезінуге толық негіз бар. Сондай-ақ өзіңізге қажетті кеңесті ала алатыныңызға сенімді болыңыз» деген пікір қалыптасып қалған. Қазіргі таңда біз өз қызметкерлерімізді дәл осындай бағыттағы мәдениетке бағыттап келеміз. Себебі, өкінішке қарай, бізде полиция қызметкерлерінің азаматтармен әңгімесі ә дегеннен шағым айтып, талап қоюдан басталады», дейді ол.
Әкімшілік полиция комитетінің өкілі жаңа жұмыс тәсілі халық пен полицияның өзара қарым-қатынасының жаңа форматы екенін айта келіп: «Шетелдік озық тәжірибе бұл процеске дайындық түрлі сервистік элементтерді тестілеуден басталатынын көрсетіп отыр. Сондықтан біз қауымдастықты, сондай-ақ түрлі салалардың жетекші мамандарын тарта отырып, тиісті қанатқақты жобаларды іске қостық. Жергілікті полиция қызметінің тәжірибесінде модельдің жекелеген элементтерін тестілеу бойынша бір-бірін толықтыратын пилоттық жобалардың екі нұсқасы іске қосылды. Біріншісі, жеке қызмет көрсету. Яғни бұл полиция қызметкерлерінің өтініш берушілермен, жәбірленушілермен және құқық бұзушылармен сапалы жұмыс жүргізуіне бағытталған. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, бұл қоғамның полицияға деген сенімінің негізгі драйвері – қызметкерлермен жеке байланыстың сапасы. Ал екіншісі, ұжымдық қызмет – қауіпсіздік проблемаларын анықтау және шешу мақсатында полицияның қоғаммен, жергілікті билік органдарымен тізе қосып, бір бағытта жұмыс істеуі дегенді білдіреді», дейді. Жыл соңына дейін жоба еліміздің барлық аймақтарында енгізіліп, толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Демек, алдағы уақытта жергілікті полицияны басқару жүйесі мен қызметкерлердің жұмыс әдістері түбегейлі өзгереді деген сөз.
Рас, егемендіктің 30 жылы ішінде елімізде полиция қызметін бағалаудың өзіндік өлшемдері қалыптасты. Бұдан бөлек, соңғы онжылдықта құқық бұзушылықтарды анықтаудың статистикалық деректері негізінде ғана жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын сүзгіден өткізудің орнықты тәжірибесі қалыптасты. Алайда сервистік полицияның жұмысын бағалау мүлде басқаша. Бұл жерде ашылған қылмыстың саны, құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіші емес, оның жолын кесу, қарапайым жұртқа көмек көрсету мен халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болу алдыңғы қатарға шығады. Қысқаша қайырғанда, мәселенің мәні полиция қызметкерлерінің ой-санасындағы терең өзгерістерде, сондай-ақ полицияның ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың барлық басқару деңгейіндегі жұмысты ұйымдастыра білуінде жатыр.